• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2016

Жаңару жолындағы Жетісу

443 рет
көрсетілді

Үлкен мүмкіндіктерге жол ашты

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары Жетісу жерінде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баспасөз мәслихатында баяндады. «Биыл «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың тәжірибелік кезеңі басталды. Жоспарды жүзеге асыру үшін облыста арнаулы комиссия және бес жұмыс тобы құрылды. Жалпы, облыстар әкімдерінің құзыретіне 57 қадам кіреді, оның 48-ін іске асыру басталды. Ал тоғыз қадам бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі қалыптасқан жағдайға қарамастан, былтырғы жылды жақсы нәтижемен аяқтадық. Алға қойған міндеттер орындалды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында экономикалық жетістік сақталды. Негізгі басымдықты өндірістің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге аударамыз», деп сөзін бастаған өңір басшысы одан әрі есебін былай сабақтады. «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» бойынша он қадам іске асырылуда. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесін құрудың мансаптық қағидасы енгізіліп, алдыңғы орынға мемлекеттік қызметшілердің құзыреті мен жеке қасиеттері шығарылады. Ал мансаптық өсу үшін төменгі лауазымдарда жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті. Қызметке алғашқы рет кірісетіндер міндетті сынақ мерзімінен өтеді. Жыл басынан бері облыс бо­йынша төменгі лауазымдарға орналасуға 69 жалпы конкурс жарияланды. Нәтижесінде 15 адам тағайындалды. 28 мемлекеттік қызметші сынақ мерзімінен өтуде. Ашықтық пен жан-жақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық конкурстық комиссияларда қадағалаушылар қатысады. Ұлт Жоспарының 5-6-қадамдарына сәйкес мемлекеттік қыз­мет­шілердің еңбекақысын қызмет нәтижелеріне қарай арттыру көзделуде. Осыған байланысты «А» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілермен келісімдер жасалды. «Б» кор­пусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің қызметін баға­лау әдістемесі бекітілді. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының 3755 жеке жоспарлары жасалып, оларды бағалау жөніндегі комиссиялар құрылды. Сегізінші қадамның аясында мемлекеттік қызметшілердің ауысуы кезінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 139 бір­лік қызметтік тұрғын үй бар. Талдықорған қаласында 55 пәтерлі үй салынуда. Тоғызыншы қадаммен мемлекеттік қызметшілерді үш жылда бір рет тұрақты оқыту жүйесі белгіленді. Бекітілген кес­те бойынша жыл басынан бері 76 мемлекеттік қызметші оқытылса, жыл соңына дейін тағы 885 адам немесе біліктілігін арттыруы тиіс адамдардың – 25%-ы оқытылуы қажет. Оған 40,5млн. теңге бөлінді. 12-қадамға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің этикасына ерекше көңіл бөлінуде. Жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында жемқорлықпен күрес жөніндегі өңірлік жоспарлар қабылданды. 30-қадамды жүзеге асыру үшін ағымдағы жылдың қаңтарында облыстық, аудандық және қалалық жергілікті полиция қызметтерінің басшылары тағайындалды. Олар­дың 1976 бірлік көлемде штаттық саны, ережесі және құрылымы бекітілді. 60 қызметтік автомашина, 166 бейнетіркегіш сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 300 құрылғы алынып, қажеттілік 100 пайыз орындалады. Бұл мақсатқа 450 млн. теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта облыста құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ведомство­аралық комиссия жұмыс іс­тейді. Қоғамда тәртіпсіздіктер мен құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асы­рылуда. Полицияның ашық­тығын қамтамасыз ету мақ­сатында облыстық ішкі істер департаментінің жанында 8 адамнан тұратын қоғамдық кеңес құрылды. Бұл кеңес халық пен ішкі істер органдары қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасын, аза­маттардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғауды қам­тамасыз етеді. Интернет-порталға қосылу үшін бүгінгі таңда облыс орталығының және барлық аудан орталықтарының геоақпараттық карталары әзір­леніп, Бас прокуратураға берілді. Өзге елді мекендердің карталары кезең-кезеңімен әзірленуде. «Индустрияландыру және экономикалық өсім» саласына келсек, үшінші бағыт бойынша 35, 36-қадамдарға сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді нарықтық айналымға енгізу үшін түгендеу жүргізілді. Жер телімін пайдаланудың мо­ниторингін жүргізу үшін облыстың электронды жер картасы әзірленді. Нәтижесінде пайдаланылмайтын 272,7 мың га жер анықталды. Қозғау түскен соң, 77,4 мың га жер пайдаланыла бастады, 15,1 мың га жер аудандарға қайтарылды, иесіз 53,9 мың га бойынша материалдар мемлекет меншігіне қайтару үшін сотқа беріледі, 14,4 мың га. жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді аукционға шығарылады. Құрылыс бойынша 46-қадам­ның аясында рұқсат алу әрекетін оңтайландыру жүргізілді және үш сатылы қағида енгізіліп құжаттарды беру мерзімдері екі еседен астам уақытқа қысқарды. Фискальдық саясатта 41-қадам бойынша мүлік пен ақшаны заңдастыру жалғасады. Бүгінгі күнге жалпы құны 198,8 млрд.теңгені құрайтын 25 мыңнан астам нысан заңдастырылды. Оның ішінде 674,6 мың ш.м. 24,1 мың – тұрғын үй және 277,5 млн.теңге сомасында қаражат заңдастырылды. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 56-қадам аясында мемлекеттік меншікті жекешелендіру жүр­гізілуде, қалпына келтіру жә­не банк­роттық әрекеттер жетіл­дірілуде. 2014-2015 жылдары 6 кәсіпорын жекешелендірілді, 2020 жылға дейін тағы 53 нысанды жекешелендіру кестесі бекітілді.77,4 млрд. теңге қарызы бар 142 кәсіпорын банкроттық әрекетінен өтуде. Оның ішінде бүгінгі күнге 8 кәсіпорын банкрот деп танылды, 11-і таратылды, 16-сы қалпына келтіру сатысында, 116-сы қарастырылуда, ал бір кәсіпорында жаңа әрекет –борышкер мен несие берушінің арасында төлем қабілетсіздігін реттеу құралы қолданылды және ол енгізілген өзгертулерге сәйкес жұмыс жасауда. Электр энергетикасына келсек, жалпы республика бойынша энергия беретін ұйымдарды ірілендіру көзделініп отырғаны анық. Бұл энергия үнемдеу сенімділігін арттыруға, электр энергиясын беру шығындарын және тұтынушылар үшін құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Облыста екі ірі өңірлік электр желілік компаниялары жұмыс істейді. Алматы аймағында – «АЖК» АҚ, ал Талдықорған өңірін­де «ТАТЭК» АҚ. Электр жүйелері бойынша түгендеу жүргізіліп, бүгінгі күнге ол жұмыс 11 ауданда аяқталды. Ұлт Жоспарының «Индус­трияландыру және экономикалық өсім» атты үшінші бағытын жүзеге асыруда инвестиция тар­ту жергілікті атқарушы орган­дардың негізгі міндеті болып табылады. Облыста өңірлік Инвесторлар кеңесі құрылды. Инвестиция тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, «бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларға қызмет көрсетуде өңірлік орталық жұмыс істейді. Инвестициялар бойынша мемлекеттік комитет, шетелдік инвесторлар кеңесі құрылып, ірі инвесторлар тартылған. Нәти­жесінде облыс аумағында брендтік өнім шығаратын «Coca-Cola», «Danone», «FoodMaster», «Knauf», «Efes», «TerraNOVA» сияқты белгілі компаниялар жұмыс жүргізіп отыр. 2015 жылы трансұлттық компаниялардың қатысуымен Қарасай ауданында «Tikkurila»(Финляндия)лак-бояу зауыты ашылды, «Danone» және «Coca-Cola» өндірістерін кеңейтті. Осы кезеңде ірі отандық компаниялар пайда болды. Олар әлемдік деңгейге өз атымен шығуда. Олардың 32-сі Ұлт Жоспарының 62-қадамының аясында «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысты. Алматы облысы бойынша «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ өткен жылы бес кәсіпорынды таңдаған еді. Оның ішінде төртеуі – тағам өнеркәсібіндегі «АлельАгро» АҚ, «Galans Bottlers» АҚ,«АПК «Адал», «RG BRANDS Kazakhstan» ЖШС. Үстіміздегі жылы бағдар­ламаға қатысуға тағы төрт кәсіп­орын өтініш берді. «Ұлттық чемпиондар» экономикалық өсім мен отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың жаңа бастау көздері болады. 60-қадам ауылда кооперацияны дамыту арқылы сүт өндіру және өңдеуге стратегиялық инвесторлар тартуды көздейді. Облыста 680 мың тонна сүт өндіріледі, оның 85%-ы жеке ауыл шаруашылықтарына тиесілі және сүт зауыттары сапалы шикізат тапшылығына тап болады. Бүгінде осы  салада «FoodMaster» және «Danone» екі трансұлттық компания жұмыс жасайды. Алакөл ауданында «Қайыңды» ЖШС-мен бірге 2,4 мың басқа заманауи сүт тауарлық фер­маларының құрылысына және қуаты тəулігіне 100 тонна болатын сүт өңдеу зауытының құрылысына Германиядан «Agrial» инвесторы тартылды. Қажетті құралдар мен ІҚМ жеткізушілерімен келіссөздер жүргізілді. «Ырыс» бағдарламасы бойынша 1000 басқа 9 СТФ құру жоспарлануда, оның біреуі белоруссиялық «СтройАгро» компаниясының жобасы бойынша Көксу ауданында «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ-тың қатысуымен құрылады. Барлығы 10 сүт-тауар­лық ферма салынады. Іле ауданында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бо­йынша 24 шаруа қожалығын біріктірген 1480 басқа кооператив құрылды. Қаратал ауданында «Үштөбе Айдын» сүт зауытының айналасында 6 сүт қабылдау пункттері ашылды. Нәтижесінде ұйымдастырылған шаруашылықтардан шикізатты жеткізу 15%, 20%-ға артты, сүт өндірісі – 8,3 мың тоннаға артып 688,2 мың тоннаға жетті, сүт зауыттарын жүктеу 75%-дан 81%-ға артты. 61-қадам аясында ет өндірісін және өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту міндеті қойылуда. Бүгінгі таңда 19,0 мың басқа алты ірі жемдеу алаңы жұмыс жасайды, оның ішінде үшеуі  «ӨтесБиоАзия» ЖШС, «Жақсылық» шаруа қожалығы және «Империя Фуд» ЖШС 67 шаруа қожалықтары үш кооперативке біріктірілуде. Үстіміздегі жылы 16,9 мың басқа тағы 12 жемдеу алаңы іске қосылады. Екі ет өңдеу зауытының құрылысы басталады: қуаты сегіз мың тонна болатын ирандық «Империя Фуд» компаниясы және Қарасай ауданында қуаты жылына 10 мың тонна болатын «Үміт» ЖШС. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша ет өндірісі 14,6 мың тоннаға артып, 330,4 мың тоннаға жетті. Экспортқа екі мың тонна жеткізіледі. 56-қадам «Экономиканың басым секторларына «зәкірлі» инвес­торлар тарту» аясында жалпы инвестиция көлемі 34,7 млрд. теңгені құрайтын үш ірі жоба жүзеге асырылуда. Шамамен 500 жұмыс орны құрылды. Оның бірі ирандық «Империя Фуд» компаниясының ет комбинаты және екеуі – ресейлік компания­лар. Бұл – Іле ауданында 60 гек­­тар жерде «ЭКО-культура» агро­холдингі өнеркәсіптік-жылы­жай кешенінің құрылысы. Бірінші кезеңде 20 гектар алаңда қуаты жылына 15 мың тонна томат өңдейтін жылыжай кешені салынады. 260 жұмыс орны құрылады. Май өнімдерін өндіретін «ЭФКО» компаниясы өткен жылдан бері майбұршақты Ақсу, Көксу, Ескелді, Алакөл және Сарқан аудандарының шаруа қожалықтарынан сатып алып, Алматы қаласында өңдейді. Енді олар Талдықорған индустриялық аймағының ау­мағында 350 мың тоннаға дейін майбұршақ өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Болжамды іске қосу мерзімі – 2017 жыл деп белгіленді. Мемлекеттік қолдаумен бақтар алаңын 20 мың гектарға дейін жеткіздік. Оның ішінде екі мың гектары – апорт бақтары. Биылғы жылы инвесторлардың қатысуымен 1350 гектар интенсивті бақтар отырғызу жоспарлануда. 57-қадам.Туризм саласында стратегиялық инвесторларды тартуға қатысты «зәкірлі» жобалар тізіміне «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы кірді, инвесторы – «Steppe Capital» АҚ. Жобаны жүзеге асыру аясында Талғар ауданында «Ақбұлақ» шипажай-сауықтыру кешеніне апаратын «Бірлік-Алмалық-Рысқұлов-Қаз­строй-Ақбұлақ» автожолының құрылысы жүргізілуде. Алакөл көлінде жағажай және сауықтыру туризмін дамыту үшін «Falcon Petroleum», «AQUAMARINE resort» ЖШС, «Каримов» ЖК инвесторлар тартылды, олар 400 орынды бес жұлдызды қонақүй және 500, 300 орынды қонақүй кешендерін салуда. Біз үшін 65-қадамның маңызы зор, оның аясында Еуразиялық трансконтинентальді дәліз құру жөніндегі жоба жүзеге асырылуда. Оның Қорғастан Ақтау портына дейінгі екінші бағыты облысымыздың аумағы бойынша өтеді. ҚХР шекарасында Қорғас ШЫХО іске қосылды, 2015 жылдың желтоқсанында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА» құрғақ портының бірінші кезегі іске қосылды, 47 мың контейнер тасымалданды, ағымдағы жылы 200 мың контейнерді өңдеу жос­парлануда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының ұзындығы 304 шақырым болады. Бүгінгі таңда 23 жекеменшік медициналық ұйым жұмыс жасайды, оның 12-сі мемлекеттік тапсырыс алады. Медицина қызметтерінің сапасын бақылау мақсатында Талдықорған қала­лық ауруханасында бірыңғай Call – орталығы құрылып, 60 медициналық ұйым қосылды. 84-қадамға сәйкес әлеуметтік көмекті оңтайландыру жүр­гізілуде, бұл мақсатта «Өрлеу» жобасы жүзеге асырылуда. Оның мәні асыраушылықты жою болып табылады. Облыста 103 этнос өкілдері тұрады, 71 этномәдени бір­лес­тіктер жұмыс жасайды. Облыс «Үлкен Ел – Үлкен Отбасы», «Менің елім», «Нұрлы болашақ» ұлттық жобаларына белсенді түрде қатысады. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін қаражат төрт қаржы­ландыру көзінен – Ұлттық қордан, республикалық, жергілікті бюджеттен және жекеменшік инвестициялардан алынады. Сон­дықтан, біздің жұмысымызда ең бастысы инвестиция тарту болып табылады.

Қоғамдық кеңес қауқары

Талдықорғандағы журналис­тер үйінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйытқы болуымен қалалық әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Жек­сембай Мейрамбаев журналистермен кездесіп, бірқатар сұрақ­тарға жауап берді. Негізі Ұлт Жоспарының 99-қадамында стратегиялық жос­пары мен мәртебесі заңмен бекітіліп, мем­лекеттік шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету сын­ды құзыреті нақтыланған қоғамдық кеңестің жұмыс істеу ережесін тәптіштей түсіндіруден басталған әңгімеде біраз жайттар ортаға салынды. Сөз ретіне орай қаржы мәселесінің қаралмағаны да айтылды. Бірақ, сөйте тұра, оның құрамына өтуге ниет біл­діруші­лердің көптігі де жасырын емес. Бүгінде қаланы көгалдандыру жұмысына белсене кірісу үшін қажетті қала көшелерімен ағып өтетін су мәселесі өзектілігінен таймауда. Себебі, тұрғын үйлер мен жекелеген ғимараттарды салу кезінде су ағатын арықтар қарас­тырылмаған. Бұрынғы арықтар бітеліп қалған. Міне, осы бір ғана мәселені шешуде билік қоғамдық кеңессіз қауқарсыз болып тұр. Сондықтан, қалалық қоғамдық кеңестің 21 мүшесі билік пен халықтың арасындағы алтын көпір­ге айнала ала ма? Оны уақыт көрсетеді.

Өнімдері шетелге шығарылуда

Ұлт Жоспарының 62-қадамын­да «Экономиканың шикізаттық емес секторындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «Ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру, Бизнес-көшбасшыларды айқындау ноу-хау трансферті үшін біліктілік орталықтарын құру мүмкіндігін береді» деп нақтыланғаны мәлім. Оны іс жүзіне асыру бағытында былтырғы жылы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Алматы облысы бойынша 5 кәсіпорынды таңдап алған еді. Соның бірі Талдықорған өңірінде 40 жылдан астам уақыттан бері автокөліктерге, ауыл шаруашылығы және әскери техникаларға қажетті аккумуля­торлар шығаратын «Қай­нар АКБ» өндіріс орны болып саналады. Заман ағымына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серік­тестік болып қайта құрылған ұжым жылдан-жылға қанатын жайып, сапалы өнімдерін шет мемлекеттерге шығарып сатуда. Шыны керек, нарықтық экономиканың ықпалымен рынок­тағы уақыт­ша тұрақсыздық салдарынан алып кәсіпорын бірқатар қиындықтарға тап болған-тын. Әрине, жұмыс орнын сақтап, өнім шығаруын тоқтатпағанымен алаңдаушылықтың туындағаны жасырын емес. Міне, сол кезде Ұлт Жоспарына сәйкес биліктің қолдауымен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік бағдарламаға сүйене түйінді мә­селенің оң шешімін табуына жол көрсеткен еді. Нәтижесінде өндіріс орны қарқын ала еңбек көрігін қыздыра білді. Сондай-ақ, құзырлы органдар тарапынан заңнама талабына сәйкес, аталған өндіріс орнының көрсетіп отырған қызметіне тексеру жүргізілген-тін. Әлбетте, бизнестегі әрекеттерін жақсарту бойынша ұсыныстар түсіріліп, кеңес те берілген. Бір сөз­бен айтқанда, жан-жақты қолдау алған еді. Сөйтіп, Ресей мен Қытай нарығына шығу, Қазақстан нарығындағы импортты алмастыру үшін «Үнемді өн­діріс» тәжірибесін енгізу, бағалау тәсілдерін жақсарту, сауданы басқару дағдыларын дамыту бойынша дайындалған ұсыныстар бүгінгі таңда кәсіпорынға ен­гізілуде. Негізінен Талдықорғандағы «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығаратын өнімінің 60-64 пайызы шетелге экспортталса, қалған өнім ішкі рынокта сатылуда. Жалпы, жылына 3 миллион дана аккумулятор шығаруға қуаттылығы жететін бұл кәсіпорын аккумулятордың 24 түрін жасайды. «Қазақстанда шығарылған» деген белгісі бар тауарға Ресей мен Белоруссиядан, сондай-ақ, Азия мемлекеттері мен Балтық жағалауындағы елдерден тұрақты түрде түсетін сұраныс жоғары. Әрине, жұмыстың қар­қынды жүруі мемлекеттің қамқорлығына байланысты бол­ғандықтан кәсіпорынның қайта жаңғыруына, өнімнің түрі мен көлемінің артуына өлшеусіз көмек көрсетілгендіктен бәсекеге қабілетті тауар сұранысқа орай молынан шығарылуда. Сонымен қатар, Талдықорғандағы «Қайнар АКБ» аккумулятор зауытының тағы бір артықшылығы тәулігіне 5 тонна ескі аккумулятор сұрып­тайтындығы болып саналады. Бүгінгі күнде зауыттағы 765 жұмысшы айына 60-120 мың теңге аралығында айлық жалақы алып, 3 ауысыммен жұмыс іс­теуде. Өткен жылы «Қайнар АКБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 900 миллион дана аккумулятор шығарса, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 200 миллион дана өнім шығарып үлгерді. Еңбек көрігі қызған сайын шетелдік және отандық тапсырыс берушілер тарапынан сұраныс та молынан түсуде. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі  Нұрбол Әлдібаев