* Қала типті МТС салды.
* Ауылдар бау-бақшаға бөленді.
* Үш колхоз бен аудан орталығына дейінгі қара жолға тас төселді.
* «Бесқұбыр» МТС аудан ғана емес, облыста атақты елді қоныс болды.
* Кейін бәрі жоқ болды? Неге?
Өткен ғасырдағы Кеңес Одағы мен Германия арасындағы алапат соғыс оған қатысқан майдангерлер мен балалық шағы сол сүргінге тап келген ұрпақтар жадынан өшер ме? Ол мүмкін емесін бұрын да, бүгін де түйсініп жүретіндер мұны жақсы білетіні шүбәсіз.
Қалың қауымның басына төнген қара бұлт, қайғылы қасірет тек сол емесін де бала көңіл сезетін, ұғынатын. Бірақ, үлкендер секілді, балалар да оларды ауызға алуға болмасын бесінші сезім арқылы білетін, шамалайтын. Мәселен, бас-аяғы 20-25 үйден тұратын «Ынталы» колхозында барлық жердегідей бай-құлақ деп ұсталып, Көкаралға жер аударылған бейбақтардың жалаңаяқ, жыртық иық бала-шағаларына ешкім бөтен сөз айтпайтын, көздеріне шұқымайтын, мүсіркеу де болмайтын. Олардың өздері де мұң шағып, жылап-сықтамай, басқа түскенге баспақшылмен жүріп жататын. Онан соң ашаршылық апатын да ешкім ауызға алмайтын. Қысқасы, соғыс басталарға дейінгі он шақты жыл аралығында ел басынан небір нәубеттер өткені үлкен-кішінің бәріне белгілі болатын. Бірақ, жабық ұсталатын.
Әйтсе де, бізге, балаларға олардан гөрі соғыс қиындығы көбірек бататын. Еразаматтар майданға кеткендіктен колхоздың бастығы да, басқасы да, қара жұмыс істейтіндер де әйелдер болатын. Олардың ішінде отау құрған соң сәби сүйіп үлгермеген келіншектер қаншама. Ертелі-кеш мақта алқабында жүріп қосыла ән шырқайтын бейбақтардың сыңсыған үн, зарлы дауыстары алыстан талып естіледі. Есіміз кіре бастаған біздер Алтын, Тіллә, Әшіркүл, Бибайша, Ұлбосын секілді жеңгелеріміз кім кімнің келіншегі екенін жақсы білеміз.
Ауылда бес-алты шал-шауқан болушы еді, екі-үш жылда олар да түгелдей бақиға озды. Соғыстағы боздақтарының жолына қарай-қарай арманда кетті. Елемес, Таш, Тоқтарбай, Өскенбай дейтін менімен бес бала ересектеу едік.
Колхоз ұйымдастыру кезіндегі бай-құлақтарды аластаған аласапыранда кедей-кепшіктің өзара қырқысып, бірін-бірі айдатып жібергені, жұртты қынадай қырған ашаршылық-аштық, елді жайлаған ауру-сырқауды ешкім сөз етпей, түк болмағандай жүрулері – кеңестік темір тәртіп тегеуріні, коммунистік идеологияға біржола бас июдің белгісі екені кейіннен барып тиіп-қашып айтыла бастады. Таңғаларлық-ақ.
Тіршілік жалғасып, уақыт өтіп жатты. Соғыс басталған шақта алақандай ауылдағы қырық-елудей баланың жартысынан астамы шетінеп, соғыс біткенде қатарлары кәдімгідей селдіреп қалды.
Соғыстан кейбір пақырлар мүгедек болып оралды. 1945 жылғы Жеңістен соң тағы үш-төрт мүгедек жан келіп қосылды. Ал, жастарын асырып жаздырып, комсомолдық желөкпелікпен кеткендер із-түзсіз жоғалды. Үйленіп үлгермеген екі не үш ұлы бірдей соғыстан қайтпаған кемпірлер бертінге дейін егін егіп, мал өсіріп, тіршілік етті.
Сол кездерде ара-тұра «халық жауы» дейтін суық сөзді құлақ шалатын. Қазір «суық сөз» дегенмен, ол уақыттарда үйреншікті нәрсе сияқты көрінетін. «Е, пәленше халық жауы ғой» дегендей. Біздің кішкентай колхоздың Бөрібай дейтін бастығы да халық жауы боп атылып кеткеніне онша күйіп-жанған ешкім байқалмайтын. Керісінше, кейбіреулер тарапынан «өздеріне сол керек» дегендей пиғыл аңғарылатын.
Соғыстан он шақты жыл бұрын құрылған МТС (машина-трактор станциясы) дейтіндер болып, олар колхоздарды техникамен жабдықтап, шаруашылық жұмыстардың кідіріссіз алға басуына айтарлықтай сеп жасапты. Біздің колхоз «Ошақты» МТС-қа қарайтын. Директоры Тұрап Әлімбаев үлкен құрметке бөленді. МТС орналасқан жерге мастерской, гараж, тұрғын үйлер, наубайхана, магазин салыныпты. Сондықтан, колхозды ауылдарға қарағанда, МТС-тардың жағдайы біршама тәуірлеу болатын.
Менің нағашыларым тұратын «1-Май» колхозының іргесіндегі «Бесқұбыр» МТС-і сырттай да, іштей де көздің жауын алған, кіші-гірім сәулетті қалаға ұқсас елді мекен еді. Оны біз сол колхозға сыртқы жолмен өтіп бара жатқанда қызыға тамашалап, таңдай қағатынбыз. Әрине, ол кезде асфальт деген ешкімнің түсіне кірмейтін, елестету мүмкін емес-ті. Ал, өз ауылымыздан есекпен не жаяу шығып, «1-Май» колхозына жақындағанда, яғни, «Бесқұбыр» МТС-інің іргесіне таяғанда, табанымыз тас жолға тиеді. Соның арқасында тас жолдың не екенін біліп алдық. МТС-тан басталатын тас жол «1-Май» колхозын көктей өтіп, сулы Келес жағасындағы «Ұшқын», «Коммуна» колхоздарының ортасымен ауданға дейін созылады. Тас жол сол кездегі көзбен қарағанда, үлкен мәртебе, жетістік.
Ұмытпай тұрғанда айта кетейік, «1-Май» колхозында нағашыларым, яғни, анамның төркіні тұрады. Мен жиі барамын. Өйткені, әжемді сағынамын. Әжемнің айналып-толғанатын мейірімін аңсаймыз. Әжемнің екі ұлы соғыста. Үлкен ұлының менімен жасты тұңғыш баласы екеумізге әжеміздің жылы шуағы ұжмақтан кем емес. Әжем қайратты болу керек, есік алдына бау-бақша өсіріп, бұзаулы сиырын бағып-күтіп, ас-судан тапшылық көрмейміз.
Сөйтіп, мен жылына әлденеше рет «1-Май» колхозына барамын. Әжем бізге келіп тұрады. Уақытымның көбі «Май» колхозында өтетіндіктен, мұндағы барлық адамды, қатарлас балаларды жақсы танимын, білемін. Үлкен нағашымның тұңғыш баласы екеуміз «Бесқұбыр» МТС-іне күн сайын сан рет барып, төбесін қоңыр туникемен жапқан, қызыл кірпіштен өріп тұрғызған мастерскойды тамашалаймыз, оның жұрнағы әлі бар. Ол деген керемет болатын. Қандай сәулетшінің қолынан шықса да тұрқы бөлек. Одан тыс ақ шаңқандай тұрғын үйлер, екіқабатты биік үй – бәрі өзгеше кескін-келбетке ие. Оқтай түзу көше бойлары сыңсыған тал, терек, жеміс ағаштары. Қос қапталда салқын су ағатын шағын-шағын екі арық бар. Ал, МТС-ті қоршап өскен қатары қалың бәйтеректер басында күндіз-түні бірі ұшып, бірі қонған құстар – қара қарға, ұзақша, шымшықтар.
Одан кейінгі жылдар ішінде мен «Бесқұбыр» МТС-індегідей ғимараттарды еш жерден көрген емеспін. Қалың ағашты да. Бау-бақшаға бөленген МТС келбеті мүлде бөлек-тін. Қиялды шарықтатып, жарық дүниенің ғажайыптығына айғақ іспетті болатын. Кино, концерт көрсететін клуб, неше алуан тауар бар магазин, басқа да мәдени-тұрмыстық мекемелер қашан, қалай пайда болғанында шаруамыз жоқ, осылай болуы тиіс сияқты көреміз. «Жақсыдан шарапат» дегендей, іргедегі «Май» колхозы да әжептәуір гүлденген мекен еді. Кино, концерттер осы колхоздың клубында да көрсетілетін. 50-жылдардың ортасына дейін Алматыдан келетін Шара Жиенқұлова, Роза Бағланованың концерті кейде осында болып, күллі аудан жұртшылығы ағылып келетін.
Келбет-кескіні әсем «Бесқұбыр» МТС-інің әсерінен бе екен, «Май» колхозының шығыс тұсында көлемі бірнеше гектар жерді алып жатқан «Дайраштың бауы» дейтін бау болды. Тал, теректерден бөлек, жеміс ағаштарының алуан түрі өсетін бауға кіргенде адасып кететіндей сезінетінбіз. Түнделетіп жеміс ұрлауға талай баратынбыз.
Дайраш кім, ол кезде көзі тірі ме, жоқ па, айта алмаймын, бірақ, оның атымен аталатын қара орман іспетті бау сол өңірдің сәні, көркі еді. Алыстан ат сабылтып келетін айтулы өнер иелері кейде күллі аудан тұрғындарына осы бау ішінде ойын-сауық көрсететін (дедік). Өз басым Алматыдан арнайы келген концерт бригадасымен бірге өнер көрсеткен Иса Байзақовтың ән-жырларын алғаш рет осы бауда тыңдағанмын. Кейін әдебиеттік оқу кітабынан суретін көргенде Исаны бірден таныдым. Әдебиеттік оқу кітабында Исаның «Көк күмбез шатыр киген Зайсан көлі» дейтін өлеңі (поэмадан үзінді) болатын.
Қош, бұларды неге тәптіштеп отырмыз? Себеп-салдарына келсек, сол кездерде Келес ауданында бірнеше МТС болды. Мен солардың көзім көрген екеуі туралы айттым. «Бесқұбыр» МТС-інің ерекше екенін ауызға алдым. Біздің колхозға қызмет жасайтын «Ошақты» МТС-і «Бесқұбырмен» салыстыруға келмейтін. Колхоздар 30-жылдардың басында ұйымдасса, «Бесқұбыр» МТС-і қалайша қысқа мерзім ішінде гүлденіп, анау-мынау қалаға бергісіз мекенге айналды? Бұл туралы кейінірек ойлана бастадық.
Жоғарыда айтқанымыздай, қалың қауым халық жауы боп атылып кеткен бейбақтарды – әлде оларды шынымен жау деп ойлап, шексіз сенгеннен бе екен – сөз арасында ғана аттарын атап, пәлендей өкініш-нала байқатпайтын. Атақ-даңқы жер жарған Бесқұбыр МТС-ін де «Оны халық жауы Қарлыбаев ұйымдастырған... Қатал адам еді. Қарлыбаев келе жатыр десе, бесіктегі бала жылағанын қойып, адамдар каналға қойып кететін», – деп даңғазалайтын.
Қарлыбаевқа обал болды дейтін тірі пенде көрмейтінбіз. Атын жүрдім-бардым атай салатын. Біз де пәлендей мән бермейтінбіз. «Жау болса, жау шығар» дегендей ой болатын.
Арада жиырма жылдай өткенде МТС-тер тарап, түгел жоқ болды. «Бесқұбыр» МТС-і «Келес» аталатын совхоздың орталық қонысына айналды. Көше бойларындағы көкпен таласқан қалың ағаштардың кесілгені кесіліп, кесілмегені қарадай қурап, арықтар құрғап, әсем де зәулім үйлер тозып, бұзылып, гүл жинаған қалашықтың құты қашты. Қызыл кірпіштен өрілген мастерскойдың алқам-салқам жұрнағы қалып, басқалары жоқ болды. Ең сорақысы, «Дайраштың бауы» жойылып, тақырға айналды. Үйрек ұшып, қаз қонған көлдер, бұлбұл сайрап, құстар әндеткен бау-бақшалар келмеске кетті. Кім олай еткен?
Кім болсын, барды бағаламай, Қарлыбаевтай тұлғалардың еңбегі еш болғанына өкінуді білмеген, сақтай алмаған бейбақтардың өздері де. «Бесқұбыр» МТС-інің опырайған орнын өткен ғасырдың 60-жылдарында көріп, ай-күннің аманында құрдымға кеткен «Дайраштың бауына» жанымыз ашитын. Ел-жұрттың олар жайлы сөз етпейтіні таңданарлық еді. МТС-тегі ғажайып құрылыс, қалың ағаштар қайда кетті, кейінгі басшылар оларды неге қалпына келтірмеді, «Дайраштың бауын» жою кімге керек болды? Ол осы кезге дейін түсініксіз күйде қалып келеді.
Кейін «Келес» совхозының орталығынан сая болар бір түп ағаш таппау нағыз сорақылық, сұмдық еді. Өз беттерінше өсіп тұрған қараусыз ағаштар кімге дәрі. Уақыт өте келе жағдай сәл-пәл түзелгендей болды. Бірақ, «халық жауы» Қарлыбаев орнатқан кішігірім қалаға бергісіз елді-мекен «Бесқұбыр» МТС-ін енді қайтып ешкім де таба алмасы күмәнсіз еді. Бәрінен өкініштісі...
Елім деп еңіреп өткен сол Қарлыбаевты бүгінде ешкім білмейді, есіне алатындар жоқтың есебі. Сондай ерекше жаралған қайраткерлердің артында қалдырған мұрасына ие бола алмау – кәдімгі қазақы салғырттық. Бәлкім, оқырман аты-жөні әлдеқашан санадан өшкен оны, яғни, Қарлыбаевты несіне айтып отыр дейтін шығар. Жоқ, ағайын, басқалар ұмытса да, Келес өңіріндегі жұртшылық Қарлыбаевты ұмытпауы лазым, есімін, аруағын ардақтап, асқақтатуға әлі де кеш емес. Соны ескеру керек.
Иә, Қарлыбаев халық жауы боп, ізім-қайым жоғалды. Көп уақытқа дейін «жауларды» іздейтін мүмкіндік болмады. Қарлыбаев есімінің аталмауы, сұраусыз қалып бара жатуы – елдікке сын. Әйтсе де...
Сонау бір жылы белгілі әнші-актер, сегіз қырлы, бір сырлы, арнайы білімі болмаса да, Шымкенттен Алматыға келіп, екі бірдей – драма және жасөспірімдер театрында аз жыл қызмет істеген Мұхтар Өтебаев 49 жасында қайтыс болды. Зайыбы Майра Омарбаева консерватория түлегі болатын (қазір ол кісі Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында профессор). Мұхтардың қазасына консерваторияда істейтін біраз қауым жиналды. Араларында өте сұлу, жұлдыздай жарқыраған бір жас келіншек күлдіргі әңгімелер айтып, өтімді, өткірлігімен жұртты аузына қаратып отырды. Марқұм Мұқаң шымкенттік болған соң, мұнда сол аймақтың Әшірбек Сығаев бастаған азаматтары молдау еді. Соны ескерді ме, әлгі елден ерек сұлу, өткір келіншек: «Мен де оңтүстіктенмін, жо-жоқ, әкем сол жақтан, оның балалық шағы Келесте өткен, ал мен Алматыда туғанмын», – деп қалды.
– Атыңыз кім? – дедім.
– Аршагүл.
– Әкеңіз кім, қазір қайда?
– Қайда болады, Алматыда. Аты-жөні Қасым Наурызбаев.
Отырғандар елең етісті. Қасым Наурызбаевты кім білмесін? Ол деген Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Есен Дүйсеновтың оң қол – орынбасары емес пе?
Соңынан білуімізше, (шын атын айтпай, Аршагүлмін дей салған) айдай сұлу әзілкеш келіншек шынында да Қасым Наурызбаевтың бірінші (орыс) әйелінен туған тұңғыш перзенті боп шықты. Әжесінің бауырында қазақша таза сөйлеп бойжетіпті. Ол әкесі Қасымның балалық шағы Келес ауданында өткен деді. Алматыда тұратын кейбір келестіктерден сұрастырып едім, ешқайсысы білмейді екен. Дұрысы, Қасым Наурызбаевты білсе де, Келестен екенінен бейхабарлықтарын айтты.
Сөйтіп жүргенде, Қасым Наурызбаевпен «Медеу» жақтағы «Алатау» санаторийінде жолымыз түйісті. Есен Дүйсеновтің орынбасары өте паң, тәкаппар көрінді. Ұзын бойлы, толық денелі, сымбатты жігіт ағасы үнемі қабағын түйіп, сызданып жүреді. Қарсы ұшырасқанда айбатынан сескеніп, сәлем беруге жүрексінеміз. «Мәке, анау кісі Келес ауданынан құсайды, сөйлесіп байқашы, мен бата алмай жүрмін», – дедім бірде палатада бірге жататын досым Мыңбай Ілесовке.
Ол: «Өй, қой, өле алмай жүрген жайым жоқ», – дейді. «Неге?» «Көріп жүрсің ғой, ешкімді менсінбейді, палатасында телевизоры бар құсайды, бізді қайтсін», – дейді. Ол кезде телевизор таңсықтау, екінің бірінің қолы жете бермейді.
Дегенмен, бірде ем-дом кабинетінің алдында кезекте отырғанда тәуекел деп тіл қаттым: «Ағасы, сіз Келес ауданынансыз ба?» – деп. Ол бетіме жалт қарады. «Сіз Келестенсіз бе?» – дедім тағы да. Неге екені белгісіз, әлденеден қауіптенгендей, өңі сұрланып, қабағын түйген ол маған қайта-қайта қарағыштай берді де: «Оны неге сұрадың?» – деді. «Мен Келестен едім. Сол үшін сұрағаным ғой, кешіріңіз».
– Сен не, осында демалып жүрсің бе? – деді.
– Иә.
Қайда істейтінімді білген соң: «Онда түскі тамақтан соң сыртқа шық. Сағат үште. Асықпай сөйлесейік. Кешікпе»,– деді түсі сәл жылыңқырап.
Келіскен мезгілде кездестік. Сыртта. Санаторий алдында. «Ал, амандасып қояйық, сөйтіп, сен Келестенсің бе? – деп қолын ұсынды. Астапыралла! Неткен кіділік, сақтық па, немене? «Былай» деп, сонадай жердегі аллеяға қарай бастады. Айналаға қарап қояды. «Әй, бұл кісі тегін емес. Қызметі үлкендер басқаша болатын ба еді?» – деген ой санаға сарт етеді.
– Ал, танысып қояйық, – деді былайырақ ұзаған соң тағы да қолын ұсынып. – Қасым Наурызбаев!
Мен таңданамын. Оны білдірмеуге тырысып, екінші рет аты-жөнімді айттым.
«Е...е...е?» – деп жеңілдеу күрсінді. Бетіне қан жүгіріп, маған ұзақтау тесіле қарады.
– Сөйтіп, Келестенмін де. Ал, мен жалпы келестік емеспін, – деді одан соң тұйық үнмен жай сөйлеп. – Бірақ, Келес деген сөз жаныма жақын, жүрегіме ыстық. Неге? Өйткені, бала кезімде онда бес жыл тұрғанмын. Туған ағам үлкен қызмет істеген, соның үйінде.
– Ағаңыздың аты-жөні кім еді, бәлкім, білермін.
– Одан бері көп уақыт өтті ғой, кейінгі жастарсыңдар, білмейсің.
– Айтып көріңіз, білмесек, естіген шығармыз.
– Солай ма? Ағам белгілі адам болған. Бүкіл Келес ардақтап, аудан басшыларының бәрі сыйлаған. Себебі, ол «Бесқұбыр» деген МТС-тің бірінші директоры боп, оны да, колхоздарды да гүлдендіріп, үлкен жұмыстар істеді. Фамилиясы Қарлыбаев болатын. Мен туған інісімін. Бала кезде көрген-білгендердің бәрі есте. Әлгіде сен Келестенмін дегенде, не болғанымды білмей қалдым, – деді сөзін жалғастырып.
Мәссаған! Бұл сонда бір заманда күллі келестіктердің аузында аңыз боп айтылған Қарлыбевтың інісі болды ғой. Шын ба? Әрине. О, тоба!
– Аршагүл деген қызыңыз бар ма?
– Бар, бірақ, аты Аршагүл емес, басқа. Мейлі, сен Аршагүл десең, Аршагүл болсын. Ол мендей емес, мінезі ашық. Бірінші әйелден ғой. Өзіміз өсіргенбіз. Оны неге сұрадың?
Қасекеңді әрі қарай сөйлету оған да, маған да оңай болмады. Тоқ етері: ағасы Қарлыбаевтың атамекені Қармақшы ауданы, шыққан тегі кедей екен. Кеңес өкіметінің арқасында жетіліп, талай басшылық қызметте болыпты. Партияның нұсқауымен Келес ауданында «Бесқұбыр» МТС-ін құрған, жоғары наградалармен марапатталған.
– Бізде тұрған не бар, ағам халық жауы боп ұсталып, барлық еңбегі далаға кетті ғой, – деді өңі жабырқау тартқан Қасекең көздері жасаурап. – Сүттей ұйыған отбасы тоз-тоз болдық. Мен ол кезде жас болсам да, ағам ұсталған соң, бала-шағасы мен анамды алып, Қармақшыға таяу құм ішіне барып жан сауғаладық. Айтпақшы, аты-жөндері есімде жоқ, сол қиын кезде үш-төрт келестік азаматтың бізді түн жамылып шығарып салғандары есімде. Осы күнде ойлаймын, шіркін-ай, солар кездесер ме еді деп. Кездессе, жақсылықтарын қайтарар едім. Бірақ қайда?! Кездесе қалғанның өзінде, олар менің Қарлыбаевтың інісі екенімді қайдан білсін. Қорлық пен азапты көрудей көрдік, аш та, жалаңаш та болдық. Жақын-жуық, ағайын-туыс, ағамның арқасында атқа мінеді. Сондағы кісі болғандар теріс айналды, ешкім қол ұшын бермеді. Несін жасырайын, ағам қайсар, қатал, бірақ, жаны таза, әділ еді. Біреулер осы күнде мені де солай деседі. Жә, оны қояйық. Ағам атылған соң, фамилиямды өзгертіп, Қарлыбаевтың орнына үлкен атамыздың атымен Наурызбаев болдым. Бой тасалай жүріп мектеп бітірдім. Мәскеуде институт тәмамдадым. Ұсталған әкем емес, ағам ғой, сондықтан, өмірбаянда кедейден шықтым деп жазып жүрдім. Құдай жар боп, үлкен қызметтерге қолым жетті. Орталық комитетте, обкомда істедім, қазір Есен Дүйсеновтің орынбасарымын.
Өкінішке қарай, сол жолы Қасыммен ағасы жайлы қайтып сөйлесудің сәті түспеді. Бұл бір жағы, «қажет адам табылды ғой, қайда қашар дейсің» дегендей өз жайбасарлығымнан болса, екінші, бір-екі рет ұмсынғанымда, Қасекең жылы шырай таныта қоймады...
Сонда да күдер үзбей, Қарлыбаев туралы көл-көсір дерек-мәлімет алудан дәмеленіп, сәт сағатын күтіп жүрдім. Ұзақ жүрдім. Күндердің күнінде Қасым Наурызбаевпен екінші рет ұшырастық. Бұл жолы «Алматы» санаторийінде. Қасекең бұрынғы бастығы Есен Дүйсенов екеуі екі бөлмеде жеке-жеке тұрды. Екеуі де зейнеткер. Көрген бойда сәлем беріп, дәмге шақырдым. Дүйсенов келмеді, Наурызбаев келді. Аурушаң екен, ентігіп сөйлейді, күрк-күрк жөтеледі. Ағаңыз жайлы айтпайсыз ба дегеніме: «Сәл дұрысталып алайын, одан соң кең түрде сөйлесеміз, ағам туралы өзім де бір жерге жазылса деп жүруші едім. Реті келер», –деген соң, ыңғайына көндім.
Үш-төрт күннен кейін Қасымды ауруханаға алып кетті. Тағы да көпке дейін көріспедік. Бір жолы көкбазарда жолықтық. «Есімде, есімде. Үйге хабарлас», дегенді әрең айтты. Науқасы меңдей түсіпті...
Осылайша онымен егжей-тегжейлі сұхбаттасудың жөні келмеді. Қасымның қазасы жайлы газеттен оқығанда, «Әттең, есіл азамат, көп нәрсе ішінде кетті-ау», деп ойладым.
Қасымның қысқа өмірінде көп іс тындырып, Келес өңірінің мәдениеті мен тұрмысының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ағасы Қарлыбаев жайлы білгендерім осылармен тұйықталған күйде қала берді. Қасекеңнен ағасының атын да сұрамаған секілдімін. Айтуын айтқан, әрине. Бірақ, есте қалмапты. Қазір Келестегі бірлі-жарым көнекөздерден сұрастырып білуге болар еді, оны қажет санамадым. Өйткені, келестіктер ұғымында Қарлыбаев қашанда Қарлыбаев боп қалған, солай қала береді. Мен де осыған тоқтағанды жөн көрдім. Тіпті, оны «халық жауы» Қарлыбаев десе де, кісілік келбеті, адами тұрпаты, қадір-қасиеті зәредей төмендемейтініне сенім нық. Әлбетте, нәсіп болса, Қарлыбаевқа алда тағы да оралармыз, ауқымды түрде, кеңінен толғап. Әйтсе де...
Үмітсіз шайтан, егер жоғарыда біз баяндаған жайлар Қарлыбаев жайлы білетіндердің көзіне түсіп, көрген-білгендерін хатқа түсірсе, нұр үстіне нұр болмақ. Өйткені...
Қарлыбаев қазақтың репрессияға ұшырап, ұмытылып кеткен мыңдаған жазықсыз перзенттерінің ішінде ұмытылмауы тиіс қайраткерлердің бір де бірегейі екеніне ешкім таласпас деп сенеміз. Оған бүгінгі Келес өңіріндегі мыңдаған ел-жұрт куә дер едік. Қайран, Қарлыбаев! Рухы шат болсын!
Зәкір АСАБАЕВ.
АЛМАТЫ.