• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2016

Жергілікті полицияға артылар міндет зор

440 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда жергілікті әкімнің құзыреті едәуір кеңейтілген. Енді әкім жергілікті полиция қызметі алдына қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету бойынша міндеттер қоюға және олардың орындалуын талап етуге құқылы. Бұл жөнінде кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха атап өтті. Негізінен «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 30-шы қадамын іске асырудағы басты мақсат – жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті қауымдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру. Ал жергілікті полиция құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қорғау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстың орын алмауын ескерту және жолын кесу, әкімшілік құқық бұзушылық істерін және қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеу жүргізумен айналысатын бо­лады. «Жергілікті полиция қызметінің құрамына учаскелік инспекторлар, ювеналдық, жол-патрульдік, табиғатты қорғау, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөліністері (25 мыңнан астам бірлік) біріктіріліп отыр», деді Игорь Лепеха. Комитет төрағасы бұл ретте Әкімшілік полиция комитетінің құрылымы өзгертіліп, Жергілікті полиция қызметін үйлестіру бас­қармасы құрылғандығына назар аударады. Енді оның құрамында жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасасу жөніндегі жаңа бөлім құрылатын болады. Орайы келгенде айта кету керек, облыс әкімдеріне жергілікті полиция қызметі басшыларын лауазымға тағайындау және одан босату құқығы берілген. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметін бағалау халық пікіріне негізделетіндіктен, ЖПҚ басшысы жылына кемінде екі рет әкімдіктер мен мәслихаттар алдында, ал бір рет халық алдында есеп беретіні белгілі болып отыр. ЖПҚ жұмысын ұйымдастырудағы осындай қадам жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істеуге мүмкіндік береді және осы қызмет үшін екі жақтан бақылауды қамтамасыз етеді деп күтілуде. И.Лепеханың келтірген мә­лімет­теріне қарағанда, оқиға ізімен жол-патрульдік полиция жасақтарының қылмысты ашуы 28,5 пайызға (5950-ден 7648-ге дейін) артып отыр. Және учаскелік инспекторлардың (7654-тен 9492-ге дейін) қылмыстарды ашу саны үш есеге өскен. Бұдан басқа, анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны 30 мыңға артып отыр. Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев реті келгенде тұрғындардың өз учаскелік полиция инспекторлары туралы хабардар болуын арттыру үшін министрліктің ведомстволық веб-порталында арнайы бет құрылғандығымен бөлісті. Тарқатып айтқанда, тұрғындар өз учаскелік инс­пекторлары, олардың дербес деректері және жұмыс режімі туралы мәліметтерді таба алады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың рөлін арттыру үшін министрлік облыстық деңгейдегі ЖПҚ басшылық лауазымына кадр­лар резервінің кандидаттарын іріктеуде өңірлер әкімдерімен алдын ала келіспек. Яғни, ІІД кадр­лар комиссиясының құрамына өңірлік әкімдіктер өкілдері кіретін болады. Осылайша жергілікті полиция мен әкімдер арасында өзара ықпалдасудың оңтайлы үлгісі жасалмақшы. Сонымен қатар, Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қазіргі кезде жергілікті атқару органдары жергілікті полиция қызметіне 9 мың бірлік бейне-тіркегіштер сатып алғандығын жеткізді. Тағы қосымша 7,6 мың бірлік қажет көрінеді. Және де жыл соңына дейін 2,5 мың алып жүретін және 140 мобильді бейнетіркегіштерді сатып алу жос­парланыпты. Жыл басынан бейнетіркегіштер көмегімен 17 мыңнан астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 100-ден астамы қылмыстық санатқа жатады екен. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»