• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2016

Үкілі үміттің желкені

372 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылдың қазанын­да өткен Қазақстан халқы  Ассемб­лея­сының  XII құрылтайында «Үштұғырлы тіл» туралы жоба­ны жария еткен болатын. Соны­мен қатар, 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» ат­ты халыққа Жолдауында да  «Тіл­дердің үштұғырлылығы» ат­ты мәдени жобаны кезең-кезең­мен іске асыруды ұсынды. Яғни, бұл бағдарламалардың басты идеясы Қазақстанды бүкіл әлем халықтарына үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде таныту еді. Атап айтатын болсақ, олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – дамыған мемлекеттермен терезе теңестіріп, солардың қатарына қосылу үшін қажет. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақ тілді дамыту керек, орыс тілін қолданамыз және ағылшын тілін үйренеміз. Егер Елбасымыз құрған жоспар халық тарапынан қолдау табатын болса, онда еліміз үлкен жеңістерге жетері айдан анық. Біріншіден, тілдердің бірлігі халықтардың бірлігіне алып келеді деген үміттемін. Елімізде қазақ, орыс, ағыл­шын тілдері тең ұсталса, елі­міз экономикалық жағынан да бе­лес­терді бағындырары анық. Соңғы жылдардағы еліміздің елеулі жеңістерінің бірі ЭКСПО-2017 көрмесінен кейінгі әсем құрылыстар қайда қалады деп ойладыңыздар ма?! Ал сол ғимараттар Азияның бизнес орталығына айналғалы тұр. Ол орталықтың ресми тілі – ағылшын тілі болып саналмақ. Бұл еліміздегі туризмнің дамуына алып келер бірден-бір жол. Екіншіден, лингвистика ғылы­мында, көп тіл білетін адамның ойлау аумағы, ой өрісі кең бола­тыны дәлелденген. Адам әр тілді үйрене отырып сол тілдің мәде­ниетімен, салт-дәстүрімен таны­сады. Қазақтың батыры, жазу­шы Бауыржан Момышұлы «Қанша тіл білсең, сонша рет адам­сың», – де­ген екен. Сол себеп­ті әр азамат өз­ге тілдерді өзі үшін үйренуі керек. Үшіншіден, қазір үш тілді меңгеру заманның талабына айналып бара жатыр. Мысалы, мен өзім оқитын біздің мектепте үш тіл тереңдетіліп оқытылады. Ал қазір қазақ тілінде жоқ көп ақпарат орыс, ағылшын тілдерінде табылып жатады. Сол себепті, «Тіл – білімнің қайнар көзі» деп айтсақ қателеспейміз. Уақыт өткен сайын үш тілді меңгеру таңға­лар­лық жәйт болудан қалуда. Бұл біздің еліміз үшін жақсы болмаса жаман емес. Яғни, үштұғырлы тіл ел үмітін алға сүйрейтін желкен! Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында да үштілділікті негізгі мақсат етіп алды. Себебі, ағылшын тілі әлемдегі ең кең тараған тіл. Шамамен бұл тілде жер бетінде бір миллиардтан астам адам сөйлейді екен. Әлем­дегі экономикасы дамыған мем­ле­кеттер – Ұлыбритания мен АҚШ-тың мемлекеттік тілі. Сонымен қатар, ондаған мем­ле­­­кет­тердің ресми тілі. Дүние­­дегі барлық аударма шығар­ма­лардың, ақпараттардың 33 пайызы ағылшын тілінен ауда­рыл­са, 15 пайызы француз тілі­нен, ал 1 пайызы ғана неміс тілі­нен аударылады. Бұл статис­тикалардан-ақ ағылшын тілін меңгерудің қаншалықты маңызды екенін, ақпарат пен білімнің барлығы да сол тілде екенін түсінуге болады. Ағылшын тілін білетін адам жер жүзінде бір миллиард адаммен еркін комму­ни­кацияға түсе алады деген сөз. Бірақ өзге тілді үйренемін деп жүріп өз тілімізді де ұмыту дұрыс емес. Құрметті ақынымыз Қадыр Мырза-Әлидің: Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте, – деген тұжырымы барлығымызға қойылатын талап. Сол себепті тіл – қай ұлттың болмасын тари­хы мен тағдыры, тәлімі мен тәр­бие­сінің түп тамыры екенін жады­мызда сақтауымыз керек. Егер халқымыз үштілділікке көшіп, Елбасымыздың саясатын қол­дайтын болса, Қазақстан­ның дамы­ған 30 мемлекеттің қатарына қосылатынына мен кәміл сенемін. Қанат ИСАБЕК, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы ҚАРАҒАНДЫ