• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2011

Қара алтыннан «қаймақ» айырған

508 рет
көрсетілді

Өңірдің жер асты қазба бай­лық­тарын игеріп жатқан шетелдік компаниялар арасында «СНПС-Ақтө­бемұнайгаз» акционер­лік қоғамы­ның шоқты­ғы биік. Негізгі құрыл­тайшысы Қытай ұлттық мұнай ком­паниясы болып табылатын кәсіп­орын қара алтынды кен орындарын игеруге қаржы салып отырмыз деп қай­сы­бір инвесторлар сияқты кө­мек­ті сырттан сұрамай жергілікті билікпен әріптестік қатынас орна­тып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне баса маңыз беріп келеді. Компанияның үш ұстанымы - мұнай  мен газ өндіру, жаңа кен орын­дарына барлау жұмыстарын жүргізу арқылы оның қорын молайту және әлеуметтік әріптес­тік­ті нығайту бо­лып табылады. Акционерлік қоғам­да қалыптас­қан игі дәстүр – өз­дерінің қол жет­кен табыстарын саралап, бо­лашақ даму жолдарын анықтап оты­ру. Сондай-ақ,өндірістік көр­сет­кіш­терді жетіқат жердің ас­тын­да құпия ұстамай жұртшы­лық­ты хабардар ету, бұл бағытта ашықтық қағидатын ұстану да осы кәсіп­орын­ға тән тәжірибе. «СНПС-Ақтө­бе­мұнайгаз» АҚ бас ди­ректоры Сюй Кэцян республи­ка­лық және аймақ­тық деңгейдегі бұ­қаралық ақпарат құралдары өкіл­дерімен кездесіп,  осы бағыт­та ашық әңгіме өткізуі осының айқын дәлелі. Әңгімесінің әлқис­сасын компанияның бұқара­лық ақ­парат құралдарына көзқа­ра­сы­нан бастаған кәсіпорын басшысы журналистерге компанияның тіршілік тынысы мен жұмысын көр­сетудегі еңбектері үшін алғыс айт­ты. Сондай-ақ, БАҚ-тың ком­па­нияның имиджін нығайтуда үл­кен рөл атқаратынын, шыншыл сынның да пайдасы зор екенін атап өтті. Сюй Кэцянның айтуынша, ком­­пания аймақтық индустрия­лан­­дыру картасына енгізілген үш бірдей жобаны бүгін-ертең пай­да­лануға беруге дайындалуда. Өткен жылы Солтүстік Трува кен ор­нында жылына 3,5 миллион тонна мұнай дайындайтын кешенді сы­ғым­дау стансасы, Жа­ңажол кен орнында жылына 4 миллион тонна шикі мұнай дайындайтын  төр­тінші зауыт жә­не Оңтүстік Жаңажолда жылына жер қабатына 1,5 миллиард тонна газ айдайтын станса іске қосылды. – 2010 жыл тұтастай алғанда ком­пания үшін өте маңызды ке­зең болды. Әлемдік экономика өзінің құрылымдарын  ұдайы өз­гер­тіп оты­ра­ды, қаржы нарығы кеңейе түсуде. Қаржы дағдарысы  салдары әлі  жо­йыла қойған жоқ. Дегенмен, біздің үл­кен ұжым қоян-қолтық ынтымақ­таса жұ­мыс істеп, алға қойған міндеттерді ойдағыдай орындады деуге то­лық негіз бар, – деді ол. Компания кәсіпорынның бо­ла­шақта дамуы үшін шикізат қо­ры­ның мол болуы қажеттігін әл­де­қа­шан түсінген. Сондықтан да дайын асқа тік қасық болмай, жа­ңа кен орнын  барлау және іздестіру ба­ғыт­тарын ұстанып отыр. Соңғы он жыл ішінде бұл ба­ғытта көптеген жұмыстар жү­зеге асырылды. Со­ның нәти­же­сінде қазірдің өзінде екі бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Өткен жылдың қо­ры­­тындысы бойынша нақтылан­ған алынатын мұнай көлемінің қоры өндіру кө­лемін жылына 6,5 миллион тон­наға жеткізуге мүм­кін­дік берді. Осын­дай іргелі ізденістер мен жұ­мысты ұйымдас­тыруды жетілдіру нәтижесінде  «СНПС-Ақтө­бе­мұнайгаз» АҚ 2009 жылы өз тарихында тұңғыш рет  6 миллион 50 тонна мұнай өндірді. Ал 2010 жылы бұл көрсеткіш был­тыр­ғыдан тағы да 50 мың тон­наға артты. Жаңа кен орындарын ашу мен игеруде де тиімділік айтар­лық­тай жоғары болып отыр. Ал күр­делі капиталға инвестиция салуда да кәсіпорында ілгерілеушілік бар. – 2009 жылы 688 млн. доллар инвестиция игерілді. Ал 2010 жы­­лы 900 млн. доллар инвестиция салу жоспарланған-ды. Жыл аяғына дейін 860 млн. доллардан астам қаржы игерілді. Инвес­ти­циялық қаржыны үнемдеуге біз технологиялық үдеріс­терді оң­тай­­лан­дыру, жобалық-сме­талық құ­жаттарды, құрылымдар  жә­не тех­нологиялық үдерістерді жетілдіру нәтижесінде қол жеткіздік. Алайда, жоспарлы жұмыс көлемі толық орындалды, – дейді Сюй Кэцян мырза. Компанияның бұдан да та­быс­ты жұмыс істеуіне ықпал ететін жоғарыда айтылған үш ин­вес­ти­циялық-инновациялық жоба тура­лы да кәсіпорын басшысы таратып айтып берді. Өздері жү­зеге асыруға бастамашы болған бұл жобалардан компанияның күтері мол. Игілігі мол инвестициялық жобалар Жылдық қуаты 3,5 миллион тонна мұнай дайындайтын Сол­түстік Трува кен орнындағы кешенді сығымдау сорғы стансасы – негізінен сорғы стансасы құры­лы­сы мен газды сыртқа тасымалдау және сығымдау қондырғысын біріктіреді. Стансаның өндірістік қыз­метіне мұнай ұңғымасынан газ сұйықтық қоспасын басымдықпен қабылдау, газ сұйықтық екі фазалы көп сатылы герметикалық бөліну, газ бен сұйықтықты жекелеп өлшеу, сондай-ақ газ бен сұйықтықты сырт­­қа айдау үшін жеке  тығыздау жатады. Бөлініс үдерістері өткен­нен кейін құрамында суы бар мұнай Жаңажол кен орны құбыр желілері арқылы орталықтанды­рыл­ған тазалау жүргізілетін №4 мұнай дайындау зауытына жөнел­тіледі. Бұл нысанды  пайдалануға беру сыртқы рынокқа сапалы тауар­лы газ бен мұнай жеткізудің көле­мін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мұнайға ілеспе газдан айырыл­ған шикізат  биылғы басты жоба­лар­дың бірі -№4 мұнай дайындай­тын зауытқа айдалады. Мұнда мұнай тиісті стандарттарға жеткізіліп, ма­гистральды мұнай құбырла­рына ай­далады.  Оның жылдық қу­ат­­­­тылығы 4,0 млн. тонна қара ал­тын дайын­дауға негізделген. Ал құ­рылыс құны 16 500,0 млн. теңге құрайды. Зауыт – қазіргі жұмыс істеп тұр­ған Жаңажол кен орны мұнай-газ кешенінің технологиялық ныса­ны. Ол – Жаңажол және Солтүстік Трува кен орындарының мұнайын дайындауға арналған. Солтүстік Тру­ва кен орындарындағы ұңғы­мадан шығатын мұнай сұйықтығы қоспасы мұнай жинау магис­тральды құбыр желілері арқылы сы­ғымдау сорғы стансасына түсе­тін болады, онда қоспа екі фазалы бөлінуден өтеді. Үдерісі жүргеннен кейін ілеспе газ қабатқа тазар­тыл­маған газды сығымдау стансасына айдалатын болады, ал бөлектенген құрамында суы бар мұнай құбыр желілерімен №4 мұнай дайындау зауытына әзірлеу үшін жөнелтіледі. Бұл нысанды пайдалануға беру нәтижесінде компания талай жыл­дар бойы алауға жағылып келген газды бұқтырып қана қоймай, оны ел игілігіне жарату мәселесін түбе­гейлі шешеді. Жаңа нысанды іске қосу сондай-ақ, атмосфераға зиян­ды қалдықтардың шығуын елеулі түрде төмендетуге және мұнай өн­діру аумағында экологиялық ахуал­ды жақсартуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай мұнайға ілеспе газ Ресейдің тұтыну жүйесімен ғана шектеліп отыр, Бұл көгілдір отын­ды өткізу өндіру көлемінен кейін қалып келеді, ен байлықтың пай­дасын толық көре алмай отыр­ға­нымыз да сондықтан. Қабатқа тазартылмаған газды сығымдау бойынша компрессорлық станса – өзінің негізгі өндірістік қыз­метінде кен орнынан ілеспе газды құрғату және тығыздау жұ­мыс­тарын жүргізеді. Құрғату шара­сынан кейін табиғи газ тарамдар бойынша газ тығыздау ұңғы­масы сағасына келіп түседі. Компания басшысының айтуынша, биылға газ­­ды алауға жағуға белгіленген лимит 330 миллион текше метр болса, қазір 300 миллион текше метрден аздау құрайды, біраз кемітуге ал­ғышарт жасалуда. Қабатқа газды қай­та айдау стансасының тиімділігі сонда табиғи ортаға ілеспе газдың қал­дықтары шығуын азайтады жә­не қабаттардағы қысымды ұстап тұрады. Мұны табиғи газ қоймасы десе де болғандай. Жер қабатына айдалған газды кез келген уақытта игілікке жаратуға әбден болады. Осы үш инвестициялық жобаға жұмсалатын қаржы 350 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазір осы нысандардың құрылыс жұмыс­та­рын­да 2 мың адам, соның ішінде 250 қытайлық маман еңбек етеді. Қы­тайлық мамандар іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізу­де, ны­сан­дар пайдалануға берілгеннен кейін елдеріне қайтады. Бұл нысан­дар іске қосылғанда жаңа 150 жұ­мыс орны ашылады. Әлеуметтік әріптестікке адалдық Компания 2009 жылы ғана де­­меу­шілік-қайырымдылық ша­ра­­ла­рына 783 млн. теңге бө­ліп, жыл қорытындысы бо­йынша  «СНПС­-Ақ­төбемұнайгаз» АҚ «Үз­­­­дік әлеу­меттік жоба» номи­нация­сын­да «Парыз» – бизнестің әлеумет­тік жауапкершілігі бо­йын­ша мем­лекеттік конкурстың лауреа­ты атанды. Әлемдік қаржы дағ­дарысының беті қайта бас­тауы және мұнай бағасының сәл де болса көтерілуі компанияның эко­номикалық тиімділігінің жақ­сара түсуіне ықпал етті. Бұл кәсіп­орынның әлеуметтік мә­се­лер­ді шешуіне қолайлы жағдай туғызды. Компания  былтырдың өзінде  жұмысшылардың еңбека­қы­сын екі рет көтеріпті. Сондай-ақ, ұжымда мұқтаж жандарға кө­мек-қолдау көрсету шаралары жү­йелі түрде жүзеге асырылуда. 2010 жылы Елбасының Жарлы­ғымен 2008 жылдан бері өткі­зіліп келе жатқан бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі бойын­ша «Парыз» конкурсына қатысқан 434 компанияның ішінен «СНПС­-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қо­­ғамы жеңімпаз болып, Гран –при сыйлығын иеленді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан акционерлік қоғам облыстың әлеуметтік-мәдени саласына көп­теп қаржы бөліп келеді. – Елбасы қолынан мұндай жоғары дәрежелі сыйлықты алу мен үшін үлкен құрмет. Сондай-ақ, бұл тек біздің компанияның ғана жеңісі емес, бүкіл облыс тұр­ғындарының табысы. Ақтөбе облысындай қазыналы өңір болмаса, біздің компанияның да бол­майтынын сезінеміз. Бұл сый­­лық бізді жаңа табыстарға жетелейді, әлеуметтік жауапкершілікті бұ­рын­ғыдан да арттыра түседі. Мұ­найлы өңірдегі әлеуметтік мә­се­лелерді шешуге бұдан былай да атсалыса береміз. Біздің  компания демеушілік-қайырымды­лық шараларын жасаудан ешқа­шан да бас тартқан емес, бұл қызме­ті­міздің маңызды буыны болып табылады. «СНПС-Ақтө­бе­мұ­най­­­­­­­­­­­­­газ» АҚ мен облыс әкім­дігі ара­сында жасалған әлеумет­тік-эко­но­микалық ынтымақ­тас­тық ту­­ралы меморандумға сәйкес был­тыр 600 миллион теңге бөлінді, – дейді  Сюй Кэцян. Оның мәлімдеуінше, бір ау­ыл­­ға 320 миллион теңгеге мә­дениет үйі салыныпты, екі от­ба­сыға пә­тер сатып әперіліпті. Сондай-ақ, кен орындарына таяу орналас­қан елді мекендердің тұрғын­да­рына да тұрақты түрде әлеуметтік кө­мек көрсетіледі екен. Жалпы, ком­панияның әлеу­меттік көмекке, қа­йырымдылық шараларына бөл­ген қаржысы жыл аяғына дейін 1 мил­лиард тең­геден асып түсті. Кә­­­сіпорын өңір тұрғындарына мұ­най­ға ілеспе  газды арзан баға­мен жеткізіп беруде. Бір мың текше метр газдың өзіндік құны 100 доллар болса, орташа өткізу ба­ғасы 14,3 дол­ларды құрайды екен. Осы­ның өзінен-ақ, акционерлік қоғамның адамдарға жасап отыр­ған жақ­сылығының қаншаға түсе­тінін есептей беріңіз. Бірақ, адам­дар­дың мұң-мұқтажына селқос қа­ра­майтын, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінетін ком­пания басшылары мұндай шы­­­­­­­­­ғындарды шотқа қағып жат­пайды, керісінше жылдан-жылға қайырымдылық шараларының ау­қымын кеңейтіп, оларға бө­лінетін қаржы көлемін көбейтуге ниетті. Өткен жылы «СНПС-Ақтөбе­мұнайгаз» АҚ-да спорттың сегіз түрі бойынша ауқымды түрде спартакиада өтті. Екі күнге со­зылған бұл үлкен шараға акционерлік қоғамның барлық бөлім­шелерінен жұмысшы-қызмет­кер­лер қатысты. Қоғам басшылығы аталған шараны өткізуге, сый­лық­тар алуға қомақты қаржы бөлді. Осының бәрі жұмысшы-қызметкерлердің еңбек өнім­ділі­гін арттыруға, ұжымда саламат­ты өмір салтын қалыптастыруға бағытталуда десек артық айтқан­дық бола қоймас. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.