С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы, профессор Қайыролла АХАЖАНОВПЕН әңгіме
– Жуырда АҚШ-та Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит өтті. АҚШ-тың ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша осындай жоғары деңгейдегі саммит шақыруының себебі неде?
– Өйткені, бұл саммит ядролық қарулануға қарсы тұрып, ядролық терроризм әрекеттеріне тоқтау салынғанын және ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың жалғасқанын қалайды. Ал біздің еліміздің де дәл осы мәселеге байланысты айтары баршылық. Еліміз дүниежүзінде антиядролық қозғалыс жетекшісі. Бүгінгі күнгі басты мақсат – дүниежүзінде ядролық қауіпті азайту және сол мақсатта қауіпсіз қой-малар ашу. Мәселе осында.
Бұл мәселе әлем үшін де, еліміз үшін де аса маңызды. Сондықтан, бұл бастамаға ешкім де бейжай қарай алмайды. Дүниежүзінде ядролық қалдықтарды таратпауда біздің еліміз алдыңғы қатарда тұр. Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы Төмен байытылған уран банкін құру туралы шарт халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. АҚШ президенті де Қазақстанның аталған саладағы жетекші рөлін атап өтті.
– Еліміз егемендігін алған күннен ядролық қарудан бас тартты. Семей полигоны жабылған күн халқымыздың мәңгі есінде. Ал полигон зардаптарының жойылу барысы туралы не айтасыз?
– Семей полигонының жабылуы арқасында Қытайдағы Лобнор полигоны, АҚШ-тағы Невада полигоны, Франция мен Ұлыбританияның Тынық мұхитты аралдарындағы сынақ алаңдары да жұмыстарын тоқтатты. Жер бетіндегі тыныштық жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бас тартуға байланысты екені түсінікті. Елбасы Н.Назарбаев саммитте жарияланған манифесінде адамзатқа ортақ «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажеттігіне назар аудартты.
«Біріншіден, қазіргі кездегі қандай да бір соғыста ешкім жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуі тиіс. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек», – деді Елбасы.
Бұдан асырып айту әсте де мүмкін емес.
– Ал атом қару ретінде жойылып, бейбіт мақсат үшін пайдаланылуы керек дейсіз ғой?
– Ядролық қаруды таратпау қозғалысында ядролық қарудан бас тартқан бірінші елдің басшысы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор. Бұл жаһанға еліміздің бейбітшіл мақсатын көрсетті. Ядролық қауіпсіздікті сақтауда әлемдік күшті біріктіретін саммит өткізудің маңызы зор.
Екіншіден, терроризм қаупі де үрейлендіре бастады. Қазір әлемде ешқандай ел терроризмнен қауіпсізбіз деп айта алмайды. Елбасы Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жарияланған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің де осы тұрғыдан маңызы зор. Алғашқы 2010 жылы өткен саммитте-ақ АҚШ президенті Барак Обама Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласында жетекші рөл атқарып келе жатқанын айтқан болатын. Сеулде өткен екінші саммитте Қазақстан, АҚШ, Ресей мемлекеттерінің басшылары Семей ядролық сынақ полигонындағы жағдай бойынша біріккен мәлімдеме де жасады. Яғни, Семейдің полигон аймағы саналатын Дегелең тауының сілеміндегі ядролық сынақтар өткізілген және радиациялық белсенді материалдардың қалдықтары қалған туннельдерді жабу ісі бойынша көпжылдық біріккен операцияның аяқталғаны жария етілді. Үшінші Гаагадағы саммитте дүниежүзіндегі қауіпті ядролық материалдардың санын қысқарту, барлық ядролық материалдардың және радиациялық белсенді көздердің қауіпсіздік деңгейін көтеру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту секілді ауқымды жаһандық мақсаттардың орындалуы сөз болды.
Осы саммитте Елбасы елімізде ядролық қауіпсіздікті сақтау бойынша ядролық материалдарды экспорттық бақылау жүйесі жетілдірілгенін айтты. Ядролық және радиоактивті материалдарды біріздендіру орталығын құру жөнінде жұмыстар жүргізілді. Алматыдағы Ядролық физика институтының зерттеу реакторлары төмен байытылған отынға көшірілді. Ең маңыздысы – біздің еліміздегі ядролық нысандар МАГАТЭ-нің бақылауында.
– Қайыролла Хасенұлы, еліміз уран қоры, уран кенін өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы саналады. Ядролық отын өндіруді бейбіт мақсатқа пайдалануға қол жеткенін осыдан-ақ көруге болады ғой?
– Елбасы еліміздің бейбіт мақсат үшін ядролық отын өндірудің жаһандық технологиялық тізбегінен өз орнын ала алатынын айтты. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. МАГАТЭ-мен бірлесіп, Төмен байытылған ядролық отын банкін құру біздің маңызды үлесіміз болғанын Елбасы атап көрсетті. Бұл Иранның ядролық проблемасын шешу үшін де маңызды болды.
Болашақта ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдаланғысы келетіндер осы банк ресурсын қолдануына болады. Біз төмен байытылған ядролық отынның Халықаралық депозитарийі болып саналамыз. Бізде МАГАТЭ-мен бірлесіп уранды өндіру және байытудың барлық циклын автоматты түрде тіркеу, бақылау және қорғаудың қанатқақты жобасы табысты іске асырылуда. Қазақстан барлық мүдделі мемлекеттердің азаматтық ядролық технологияларға қолжетімділігі тең болуын қолдайды.
– Мұндай банктің құрылуы қауіпсіздіктің бірегей тетігі деуге бола ма?
– Әрине, өйткені, банк МАГАТЭ-ге мүше елдерге Төмен байытылған уранға кепілдік беретін бірегей орталыққа айналады. Яғни, Төмен байытылған уран банкі атом энергетикасының бейбіт түрде дамуына қызмет етіп, жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосады.
2015 жылдың 27 тамызында Астанада Қазақстан Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) еліміздің аумағында Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойды. Қол қою рәсіміне Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Франция, Ресей өкілдері, сондай-ақ, осы жобаның доноры болып табылатын Еуропалық одақ елдері, Кувейт, БАӘ өкілдері қатысты. Банк Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургиялық зауытының аумағында орналаспақшы. Онда атом энергетикасының қажеттілігі үшін пайдаланылатын төмен байытылған уран сақталады.
Қатысушылар Қазақстанның ядролық қаруды таратпауға және халықаралық бейбітшілікке қатысты жоғары деңгейдегі қызметтер атқарғанын, бұған қоса, Төмен байытылған уран банкін құру жөніндегі мәселелер Қазақстан тарапынан оң шешім тапқанын атап айтты. Халықаралық қоғамдастық банк өз қызметін қауіпсіздік пен сенімділік жағдайында жүзеге асыратынына үміт білдірді.
– Семей полигоны жерлерін ауыл шаруашылығына пайдалану үшін қайтару мәселесі туындады. Осы жерлер зерттеліп болды ма сонда?
– Жалпы, жарылыстардан көз ашпаған Семей полигонының тағдыры БҰҰ қарарымен мойындалған. 1949-1989 жылдар аралығында полигон жерлерінде мал бағуға, егістік жұмыстар өткізуге тыйым салынды. Әрине, осы күнге дейін еліміздегі Ұлттық ядролық орталық полигон аймақтарының радиациялық жағдайын зерттеуде. Әсіресе, полигонның Павлодар облысына қарасты солтүстік аймағының ауыл шаруашылығына пайдалануға болатындығын немесе әзірше болмайтындығын зерттеу жұмыстары айрықша назар аудартады.
Қазіргі күндері полигон аймағында мал бағатын шаруа қожалықтары бар. Жүргізілген зерттеулер бойынша, егер бұл жерлер радиациямен уланбаған болса, онда ауыл шаруашылығына толық қайтарылуы тиіс. Ұлттық ядролық орталық ғалымдарының айтуынша, полигон жерлерінің кейбір бөлігін ауыл шаруашылығына қайтаруға болады. Бұл – біз үшін Семей полигоны зардабынан шығудың бір мүмкіндігі. Кешенді экологиялық зерттеу және оңалту іс-шараларынан кейін ол жерлер бірте-бірте ауыл шаруашылығы мақсатына берілетін болса, шаруа қожалықтары да көбейеді. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы дамиды.
– Мұның қандай да бір ғылыми түрде сенімді негізі бар ма?
– Әрине. Жүргізілген көпжылдық зерттеулеріміз полигон маңындағы азықтың және ауыл шаруашылығы дақылдарының химиялық құрамы мен нәрлілігін дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни, «Полигон аймағындағы азықтың химиялық құрамы мен нәрлілігі» туралы алғашқы кітап биыл баспадан шығады деп жоспарланып отыр. Бұл монография Павлодар мемлекеттік университеті мен Ұлттық ядролық орталық ғалымдарының тығыз байланысының арқасында жүзеге асып отырған жоба. Және Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына арналып жазылған алғашқы ғылыми жұмыстардың бірі.
Аталған еңбекке үлесін қосқан – «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев. Осы адамның басқаруымен облыс орталығында «Қазақстан жолы – ядролық қарусыз әлем» атты ғылыми конференция өткізілді. Бүгін біздің еліміз бен АҚШ қарым-қатынастары стратегиялық сипатқа ие және жоғары деңгейде дамып келеді. Бұл кезінде Семей полигонын жабу және ядролық сынақтарға халықаралық мораторий жариялаудан басталған болатын. Полигон жабылғанына 25 жыл болса, мораторийге 20 жыл толып отыр. Осының бәрі еліміздің жетістіктері, біздің бастамаларымыз.
– «Полигон аймағындағы азықтың химиялық құрамы мен нәрлілігі» деп аталатын монографияңыздың тақырыбы маңызды. Полигон аумағын зерттеумен айналысып жүрсіз. Жазған еңбектеріңіздің жемісін бүкіл өңір халқы көрсін.
– Рахмет. Жазған, зерттеген жұмысымыз – көпжылдық еңбектің нәтижесі. Полигон тақырыбы – ғалымдар, зерттеушілер, журналистер үшін қажетті, зерттеуді керек ететін ауыр да қызықты тақырып. Өзің де «Егеменде» жаздың. Студенттеріміз де бейбіт атомды ел игілігіне пайдалану үшін көп оқып, көп білулері керек. Полигон аймағындағы мал жейтін жемшөп, су таза болса, адам денсаулығы мықты. Халық сол жерлерге мыңғыртып малын бақсын.
МАГАТЭ Қазақстанға үлкен сенім білдіріп отыр. Төмен байытылған уран банкін құру туралы шешімнің қабылдануы да содан. Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту тұрғысынан Қазақстанда банкті орналастыруға барлық қажетті инфрақұрылымдар қалыптасқан.
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР