• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2011

68 жылдан соң өзін көрмеген әке басына зиярат

568 рет
көрсетілді

Бәрі де бар, бәрін берген Ел-Дана, Бір бақыттың барлығына сенді ана. Бәйбішем бар, ұрпағым бар, достар бар – Бәрі де бар, менде жоғы сен ғана! Адам бо­йындағы ғұмырлық арманды төрт жолға сыйғызған ақын Қадыр Мырзалиевтің осы жыр жолдарын Аман аға дәл өзі айт­қандай көреді. Өмірі жүзін көрмеген, дауысын есті­ме­ген әкеге деген іңкәрліктің, басылмаған са­ғы­ныштың, көңілдің арғы түкпірінде жасы­рынып, бұйығып жатқан перзенттік сезімнің нәзік пернесін дөп басқан осы жырды көшіріп жазып алып, оның 21 жасында қан майданға аттанып, оралмаған әке қабіріне барғанда түс­кен фотосуреттермен бірге біздің қолы­мызға тиюі де осыдан болатын. Әлқисса, айтылар әңгімені алыстан ора­ғы­тайық. Ел ішінде «Бір сөзі – бір қойлық» атан­ған Даңның шөбересі, араз жұртты та­ту­лас­тырып, береке ұйытқаннан соң Піржан әу­лие атанған текті әулеттің тамыры Сыр бо­йында жатыр. Көзі ашық Піржан ақсақалдың үйі кісі тоқтайтын, ақылдасып тон пішетін берекелі отбасы болды. Сол берекелілігінен осы шаңы­раққа қазақтың игі жақсылары атбасын тірейтін. Атамыздың үйі Қызылорда болған­дық­тан, сол уақытта Ахмет Байтұрсынов жол үс­тінде дәм тартқан уақытта Піржан әулие үйіне соғып тұрады екен. Өз заманының озық ойлы адамдарымен сый­лас болған Піржан ақсақал 4 ұлы мен 1 қы­зына бар мүлкін бөліп, еншісін беріп, өзі ша­ғын малмен қалып, тұқымын кәмпескеден де сақтап қалса, баласы Сақтаған керуен тартқан пысық, іскер азамат болып өседі. Заман ауанын айтып отырар ал­дында әкесі, оның сыйлас адамдары бар Сақтаған бай­лар­дың мүлкі тәркіленбестен бірнеше жыл бұрын көктем сайын ел Сарысуға қарай жайлауға көшкенде қақтың суымен Өзбекстанға өтіп ке­тіп, жылда малдарын сатып, кейін сол жақ­та жан сақтауға болатын орын іздейді. Сөйтіп, аштық белең ала бастаған 1931 жылы Өз­бек­станға ағайын­дарынан 30-40 үйді ертіп алып кө­шіп кетеді. Ал Тәшкеннің түбінде Аққор­ған-Бөке ауы­лында Піржанның Сақтаға­нының шаңы­ра­ғында Дінислам дүниеге келгенде на­ғыз ақ түйенің қарны жарылғандай үлкен қуа­ныш болады. Еті тірі Сақтаған сол қиын кез­дің өзінде соңынан ерген туыстарын далаға тастамай, алдын ала дайын­дығының арқа­сын­да жи­налған түйе­сімен кіре тартқыздырып, аштықтың ащы құй­қасын сезіндірмейді. 5-6 тү­йеге өзінің бір жігітін қосып беріп, шек­ара­ға баратын немесе одан асатын жүктерді тасытқызады. Қызыл әс­керлер күзетімен, жүк таситын осы жігіттер кейде бірнеше айға кетсе, соның барлығын Тәш­кенде отырған Сақ­таған реттестіреді. Соғысқа дейін осылай­ша маңайына қарай­ласқан Сақтаған мен оның бәйбішесі Ділман­қызы Артықшаның өлдім де­генде өмірге келген Дінисламның әрбір қы­лығы, басқан қадамы қатты қуандырады. Дінислам да атасына, әкесіне тартқан алғыр жігіт болады. Ерке бала мектепке 10 жасында ғана барса да, бір жылда үш сыныпқа секіріп, мек­тепті бітірісімен педтехникумға түсіп, оны алтын белгімен тәмамдайды. Оқуын үздік бітірген екі тү­лекке Мәскеудегі Бүкілодақтық көр­меге тегін жолдама берілгенде, соның бірі осы Дінислам болады. Өзімен бірге оқыған қыз Бибісараға үй­леніп, дипломын алып мектепте математика пәнінен сабақ беріп, ар­тын­ша мектеп ди­рек­торының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жүргенінде соғыс бас­талып кетеді. 1942 жылы соғысқа біз сияқты комсомолдар бармағанда кім барады, деп Дінислам май­данға өзі сұранып аттанғанда, келіншегі Бибісараның құрсағында 3-4 айлық шарана қалады. Әкесі аман оралсын деген ниетпен Аман деген есімді иелеген бөбектің әкесін өмір­лік көрмей, оның зи­ра­тына баруды, мүрдесіне тағзым етуді тек 68 жыл­дан кейін ат­қаратындығын ол кезде кім білген. Соғыс кімнің арманын тәрк етіп, кімнің гүлін ерте солдырмады. Жалғызын соғысқа ат­тан­дырып, аһылап-уһілеп қалған ата-анаға Жа­ратқан ие жұбатушысы бар деді ме, Аман ту­ғаннан соң көп өтпей Дінисламының қаза бол­ғандығын жеткізген қара қағаз келген. Әйт­се де кейде қара қағаз келгенімен, арты­нан жарымжан болса да елге оралғандарды көр­генде, кішкентай сәби Ама­нын медет қы­лып отырған қариялар Ислам­дарынан күдер үзбейді. Келіні Бибісара да сол үмітпен соғыс аяқталған соң 2 жылдай кебенек киіп кетіп еді ғой деп жарын күткен. Бірақ үміт жібі де үзіл­гендей. Амал жоқ, ендігі тілегі Аман­дарына ауған ата-ана келіндеріне: «Қара­ғым, басың жас, егер Аманды жетімсіретпеймін десең, үйің осы, бірақ басым жас, тұрмыс құрамын де­сең рұқсат. Бірақ біз Аманды бере алмай­мыз», дейді. Баланы өз туған отанында қал­ды­рып, жылай-жылай Бибісара аттанады. Осы­лайша, соғыс бір үмітін қиған жас келіншек ілгері тілеумен өзге жанмен бас қосады. Жар құ­шып, бала сүйеді. Ал өздерін өзбек жеріне бастап барып, аштық пен қиындықтан құтқар­ған Сақтағанды қадірлеген ағайын-туыс Аманды Сақтаған мен Артықшаның баласы деп қабылдайды. Аман аға айтады: «Қанша қуанышты, ба­қытты, ұлағатты өмір сүрдім десем де, өмір­дің өкі­нішсіз болмайтынына көз жеткіздім. Біреу­лер әкем­нен 5 жасымда қалдым, 3 жасымда ғана қал­дым деп жа­тады ғой, ал маған елес болатындай да бейне жоқ. Рас, атам мен әжем аялады, 10 жасыма дейін атамның арқасында жүрдім, бүкіл ауыл-аймақ Сәкеңнің баласы деп төбесіне көтерді. Бірақ менің әке дейтін ешкімім болмады, ата, әже деп өстім. Тар­шылық көрген жоқпын, алайда менің көңі­лімдегі осы олқылықты кім толтырғандай?! Соғыс аяқталғаннан кейін біз Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына көшіп келдік. Мен 1951 жылы Жуантөбе орта мектебіне бірінші сыныпқа бардым. Ол кезде әжем 50-ден асып, атам 55-ке келген еді. Содан, мен жалғыз болған соң, атам екінші рет үйленді. Ол некеден 3 ұл, 3 қыз өмірге келді. Ал 1961 жылы мектеп бітірісімен Шымкенттегі кең­шар­ларға бухгалтерлер даярлайтың 1 жылдық курсты оқып, еңбек жолымды есепшіліктен бастадым. 1963 жылы наурыз айында Раямен екеуміз отау құрғаннан кейін, Артықша әжем бізді алып бөлек шықты. Топырағың торқа болғыр әжем 82 жасында 1982 жылы дүние салды. Арулап жерлеп, мәңгілік тыныстайтын мекеніне тап­сырдым. Ал соғыстан оралмаған әке аруа­ғымен о дүниеде бір-ақ табысатын шығармын деп жүретінмін. Атам әжемнен кейін қайтты, 1987 жылы 90 жаста бақиға аттанғанда, Артықша әжемнің қасына қойып, екеуінің сыртынан бір орам жасаттым. Алматыдағы Халық шаруашылығы инсти­ту­тында сырттай оқып, 1974 жылы диплом алып шықтым. Қызылорда облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасында бас бухгалтер, облыстық қаржы бөлімінде бастық болдым. Сол жұмыстан зейнеткерлікке шықтым. Әкем дүниеден қызық көрмей, баласының дауысын естімей қаза болды. Тіпті қай жерде қаны төгіліп опат болғанын да білмедік. 1967 жылы Артықша әжемнің құнды заттарын сақ­тайтын қобдишасынан әкемнің 1943 жылғы 13 шілдеде жазған хатын оқыдым. №34523 Да­ла поштасы деген жазуды көргесін Мәс­кеу­дегі Подольск архивіне хат жаздым. 1968 жы­лы Ислам Пирджанов 1943 жылы 19 шілдеде Сталин облысы Степановка селосында қаза болған деген жауап келді. Содан сол жылы қарашаның 15-інде әкеме арнап ас бердік. Жалпы, әкемнің есімі о баста Дінислам қо­йылғанымен, құжатында Ислам болып жа­зы­лып кеткен. Содан алғашқы қызымыз Райхан дүниеге келгенде оның туу туралы куә­лі­гіне Исламова Райхан Аманқызы деп жаз­дыр­тып, әжем Артықшаның қолына ұстаттым. Жұ­қа ғана қа­ғазды аялай сипаған әжемнің дір-дір еткен қол­дары көз алдымда. Одан кейін туған Дін­мұ­хаммедті де Исламов деп жаз­дырдым. Одан соң Нұрымбет, Зәмзәгүл, Нәр­гүл, Арыс өмірге келді. Қазір Рая екеуміз шөп­шегімізді сүйіп отырмыз. Әке көрмеген қызықтың дәмін татып отырған жай бар. Қа­зір Астанада тұра­мыз, қолымда кіші ұлым Арыс бар. Аман аға әңгімесін аяқтағандай. Есепші болғандықтан ба екен, әңгімені де көсіле айтпай, арасында сауал қойып отырмасаң, тоқтап қалады. Бірақ аз айтылған әңгіменің артында әкеге деген қанша сағыныш жатқандығын сезінбеу мүмкін емес. Дауыс құрғыр кейде сыр беріп, дірілдеп кетеді. – Аға, енді 67 жылдан соң әке қабірін қа­лай таптыңыз? – деп тағы да Аман ағаны әң­гімеге жетеледім. – Оған осы өздеріңнің «Егемен Қазақстан» себепші болды. Сіздердің газеттен «Мемориал» атты Ұлы Отан соғысында қаза болған­дар­дың қай жерде екенін анықтайтын сайт бар­лығын оқып, балаларыма айтып едім, олар Интернеттен Пирджанов Ислам Украинаның До­нецк об­лысының Снежянский ауданын­да­ғы, Степановка деген селода бауырластар зи­ратында жер­лен­ген деген ақпаратты тауып ал­ды. Ба­лаларым: «Әке, атамыздың басына ба­рып қай­тайық», дегенде шынымен толқы­дым. Со­дан ұлым Нұрымбет Украинадағы біздің ел­шіліктегі жігіттермен хабарласқан екен, олар Украинаның Мәдениет және туризм ми­нис­трлігіне хат жазыпты. Министрліктен: «...По документам Донецкого областного комиссариата за 1950 г. на территории Степановского сельского совета Снежянского района Донецкой областы значится братская могила на хуторе Сауровка, где похоронены офицерский и рядовой состав 295 и 293 стрелковых полков 5 ударной армии, погибший в июле-августе 1943 г. Общее количество похоронен­ных–132 чел. Фамилии неизвестны. Так же со­общаем, что на данное время село Сауровка относится к Степановскому сельскому совету. В селе есть братская могила, которая находится на гражданском кладбище. Контактный телефон Степановского сельского совета...» деп жазылған хат келді. Ал бұл хат бойынша әкем жатыр деген нақты дерек жоқ. Бірақ, қой, барайық, дедім. Содан Дінмұхаммедім дема­лысын алып, екеуміз жүріп кеттік. Әуелі Киевке, одан Донецк асып діттеген жеріміз – Степановкаға да жеттік. Келсек, 2000-дай адам жатқан бауырластар зираты бар екен. Онда әкемнің аты жазылмапты. Содан жаңағы кенттің адамдары осыдан 20 шақы­рым жерде де ба­уырластар зираты бар дегенге сонда тарттық, онда да жоқ. Бірақ, жоға­ры­да­ғы сайттан алынған дерек бойынша сол күнгі ұрыста әкеммен бірге қаза болды деген адам­дар­дың аты-жөндерін алғашқы 2000 адам жат­қан зираттан таптық. Содан ұлым тұрып: «Атаммен бірге қаза болған жауынгерлер осы жерде жатыр, ендеше, менің атам да осында болуы тиіс», деген уәжге тоқтаған жергілікті басшылық тасқа қашатып әкемнің де атын жаздырды. Қасында Снежное деген қала­шық­та мұсылман мешіті бар екен содан молда алдырып, құран қатым шығарттық. Алдында Ас­танадан аттанарда да «Нұр Астана» мешітінен Қалижан қажы Заңқоев ініме барып құран шығартқанбыз. Сонда ол кісіден: «Жат жерде қалған әке рухы туған жерді аңсап жатқандай, Қа­зақстаннан топырақ апарып, ата-әжемнің зира­тына сол жерден бір уыс топырақ алып ке­ліп салуыма бола ма?» деп сұрадым. Қалижан қажы Алла разы болсын, бұл істеріңізде сауаптан өзге айып жоқ деген еді. Содан елден апарған топырақты әкем жатқан жерге салып, қалтамдағы құтыға сол жерден топырақ алып жатқанымда көңілім алай-түлей болып, жанарым жасқа толды, шырағым. Әке рухымен 68 жылдан кейін тілдесіп, аяғымның астында жатқан топыраққа қарап, бәлкім дәл осы жерге әкемнің табаны тиген шығар деп толқыдым. Өзім әке, ата болсам да сол жерде мен перзент едім. Елге келдік. Қызылорда облысы, Сыр­дария ауданы Айдарлы ауылындағы атам мен әжем жатқан жерге әкеліп Украина топырағын салдым. Олардың көктасының алдына, әке-шешесінен сәл аласалау етіп аты-жөнін, тегін жа­зып, әкеме де белгі орнаттым, шырағым. Екінші шешемнің көзі тірі, ол да бала-ша­ға­сының ортасында. Алдағы жаз, Алла амандық берсе, әкеме арнап ас бермекпін. Менен осыдан басқа не көрді әкем. Хадис шарифте: «Әке шешесінің немесе екеуінің бірінің қабіріне зиярат еткен адамның күнәлары ке­ші­ріледі. Ақыларын өте­ген болады», деп жа­зы­лыпты. Әкеме көрсеткен құрметім осы болды. Ал өмірге алып келген Бибісара анама да құрметімді көрсеткен едім. Зайыбым екеуміз қайтыс бол­ғанында барып, жөнелтістік. Ол тұрмыс құрып, одан бірнеше перзент сүй­ген кісі ғой. Бірақ Артықша әжем ол қайтыс болғанда: «Сен міндетті түрде бар», деп жіберген еді. «Жалғызды жалғыз деме, жалғыздан жасақты ел өседі», дейді халық даналығы. Әкесі 21 жасында майданға аттанғанда, өмірге келмеген жалғыздан жасақты ел тарапты. Бүгінде 48 жыл отасқан жары Раямен бірге немере, шөбере, шөп­шек сүйіп отырған Аман аға Украинаға барған сол сапарында өзінің перзенттік борышымен қатар, ата-әжесінің де арманын жүзеге асырып, оларға Исламынан топырақ бұйыртты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. Астана.