• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2016

Төрткіл дүние тыныш өмір сүруге құқылы

1068 рет
көрсетілді

Қызылорда облысындағы «ҚазГерМұнай» бірлескен кәсіпорны» ЖШС геология және игеру депар­таментінің директоры Карл Макс ГИЗЕМАНН: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемді бейбіт өмірге үндеген, жаппай-қырып жою қаруынан бас тартып, татулыққа шақырған Вашингтондағы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі тек қазақстандықтардың ғана емес, тұтас жер-жаһанның қолдауына ие болып жатыр. БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде тіркеліп, онымен ұйымға мүше мемлекеттердің халқы танысып, мәні мен маңызы артып отыр. Шындығында, бұл – біз үшін зор мәртебе. Өйткені, мынадай аласапыран заманда әлемдік бағыттың бағдарын Қазақстан ұсынды. Ал оны өзгелер қолдады. Егер осы бағытта дами беретін болса, онда жер бетінде тыныштық болады деген сөз. Осы орайда, біз Қызылорда облысындағы «ҚазГерМұнай» бірлескен кәсіпорны» ЖШС геология және игеру депар­таментінің директоры Карл Макс ГИЗЕМАННМЕН әңгі­мелестік. Германия азаматымен болған әңгімеміз төмендегідей өрбіді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жасаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін қалай қабылдадыңыз? Не түйдіңіз? – Ядролық қауіпсіздік мәселесіне орай Қазақстанның ұстанымы әлемге аян. Сондықтан Қазақ елінің әлемді ядролық қауіпсіз өмірге шақыруы, осы жолда үлкен іске бастамашы болуы заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені, Жер планетасы жаппай-қырып жоятын қарудан ада болып, адамдар бейбіт ғұмыр сүруге лайықты. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды еш уақытта тоқтатпай, қайта сәт са­йын адамзат баласына соғыстың залалын айтып, тату-тәтті өмірге шақырып отыру керек. Ал әлемдік саясат қоқан-лоқыға емес, түсі­ністікке құрылуы қажет. Дегенмен, әзірге мұндай ұстанымды барлық ел қолдап отыр дей алмаймыз. Ескі сүрлеуден шыға алмай, жаңаша ойлауға жете алмай жүрген мемлекеттер бар. Сол себепті өзге елдерге Президент Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі үлкен ой салады деп сенемін. Ядролық қарусыз әлем қалып­тастыру жолында Қазақстан үлкен еңбек сіңіріп келеді. Мысалы, антиядролық құжаттың орындалып, Иран мен Батыс елдерінің арасындағы қатынастың ретте­леуіне Нұрсұлтан Назарбаев ерекше үлес қосты. Кешегі Иранға арнайы ресми сапармен баруы да осы сөзіміздің дәлелі болса керек. Қазақстан Президентінің араағайындық жасауы арқылы талай жылдан бері созылып келе жатқан мәселе бір шешімін тапты. Бұдан не түйеміз? Әлемді жаппай-қырып жоятын қарумен қорқытып ұстауға болмайды. Ал атомды бейбіт мақсатта қолдануға, адамзаттың игілігіне пайдалануға болады. Осындай өзара түсіністік­тен кейін көп жылдарға созылған даулы мәселеге нүкте қойылғандай әсерде отырмын. Бұл тарапта әлем Назарбаевтың еңбегін айрықша бағалайды. – Қазақстан басшылығы тәуелсіздік алған бойда Семей ядролық сынақ полигонын жапқанын білесіз. Осы орайдағы пікіріңізді білсек... – Әрине, Семей полигоны халықтың денсаулығына зиянын тигізіп, экологиялық ахуалды әлсіретіп жіберді. Сондықтан оны жабу керек болды. Себебі, елінің болашағын ойлаған әрбір мемлекет мұндай іске саналы түрде баруы керек. Дей тұрғанмен, Қазақстан билігі полигонды жауып қана қоймай, ядролық қарудан да бас тартты. Ядролық қару тұр­ғысынан әлемдегі алдыңғы қатарлы елдің бұл қадамы шынында да таңғалдырды. Бірақ ядролық қарусыз әлем ұстанымын өзінде жаппай-қырып жою қаруы­мен құрсауланып отырып насихаттаудың өзі ыңғайсыз еді. Осындай себептерден соң, Қазақстан әлемге үлгі-өнеге көрсетіп, полигонды да жапты, ядролық қарудан да бас тартты. Бұл – үлкен ерлік. Өкінішке қарай, жер бетінде әлі күнге дейін ядролық сынақтар жүргізіліп жатыр. Десек те, бұрынғымен салыстырғанда аз. Ал әлемде ядролық қару жасаудан жарыс тоқтады. Бұрын «кімнің қаруы мықты?» дегендей жарыс болатын. Қазір ондай жоқ. Мұның өзі зор жетістік дер едім. Бұған Қазақстанның бастамасы өзіндік әсерін тигізгені күмәнсіз. – Әлемдегі ядролық қауіптің алдын қалай алуға болады? – Жалпы, әлемде ядролық қаруды қолданбау туралы келісім бар. Кезінде бұл құжатқа көптеген мемлекеттер келісіп, қол қойды. Дей тұрғанмен, аталған келісімге бағынбай, өз дегендерімен жүруді қалайтын елдер де аз болмай тұр. Бұл – әлемнің тынышын алып, шырқын бұзады деген сөз. Мысалы, Үндістан мен Пәкіс­танның ядролық қуаты көп қауіптің бетін ашқандай болып көрінеді. Бірақ бұған әлемдік қоғамдастық шама-шарқы жеткенше ықпал етуге тырысып келеді. Израильдің де ядролық арсеналы Таяу Шығыстың көңіліне кірбің түсіреді. Солтүстік Кореяда сақтаулы тұрған жаппай қырып-жоятын қарудың әлемді әбігерлендіріп отырғаны өтірік емес. Сириядағы соғыс та көп нәрсеге көзімізді жеткізіп отыр. Сондықтан мұндай мәселелерді барынша бейбіт шешуге, келіссөздер арқылы реттеуге тырысу керек. Мемлекетаралық байланыстар, атап айтқанда, саяси, экономикалық, мәдени қарым-қатынастар нығайып, әрбір іс екіжақты келісім арқылы жүзеге асатын болса, онда әлемде тыныштық орнайды деуге болады. Әлемнен оқшауланып, өзін бөлек планета сезіну мәселені шешпейді. Бұған Иранды мысал ретінде келтірсек жеткілікті. – Ал жаңа өзіңіз айтқан ядро­лық державалар жаппай-қырып жою қаруынан бас тартуға келіседі деп ойлайсыз ба? – Дәл қазір мұндай ядролық арсеналдан бас тарта салатын ел бар деп ойламаймын. Мұндай жағдайда әлемді бейбітшілікке үндеу, ымыраласа өмір сүруге шақырудың маңызы арта түседі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі осындай ізгі ойдан туған деуге толық негіз бар. Адамзатты татулыққа, бірлікке үндейтін осындай бастамалар көп бола беруі керек. Ядролық державаларды үнқа­тысуға шақырып, ең болмаса жаппай-қырып жоятын қару шы­ғару ісін азайтуға келістіру қажет. Мұндай жұмыс өткен ғасыр­да жүріп еді. Дегенмен, қазір өзінің лайықты жалғасын таппай тұр. Оның үстіне, кейбір Батыс елдерінің өзі ескіше ойлауға бейім болып барады. Сондықтан ядролық қарусыз әлемді қалайтын мемлекеттер өзге елдерге өзінің ықпалын жасағаны жөн. Айналып келгенде, бұл – тұтас адамзаттың ортақ проблемасы. Сол себепті мұндай ауқымды шарадан, әлемге бейбітшілік сыйлаудан ешкімнің қалыс қалмауы тиіс. – Рахмет. Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»  Қызылорда облысы