Ғалым, фольклор зерттеушісі Мардан Байділдаев хақында бір үзік сыр
Ежелгі шығыс даналығында «ұстаз» ұғымын жіктегенде: тәлім ұстаз, тәрбие ұстаз, сабақ ұстаз,іліми ұстаз, рухани ұстаз деп таным баспалдағының деңгейіне сай тақталап, өлшемдей айтылса керек... Бұл қағидатты Бұхари-Шарифте білім алған көнекөз қариялардың аузынан балалық шағымызда жиі еститінбіз. Ілім мен білімнің көркейіп, кемелденер тұсы да ұстаз бен шәкірттің ұстанымына байланысты екенін көкірегімізге түйіп өстік...
1976 жылдың шілде айы. Армия қатарынан оралып, Қармақшы ауданының Жаңақала совхозындағы ауа райын бақылайтын «Қарақ» стансасында жұмыс істеп жүргенімде аудандық комсомол комитетінен шұғыл шақырту алып орталыққа келдім. Айтылған уақытында кабинетке кірсем стол басында екі адам отыр екен. Сәлем беріп шақыртумен келгенімді айттым. Бірі өзіме таныс аудандық комитеттің нұсқаушысы Тұрсынбек Бекпанов, екінші кісі таныстыруды күтпей-ақ шалт қимылдап, орнынан ұшып тұрып:
– Айналайын, аман-есен жеттің бе? Мына жерге отыр! – деп өзіне қарама-қарсы орындықты нұсқады. Қаршығадай қараторы кісі бірден әңгімесін бастап жіберді:
– Менің аты-жөнім – Мардан Байділдаев. Алматыдағы Ғылым академиясының қызметкерімін. Жаңақаладан келсең мына кісілерді білесің бе? Олжабай Жүргенов, Машарап Әлиев, Орақ Дәнекеров, Әбдіқалық Үмбетбаев... – деп тізбектей жөнелді. Қызметі мен отбасы мүшелеріне дейін сұрап отыр. Кілең жыраулардың тізімі. Бұл кісіге таң қалдым...
– Білсең, ол кісілердің жай-күйі қалай? – деп жедел сұрақ қойды.
Өз кезегімде: – Ол кісілерді толық танимын. Олжабай жыраудан өзгесі аман, жұмыстарында. Барлығы да өзіме ұстаз кісілер, – деп тоқтадым.
Ол кісі қойнынан бір жапырақ қағаз алып, одан әрі: – Өзіңнің аты-жөнің Алмас Алматов, 1956 жылы туғансың. Әкең Нұрмахан 1900 жылғы, былтыр қайтыс болған, анаң Төлеу Төремұратқызы. Өлең айтуды он үш жасыңнан бастапсың. Ұстаздарың жоғарыдағы кісілер, – дей келе: – Ал, айналайын, оқуың керек! Бүгін Ақжардағы Көшенейдің үйіне барып анасына сәлем беріп келе жатырмын. Ол кісі баласының қайғысына шыдамай: «Мардан, Көшенейді оқытамын деп жүріп сен өлтірдің! Ауылда жүре бергенде тірі болатын еді!» деп күйзелді. Барлық іске мұрындық болған өзім едім... Алматыда академияға жұмысқа алдырып, одан Москваға аспирантураға жібердік. Сонда жүргенде 27 жасында электр пойызы қағып кетіп, 1973 жылы наурыз айында қапыл қайтыс болды... Інісі Бидасқа анасы домбыра тартқызбай қойыпты. Қайтеміз, тағдырдың жазуы да!? Ізінде ұрпақ қалды, жетілер... «Өлгеннің артынан өлмек жоқ», өмір солай құрылған, айналайын. Енді өзің секілді талапты жастар Көшенейдің бастаған жұмысын жалғастыруың керек. Болашақта жыраулардың мектебін ұйымдастырып, жоғары оқу орнында оқуына қол жеткізу Көшенейге міндеттеген тапсырмамыз еді. Өмірі қысқа болды. Отбасыңмен, анаңмен кеңес. Мынау менің Алматыдағы телефоным, мекен-жайым, хабарлас! – деп қолыма бір жапырақ қағаз берді. Сол күннен бастап Мардан ағамызды өзіме ұстаз тұтып, ізіне ердім...
Ғұлама ғалым, фольклор зерттеуші, ұлт жанашыры Мардан Байділдаев: «1926 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққошқар ауылында дүниеге келдім» деп жазады өз өмірбаян дерегінде. Бұл кісінің шын мәніндегі өмір соқпақтары қазақ халқының тағдыр тауқыметіне толы 1920-1930 жылдардың өзегімен өріліп жатады.
Бірде «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі Әділхан Бәйменов ағамыз жолығып: – Алмас! Сен Мардан ағаңмен хабарласшы. Маған айтқанына да бірталай болып еді, – деді.
– Ол кісіге бірдеңе болды ма? – деп қарсы сұрақ қойдым.
– Ағаң науқасқа шалдыққан секілді. Өзің барып қайтқаның дұрыс! – деп кеңесін берді. Жедел жолға шығып кеттім.
Алматыға түскен бойда өзіміздің кеңес ордамыздай болған Пушкин көшесіндегі №29 үйдің есігінің қоңырауын бастым. Алдымнан Гүлістан апай шықты. Асхана бөлмеге барып апайдан бар жағдайды білдім... Айта беретін науқас... Біздің күбір-күбірімізді естіп, өз бөлмесінен Мардан аға шықты. Үстіндегі киімі мен басындағы тақиясы да кеңейіп кеткендей көрінді. Сәлем бердім.
– Ал, айналайын, қош келдің! Қазір Бекарыстан да келе жатыр. Гүлістан шәйіңді дайындай бер! Біз жұмыс істейік, деп өз бөлмесіне беттеді, соңынан ере кірдім. Кешікпей Ақтөбеден Бекарыстан келді.
Бекарыстан Мырзабаев Мардан ағамызбен екеуі «Әділет» қоғамын құрып, 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, есте қалдыру, т.б. шетсіз-шексіз қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырған, тәжірибесі мол азамат. Алғаш Ырғыз ауданында Темірбек Жүргеновке Мардан ағамыздың бастауымен ескерткіш қойылуына мұрындық болып, оны іске асырған да осы жігіт болатын. Мардекең өз орнына жайғасып, алдағы істелетін істерді жіктеп, түсіндіріп жатыр. Орталық мешіт бітпей жатыр... Әділет қоғамының жұмысы тоқтап қалды... Т.Жүргенов, Ұ.Құлымбетов, С.Есқараев, т.б. жайлы айта келе, Бекарыстанға Жүргеновтің НКВД-дағы құжаттарын түгендеп табу, оны халыққа жариялау, «Әділет» қоғамының алда атқарар істерін тапсырды.
Одан соң маған қарап: – Шырағым, Алмас! Мен өмірімді халқымыздың фольклорлық мұраларын зерттеуге, жинақтауға арнадым. Менің ұстазым академик Мұхтар Әуезов болды. Тұрмағамбет ақынның мұраларын зерттеуіме де сол кісі ақыл-кеңесін берді. Мұхаңның басына 1950 жылдары «бұлт үйірілгенде, қырағы көздер бізді де сұғынан шет қалдырған жоқ. Барлық қиыншылықты көрдік. Тұрмағамбетті «халық жауы» деп айыптаған адамдардың ол кезде көздері тірі еді... Олар енді мені «жау» қылып шығаруға бел байлады. Оған да негіз жоқ емес. Әкеміз Келдібай би, Темірбек Жүргеновтің әкесі Қарамен екеуі «халық жаулары» қатарында тізімге алынды. Қара ұсталарында: – «Келдібайға хабар айтыңдар, басын сақтасын!» – деп астыртын адам шаптырып, алдын ала хабар бергізеді. Жетпістен асқан әкемізді ағайындары Өзбекстанға бой тасалатып алып кетті, анам Ажар аштықтан көз алдымда жан тапсырды. Анам сүйріктей аппақ адам еді... Жаны шығарында басында жылап отырған маған, әбден әлсіреп жатып, қолымды қысып айтқан соңғы сөзі: – «Балам, қаш, құтыл!» деген сөз болды... Немеремнің атын Ажар деп қойдым, ең болмаса аты аталып жүрсін деп...Әкемнің досы Тұрмағамбет ақын атымды азан шақырып Шаһмардан деп қойған екен, «халық жауының баласы» дегеннен құтылайық деп «Шаһ» дегенін алып тастап Мардан деп өзгертіп, фамилиямды Байділдаев деп нағашы жұртымыздың атына жаздырдым. Қорлықты көріп жүріп жетілдік... «Ұрғаннан түрткен жаман» дегендей, «халық жауының баласы» деген атақ қалмады. Бастауыш мектепте оқып білім алып,1941 жылы колхозға есепші болып жұмысқа кіріп, еңбек жолымды бастадым. 1948-1951 жылдары Совет Армиясы қатарына алынып, сержанттық мектепке қабылдандым. Оны үздік бітіріп, Ленинградтың жоғары артиллерия әскери училищесіне емтихан тапсырып, соған түстім. Қатарымнан қалмас үшін күні-түні оқып, оқу озаты, саяси сабақтардың үздігі атанып екінші курсты бітіріп тұрғанымда, елден «халық жауының баласы» деп әшкерелеген арыз түсіп, оқудан шығарылдым. Елге баруға тағы қаймығып, сол кездегі облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы болып тұрған Зейнолла Жарқынбаев ағамызға хабарластым.
– Аға, үстімнен арыз түсіп оқудан шығарылдым. Не істеймін? Қайда барамын? – деп сұрадым. Ол кісі: – Мардан, сен елге келме. Белсенділер атқа қонып тұр... Саған мұнда да тыныштық бермейді. Алматыға бар. Азаматтармен ақылдасармыз, – деп ақылын айтты. Осылайша 1951 жылы Алматыға келіп, КазГУ-дің филология факультетіне оқуға түстім. Университетті аяқтаған соң республиканың Ғылым академиясында, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқардым. Халық жауларын әшкерелегіш топ бұл төңіректен де табылды. Сөйтіп, әкемнің жауларынан құтыла алмай жүріп Тұрмағамбеттің жауларының жүгін қоса арқаладым. Сондықтан, маған Тұрмағамбетті ақтау, оның шығармаларын баспа бетіне шығару оңай болған жоқ. Халықтың атынан хат жаздырып, көзін көрген жандардың атынан қол жинап, баласы мен әйелінің атынан үкімет орындары мен заң орындарында ізденіп, тынымсыз жұмыс жасадым. Қаншама жанашыр азаматтар атсалысты.
Сондай жанкешті әрекетіміз нәтижесіз болған жоқ. 1962 жылы М.О.Әуезовтің алғы сөзімен «Шаһнама» дастанының екінші бөлімі, «Рүстем – Дастан» тарауы жеке кітап болып шығып, елу мың таралыммен халықтың қолына тиді. Одан кейінгі жылдары ақын шығармаларын «Назым» атты жинаққа біріктіріп екі қайтара бастырып шығардым. Екі жүзден астам халық ақындары мен жыршы, жыраулардың шығармаларын жинақтап академияның қорына тапсырдым. Елуден астам кітап басылымдарына редакторлық, құрастырушылық қызмет жасадым. Алда істелетін жұмыс көп. «Қысастық қырық жыл» дегендей, Тұрмағамбеттің жаулары әлі де ізінен қалған жоқ. Сыр бойы ақын-жырауларының ішіндегі жеке өзінің қолжазбасы сақталған жалғыз адам да осы Тұрмағамбет. Бұл кісі әлемге әйгілі ғұламалар баулыған Бұхарадағы «Мирараб», «Көкілташ» медресесінің соңғы шәкірті. Егер осы қолжазбадан айрылсақ, онда «Сыр сүлейлері» деп жүрген жүздеген ақын-жыраулардың шығармашылығы жоққа шығады. Қазіргі әдебиет зерттеушілері оларды ақындар санатына қосып жүрген жоқ. Өтпелі кезеңнің ақындары деп жүр. Шын мәнінде, уақыты келгенде бәрі керісінше шығады. «Шаһнама» дастаны толық екі том болып факсимилесімен шықпайынша Тұрмағамбетті толық ақталды дей алмаймыз. Біздің жасымыз ұлғайды, денсаулық сыр берді. Енді осы жұмысты, Алмасжан, өзің қолға ал. Оқыдың-тоқыдың, білімің жетеді. Мен Рәтбек қажымен Түркияға бара жатырмын. Сол жақта тәуір докторлар бар дейді, бір есебім, көрініп қайтсам деймін, – деп сөзін аяқтады.
Бекарыстан екеуміз үнсіз тыңдадық. Өмірде әкеміздей қамқоршы болып, халықтық іс, ұлттық мүдде, намыс пен жігер отының өшпес ошағындай көрінген жомарт жүрек жанның сағымдай көтеріліп кетер шағына санаулы уақыттар қалғанын сезгендей болдық...
Ақтық демі үзілерде көзін ашып, жан-жағына бажайлай қарап, басында иманын үйіріп отырған ғұлама Халифа Алтайға қолын беріп, айтқан соңғы сөзі: «Тақсыр-ай, үлкен мешіт бітпей қалды. Ұят болды-ау! Кешіріңіз!», – деп жарық дүниенің сәулесін қабағымен жауып, жалғаннан жөней берді, біздің ұстазымыз! Бұл 1995 жыл болатын.
Аманат жүгін арқалап Бекарыстан екеуміз тапсырылған жұмыстар бойынша іске кірістік. Халқына ақысыз-пұлсыз, шен-шекпенсіз, атақсыз қызмет жасаған Мардекеңе замандасы, ақын Ә.Тәжібаевтың: «Мардан бар жерге құлдың қажеті жоқ», деген сөзі бізге де қамшы болды.
Нәтижесінде: 1998 жылы 0621- «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығының Мемлекеттік оқу стандарты бекітіліп (авторы, жетекшісі проф.А.Н.Алматов), жоғары оқу орнында кәсіби білікті маман дайындауға қол жеткіздік. Бүгінгі таңда айтулы мамандық бойынша үш деңгейлі үздіксіз білім беру жүйесіне сай музыкалық мектеп, музыкалық колледж және бакалавр деңгейінде білім алуға негіз қаланды. Елге танымал жыршы, жырауларымыздың алды ғылыми дәрежеге қол жеткізді. Олар: филология ғылымдарының кандидаттары Б.Жүсіпов, Ұ.Байбосынова, өнертану ғылымдарының кандидаты Е.Жаңабергенова. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың доценттері Ш.Биімбетова, Р.Ахметов секілді педагог мамандарымыз өсіп шықты. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасында «Дәстүрлі жыр» мамандығы бойынша Қ.Байтасов, К.Түрікпенова, А.Дабылова бастаған талантты жастарымыз ғылыми ізденісін жалғастыруда. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығындағы Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде, Арал ауданындағы Нұртуған ақын, Шиелі ауданындағы Нартайдың әншілік мектептерінде жүздеген шәкірттер дәріс алуда. Бұл күнде талантты шәкірттеріміз әлемдік сахналарда жыршылық, жыраулық өнердің жоғары кәсіби орындаушылық шеберлік үлгісін көрсетуде. Олар – Е.Жаңабергенова, А.Елшібаева, Ұ.Байбосынова, А.Ноғайбаева, А.Өтепбергенова, Ш.Биімбетова, Р.Ахметов, С.Жақсығұлов, З.Иманғазиева, К.Түрікпенова.
Ұстазымыздың өзіме тапсырған тапсырмасының келесі бөлімін төмендегіше топтастырдық: 2004 жылы М.Байділдаевтың өзі дайындаған нұсқасы бойынша халық ақыны Т. Ізтілеуұлының (1882-1939) «Шаһнама» дастанының жыр тіліндегі аудармасының екі томдығы, 2007 жылы М.Байділдаев жинаған Т.Ізтілеуұлының төрт томдық шығармалар жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. 2008 жылы М.Байділдаевтың экспедициялық еңбектері бойынша жыр мақамдары нотаға түсіріліп, «Музыкалық эпос» топтамасымен «Дайк-Пресс» баспасынан жарыққа шықты.
Ал 2009 жылы Т.Ізтілеуұлының түпнұсқа қолжазбасы негізінде «Шаһнама» дастаны толық факсимилесімен «Сарыарқа» баспасынан екі том көлемінде жарыққа шығарылып ақынның қолжазбасын немересі Нөсер Әбдірауықов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Сыр бойына сапары кезінде мемлекеттік құндылық есебінде салтанатты түрде Президент орталығының қорына тапсырды. Бұдан соң 2013 жылы Т.Ізтілеуұлының 40 000 жолдық «Шаһнама» дастанын Сыр бойының жыршы, жырауларына 68 сағат бойы жырлатып, күйтабаққа түсіріп, «Музыкалық эпос» күйінде халыққа ұсындық. 2014 жылы темір нарком Темірбек Жүргеновтің өмірі мен шығармашылығы М.Байділдаевтың жинақ қоры бойынша «Сарыарқа» баспасынан жарыққа шықты.
«Халықтың қамын ойласаң, қардарың соның ішінде», демекші, ғалым, фольклор зерттеушісі Мардан Келдібайұлы Байділдаевтың әдебиетіміз бен мәдениетімізге сіңірген еңбегін ұлықтап, ғалымның 80 жылдығына орай Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Аққошқар ауылындағы орта мектеп абзал аға, тұрпатты тұлғаның есімімен аталып, мәрмәрдан мүсіні орнатылды. Академик Тұрсынбек Кәкішев ескерткіштің ашылу салтанатында: «Азаматын қадірлеуді Сыр елінен үйрену керек!» – деп халыққа жүрекжарды алғысын айтты. Өмір мен өнердің қазанына қайнатып, мақсат-міндетімізді айқындап берген ұстаз бейнесі қашанда жан сарайымыздың төрінде тұрары анық. Біз: «Атаңнан – ұстаз ұлық», деген шығыс даналығының астарын енді түсінгендейміз.
Алмас АЛМАТОВ,
профессор.
АСТАНА.