• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2016

Венгрияның құрметті консулдығы

317 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Венгрияның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Баранимен кездесті. Кездесу барысында екіжақты өзара тиімді ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы әңгіме болды. Өңір басшысы әзірге екі ара­дағы сауда-экономикалық байланыстардың кемшіндігін, облыс пен Венгрия арасындағы тауар айналымы небәрі 10 миллион долларды ғана құрайтынын атап өтті. Болашаққа жоспарланған ізденісті қадамдар жүзеге асса, бұл бағытта анағұрлым ілгерілеу болатынын жеткізді. Оған Ақ­төбеде ашылған Венгрияның консулдығының ықпалы зор болатынын тілге тиек етті. Ай­мақ басшысы қазақтар мен мажарлардың арасында ежелден тарихи және мәдени байланыстың қалыптасқанын да жиналғандар жадында жаңғыртты. Тоғыз жолдың торабында орна­ласқан облыс шетелдік инвес­торлар үшін тартымды өңір екенін айта келіп, елшілік өкілдеріне осындай артықшылықтарды тиімді пайдалану жолдарын тарқата баяндады, екі елдің арасында өзара экономикалық байланыстың нығая беретініне сенім біл­дірді. Облыстың іскерлік ізденістер бойынша елімізде Астанадан кейінгі екінші орында тұрғанын баяндады. Облыс экономикасының негізін мұнай-газ саласы құрағанымен, өңірде жерасты қазба байлықтарының басқа да түрлері мол екенінен хабардар етті. Жиын барысында жылыжай құрылысы, ауыз суды тазарту, көкөніс өңдеу өндірісі, сүт және сүт өнімдері мен бидайды қайта өңдеу бағытындағы жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мол екені айтылды. Кездесуде сөз алған А.Бара­ни екі елдің арасында саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салада бірқатар жобалар қолға алынып жатқанын атап өтті. Соның шынайы кө­рінісі ретінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына тікелей инвестиция тартумен шұғылданатын бірлескен қордың құрылуын көлденең тартты. Аталған қорға «ҚазАгро» ұлттық компаниясы мен Венгрияның «Эксимбанкі» 20 миллион доллардан – жалпы 40 миллион доллар салғанын жеткізді. Венгрия – облыста өз кон­сулдығын ашқан екінші еу­ро­палық ел. Қаңтар айында біздің өңірге осындай миссиямен чехтар келген болатын. Сондай-ақ, Ақтөбеде Түркия және Оңтүстік Корея өз өкілдіктерін ашуды жос­парлап отыр. Сонымен Венгрияның Қазақ­стандағы құрметті консулы болып KAZENERGY қа­уым­дастығы төрағасының орынбасары Жанболат Сәрсенов тағайын­далды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»  Ақтөбе облысы