• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2016

Уақыт қойып отырған талап

219 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президентіміз оқыған қабырғалы білім ордасы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті аса маңызды реформаларды жүзеге асыру шараларының қашанда алдыңғы қатарында жүреді. Қоғамда болып жатқан оң өзгерістерге сергек қарап, оларды ілгерілету барысында белсенді позиция ұстану – Академик Арстан Мәуленұлы Ғазалиев басқаратын оқу орнының болмыс-бітімін танытатын нақты нышанның бірі болса керек. Аталған университетте 19 сәуірден бастап «Орта және жоғары мектептер жүйесіндегі көптілді білім берудің әдістемелік қырларының мәселелері» атты халықаралық ғы­лыми-практикалық семинар өтіп жатыр. Бұл маңызды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге тарта мектеп мұғалімдері мен колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары келіп, пәндерді бірден үш тілде оқыту жөніндегі тәжірибелерімен бөлісуде. Мамандардың пікірінше, көптілді білім беру үдерісін мектептен бастау керек. Сол себепті, семинарға қатысушы ұстаздар бүгін Қарағандыдағы Н.Нұр­мақов атындағы №2 мектеп-интернатта болып, үш тілде оқыту жөніндегі сынақтың барысымен танысады. Бүгінгі күнде бұл шаруадағы бас­ты мәселенің бірі – көптілдік білім беруді практика жүзінде ендіру болып отыр. Білім саласындағы жаңашыл реформаға байланысты ата-аналар тарапынан да көптеген сұрақтардың туындайтыны заңды. Бірақ та, өміршең өзгерістерге үрке қараудың қажеті жоқ, деп есептейді лингвист ғалымдар. «Жалпы қорықпау керек. Әрине, кей-кейде көңілге күдік ұялауы да мүмкін, дегенмен тілдерді дамыту жал­пы­лай алғанда жеке тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал етеді», – дейді семинарды ұйымдастырушылардың бірі, ҚарМТУ-дың шет тілдері секциясының меңгерушісі Айла Жұмабекова. Халықаралық семинар жұмысына Қазақстан Республикасы ағылшын тілін оқыту қауымдастығының пре­зи­денті Т.Летяйкина, Үш тілде білім беру орталығының директоры Л.Сырымбетова, Британ кеңесі әріптестік қарым-қатынасты дамыту жөніндегі менеджер А.Бектұрова, Қарағанды қалалық ағылшын тілі оқы­тушылары қауымдастығының төр­айымы Ф. Какжанова қатысуда. Жалпы, білім беру үдерісінде мектептен университетке дейінгі барлық деңгейде көптілді оқыту жүйесін енгізу бірнеше тілді меңгерген, өзін-өзі дамыту мен жетілдіруге ұмтылған, бәсекеге қабілетті және көпмәдениетті, кез келген жағдайда коммуникативті қызметті үш тілде іске асыра алуға қабілетті тұл­­­ғаны қалыптастырудың кепілі. Сол себепті, семинар аясында практикалық мәселелерге ерекше назар аударылды. Осы мақсатта проблемалық семинарлар, шеберлік сағаттары, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Семинардың қа­тысушылары кәсіби мақсаттағы әлеу­меттік пәндерді көп тілде оқыту саласындағы үздік практиктердің материалдарымен танысуға мол мүмкіндік алды. «Қазіргі кезде ағылшын тілін оқы­тудың әртүрлі деңгейлеріне сәйкес оқы­тудың жаңа технологияларын, ақпараттық және компьютерлік жүйелер арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің барлық мүмкіндіктерін тудыру қажет», деп санайды ұстаздар қауымы. Шетел тілін оқытуда линга­фондық құрал-жабдықтар мен аудио, видео кешенін пайдалана отырып, оқушылардың ауызша және жазбаша аударудағы білімін жетілдіріп, сөздік қорын қосымша жаңа сөздермен байытып, олардың ой-өрісін дамыту семинарға қатысқан мамандардың пікірінше, кезек күттірмейтін міндет­тердің бірі. Ертең, яғни 22 сәуірде халықаралық ғылыми-практикалық семинардың соңғы күнінде Канададан және Назар­баев Университеттен  ғалымдар келіп, ұстаздар алдында дәріс оқиды деп жоспарланған. Ал игі шараның жабылуында семинарға қатысқан мұғалімдер мен ұстаздарға біліктіліктерін жетіл­діргендері жөнінде сертификаттар мен куәліктер салтанатты жағдайда табыс етілмек. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ