– Осы неге ғұлама, ұлы ойшылдардың арасында нәзік жандылар жоқ? – деді бірде құрбым.
Сол сәт бұл сөз кейбір адамның көңіл түкпірінде де жатуы әбден мүмкін ғой деген ой келді. Бірақ, барлығымыз бағаламай қоймайтын бір шындық бар. Ол – аналардың барлық тәрбиенің, барлық құндылықтың бастауында тұратындығы. Әрине, ежелден қазақ халқының нәзік жандылары таққа отырып, ел басқармаған, ерден бұрын сөз бастамаған. Алайда, аналар рөлінің қандайлық деңгейде болғанына тарих куә.
Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс тезге салуда, жеткіншіктерді жастайынан адами келбет ауанынан алыстатпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жаулықты «әжелер мектебінің» алар орны қашан да бір төбе болған ғой. Себебі, әжелер өнегесі – ұрпақтан ұрпаққа ұласып, ғасырдан ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі. Бұл – ұлттық болмысымызға тән қасиет әрі құндылық.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе», – дейді Мұхтар Әуезов. Ал бұл сөздің өз мәнінде жүзеге асуының түп негізін әжелер өнегесінен алып қарауымыз да заңды секілді. Бұл ұлағатты сөз кез-келген адамды, ең алдымен өз елінің салт-дәстүріне деген жанашырлыққа, ұлттың ұлы мұратына деген адалдыққа, Отанға деген шынайы тазалыққа үйретері һәм имани нұрға жетелері хақ. Осыдан-ақ, әжелер мектебі – бұл ұғымды бойға тереңнен сіңіретін бірден бір жол десек, еш қателеспеспіз.
Бесік басындағы әжелер әлдиінен басталған тәрбие сол ұрпақ болашағының бұлыңғырсыз болуына да алтын арқау болмай қоймаған.
Бесіктен тамыр тартқан тәрбие келе-келе әже мен немере арасындағы көзге көрінбейтін нәзік бір байланысқа, екеуі жазбай түсінетін ортақ психологияның қалыптасуына алып келген. Обал, сауап, ынсап, парыз, аманат, борыш, қанағат секілді ұғымдар маңызының айқындалып, бала санасына тереңнен сіңуіне де әже ықпалының айрықша болғаны да айдан анық. Яғни, әрбір отбасындағы әже тұлғасы – ұлы өнеге бұлағы.
Қазақ қоғамының сүт бетіндегі қаймағындай болған азаматтарының, тарих парағына есімі өшпестей етіп қашалған тұлғалардың қалыптасуында да әжелердің сіңірген еңбегі зор болған ғой. Мұхтардың әжесі Дінәсілдің ұрпағына берген тәлім-тәрбиесі мен рухани мұрасы таусылмас қазына емес пе еді?
Ал қазақ халқының маңдайына біткен асыл ұлдарының бірі Шоқан Уәлихановтың азаматтық болмысының өз тұстастарының арасынан дараланып шығуына, ішкі күш-қуаты мен асқақ рухының ерте жетілуіне, көкірек көзінің ашық болуына оның әжесі – Айғанымның берген тәрбиесі айрықша әсер еткен ғой. Айғаным әженің өнегесін моншақтай етіп тізіп беретін небір мысалдар жетерлік.
М. Әуезовтың Абай жолында суреттелетін: « – Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен?», – деп басталатын Абай әжесі – Зеренің ұлағатты әңгімелерінің бір өзі неге тұрады?!
Сол «Абай жолының» «Қайтқанда» дейтін тарауында: «Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. ...Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» – бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды. Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер. Ел мен елдің шабысы, таласы жайында бірталай күндер айтты. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын Найманның осы елге, осы ауылға шапқанын, сонда Бостанбек деген өзінің асыранды баласы өлгенін және Найман қолынан осы ауылға тұтқынға түсіп, жыл жарымдай кісенде жатқан Қожамберді деген ақын жайын айтады. Соның көп өлеңін шұбыртады. Басқа да «Қарашор шапқан» сияқты шабысты, жортуылды айтады. Тағы бір күндер Мамыр, Еңліктей қыздардың қайғыларын да айтып берді. Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын.
Зере ел шабысын әңгіме еткенде, сол істердің бәрін ел басына әлек салған, ұлардай шулатқан кесел күндей айтатын. Кішкентай күнінен ертек-әңгімені көп сүйетін бала осы жазда, тіпті көп есітіп, көп біліп алған сияқты», – деп келетін жолдар бар ғой. Бұл бала Абайдың дана Абайға айналуына әсер еткен детальдардың бірегейі десек те болады.. Осы детальдың өзі-ақ, «Әже» тұлғасының қоғамдағы рөлін айшықтап, жеріне жеткізе бейнелеп тұр.
Тек қазақтың ғана емес, басқа да халықтардың тарихта аты қалған тұлғалары бойындағы бар құндылықтың ана-әжелерінің ақ сүтінен дарығандығы және оны солардың өзі мойындап кеткені – шындық.
Әжелер өнегесі мен олардың тәлім-тәрбие ұрығын себуші, ұлттық салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа аманаттаушы ретіндегі ешкім қайталай қоймайтын, алмастыра алмайтын бейнесі XVI-XVIII ғасырларда-ақ, айқындалып қойған емес пе еді?! Дана әжелердің қоғамдағы орны – XX ғасырдағы қазақ прозасында анық көрініс табуына да елеулі әсер еткен. Бұл мысалдардың барлығы – ақ жаулықты жандардың ұлағатын айна-қатесіз көрсетеді. Демек, ұрпағын жаза басудан сақтандырып, қайта өнегесімен өрісін кеңейткен әжелер болған. Бола да береді.
Десек те, дүние ғаламдасу кеңістігіне қарай ойысып, жан-дүниеміз батыстан жеткен «сыртқы күштермен» жадыланып бара жатқан мына заманда біз осы бір рухани құндылықтан ажырап, яғни, әжелер салған ізгі жолдан жаңылмасақ екен дейміз.
Бұл ең әуелі, бүгінгі жас бала, ертеңгі ел тұтқасын ұстар азамат бойындағы ең ізгі құндылықтарды дөп басып тауып, оны нұрландыра түсудің әдемі бір үлгісі.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.