• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2011

Саладағы ауыр жыл нәтижелі қорытындыланды

485 рет
көрсетілді

Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Оған Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі және Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының, коми­тет­терінің, министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, аумақтық инспекцияларының басшы­ла­ры, «КазАгро» ұлттық компаниясының, оның құрылымдық бөлім­шелерінің басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысты. Алқа отырысында негізгі баян­даманы жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев сала­дағы өткен жылғы шаралар мен іс-қимылдар негізінен алғанда Ел­ба­сы­ның Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді және ми­нистрліктің алдындағы стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға бағыт­талғандығын атап көрсетті. Өткен жыл аграрлық сала үшін өте күрделі жылдардың бірі болды. Еліміздің барлық аймақтарын қамты­ған қуаншылық пен табиғаттың то­сын мінезі ауыл экономикасын дамы­туға айтарлықтай қиыншылықтар тудырды. Ақылбек Күрішбаев осындай сәтте мемлекет пен Үкімет басшы­лы­ғының бұл салаға ерекше көңіл бөліп қолдау шараларын күшейтуі, соны­мен қатар, саладағы ылғал сақтау агротехникаларын дамытуға басым­дық­тың берілуі жағдайды тұрақтан­дырып, еліміздің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде үлкен ық­пал еткендігін атап көрсетті. Қазақ­станның осы бағытта жүргізген жұ­мыстары бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестікті дамыту мәселесін қадағалайтын ха­лық­аралық сарапшыларының назары­на да іліккен. Олардың бағалауы бойынша еліміз ауыл шаруашылығы шығындарын субсидиялау жөнінен бұрынғы орнынан 31 пункт алға жылжып, 62 орынға табан тіреген. Дегенмен, өткен жылғы қуаңшы­лық салдары сезілмей қалған жоқ. Ішкі жалпы өнімнің деңгейі оның ал­дындағы жылмен салыстырғанда 88,3 пайызды құрады. Себебі, егіншіліктегі өнім берекесі астықтан рекордтық көрсеткішті қайталаған алдындағы жылмен салыстырғанда төмен болды. Ал басқа салалардың барлығы алға басты. Атап айтқанда, маңызды көрсеткіштердің бірі өнімді өңдеу саласындағы өндірістің өсім деңгейі 13 пайызды құрады. Алдын ала мә­ліметтер бойынша ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 16,2 пайызға өсіп, елімізге келетін импорттық өнім­дер көлемі 3,5 пайызға төмен­деді. Осының әсерінен сауданың теріс сальдосы екі есе қысқара түсті. Сөйтіп, министрлік стратегиялық тұрғыдан алғанда Елбасының негізгі тапсыр­масын орындау бағытында жақсы жетістіктерге қол жеткізе алды. Егіншіліктегі өнім көлемі азай­ғаны­мен оны әртараптандыру бағы­тын­да елеулі жұмыстар жүзеге асы­рылды. Осының нәтижесінде соңғы екі жылда майлы дақылдардың егіс көлемі екі есе, ал жабық топырақта өсірілген көкөніс егістігінің көлемі үш есе артты. Осы ретте айта кететін бір мәселе, егер осындай тәсілдер дер ке­зінде қолға алынбаған жағдайда биылғы жылы халықты өсімдік майы­мен қамтуда, көрші елдердегідей, үлкен қиындықтар пайда болар еді. Ылғал сақтау технологиясы қол­данылған егістіктің көлемі 11,2 миллион гектарға жеткізілді. Бұл жалпы астық егістігінің 67 пайызын құ­рай­ды. Сонымен қатар егістікті сулан­дыру бағытында да нақты шаралар қолға алына бастады. Осы салада мемлекеттік қолдау көрсетудің заң­дық базасы қалыптастырылды. Биыл­ғы жылы осы бағыттағы алғашқы қанатқақты жоба Оңтүстік Қазақстан облысынан басталғалы отыр. Астық өндіру көлемінің азай­ғанына қарамастан биылғы жылы алын­ған 12,2 миллион тонна таза ас­тық ішкі рынокты толық қамтып, шамамен алғанда оның 7 миллион тон­насын экспортқа бағыттауға толық мүмкіндік береді. Ал майлы да­қыл­дардың алынған көлемі 775,5 мың тон­наны, көкөніс 2 576,9 мың тон­наны, картоп 2 554,6 мың тоннаны құрады. Бұл еліміздің ішкі рыногын жаңа өнімге қол жеткізгенге дейін толық қамтуға жетеді. Мал шаруашылығы тұрақты түрде алға басып келеді. Өткен жылы малдардың барлық түрі бойынша алғанда өсім деңгейі 2-3 пайызды құрады. Осыған сәйкес малдан алынатын өнімдерінің көлемдері де өсе түсті. Мәселен, жұмыртқа өндіру 13,6 пайызға, құс етін өндіру 25 пайызға көбейді. Осындай шаралар нәтижесінде ішкі рынокқа келетін шетелдік тауық өнімдерінің импорты бұрынғы 70 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеді. Министрлік өткен жылы мал тұқымдарын асылдандыру бағытында болашақта үлкен жемісін беретіндей бірқатар стратегиялық шараларды жүзеге асырды. Соның куәсі ретінде мал шаруашылығы саласында кең ауқымды селекциялық жұмыстардың басталғандығын, оның жүйесі құры­лып оған қазірдің өзінде мал тұқы­мын асылдандыру ісімен шұғыл­да­натын 850 шаруашылықтың тарты­лып отырғандығын атап көрсетуге болады. Аграрлық ғылымды дамыту бағытында да елеулі шаралар қолға алынды. Осы бағытта білім таратуды көздейтін 6 орталық құрылды. Алда­ғы 3 жылда олардың санын 15-ке жет­кізудің, аграрлық саладағы кадрлар­дың біліктілігін арттырудың нақты шаралары белгіленді. Осындай өркенді шараларды жүзеге асыруда «КазАгро» холдингі де белсенді жұмыстар жүргізді. Осы құрылымның атқарған жұмыстары мен биылғы жылға белгіленген міндеттері туралы холдингтің басшысы Асылжан Мамытбеков баяндады. Хол­динг жұмыстары бірнеше бағыт­тар бойынша өрістетіліп отыр. Соның ішінде өткен жылы ауыл шаруашы­лығын серпінді дамытуға бағыттал­ған 87 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Осының нәтижесінде заман талабына сай бірқатар жаңа нысандардың, жылыжайлар мен мал бордақылау алаңдарының, құс фаб­рикаларының, басқа да нысандардың іске қосылуымен бірге 5 мың жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Соның ішінде 9 жоба холдингтің тікелей ба­қылауымен жүзеге асты. Осылардың негізінде Оңтүстік Қазақстан об­лы­сында құс фабрикасы, Тараз қала­сында жүнді бастапқы өңдеу фаб­ри­касы, енді бір жерлерде сүт өңдейтін зауыт, асыл тұқымды мал өсіретін және одан өнім алатын жаңа фермалар құрылды, 400-ден астам несие серіктестігі 7,6 миллиард теңгенің несие қаржысымен қамтамасыз етіліп, ауылды жердегі адамдардың жұмыс­пен қамтылып, жағдайларын түзе­туіне елеулі көмектер көрсетілді. 250 шағын жылыжай пайдалануға берілді. Алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов сөз сөйледі. Премьер-Министр өткен жылдың ауыл ша­руа­шылығы саласы үшін ауыр болғанына қарамастан бұл салада көптеген жұ­мыстар жүзеге асырылғандығын ай­тып, осы үшін сала қызметкерлеріне деген ризашылығын жеткізді. Со­ны­мен қатар саланың алдына бірқатар жаңа міндеттер жүктеді. Солардың арасында жаңа технологияларды енгізуге ерекше мән беру қажеттігін айт­ты, өйткені өткен жылдың тәжі­рибесі егіншілік саласында біздің табиғатқа тәуелділігіміз үлкен екендігін көрсе­тіп берді. Міне, осындай сәтте ылғал сақтау технологиялары, егістіктерді суландыру жүйесін ен­гізудің маңызы зор екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы саласында азық-түлік бағасының тұрақтылығын қам­тамасыз ету ісіне көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Үкімет осы салаға бөлінетін жанар-жағармай бағасын тұрақтандыруда үлкен жұмыстар тындырды. Енді осының нәтижесі ауыл шаруашылығы бағасынан көрінуі керектігін қадап тұрып айтты. Үкімет басшысы алдын ала болжамдар бойынша ХХІ ғасырдың әлемдік деңгейдегі басты проблемасы халықты ауыз сумен қамту болатын­дығын жеткізді. Мұндай жағдайда еліміз су көздерін ашып және оны үнемді пайдалану мәселесіне барын­ша мұқият болуы қажет. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы саласына да тікелей қатысты болып отыр. Осыған орай шахталық суларды пайдалану жөнінде өңірлермен келісе отырып жаңа бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.