анасы қайтыс болған соң 55 күннен кейін туылды
Польшада бір нәресте анасы қайтыс болған соң 55 күннен кейін дүние есігінен аттады. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, осынау таңғаларлық оқиға қазіргі заманғы озық медициналық жабдықтардың арқасында мүмкін болған.
Бұқаралық ақпарат құралдары баяндағандай, 45 жастағы поляк әйелі обыр ауруымен ауырған. Оның жүктілігінің 17-аптасында миы өлгені белгілі болған. Алайда, ес-түссіз жатқан әйелдің жүрегі бәрібір тоқтаусыз соғып тұрған. Осыдан кейін дәрігерлер оның құрсағында жатқан баланы аман алып қалу жөнінде шешім қабылдаған.
Алғашқы тәжірибе сәтті өткен. Арнайы жабдықтың арқасында дәрігерлер әйелдің тірі тұруына жағдай жасап келген. Осы аралықта өткен 55 күнде олар нәрестені анасының қарнын жару арқылы алып шыққан.
RMF FM радиосының ақпаратына қарағанда, шарана биылғы 9 ақпанда дүниеге келген. Туған кезінде оның салмағы небәрі 1 кило тартқан. Оған қарқынды терапия жасалған. Бір айдан кейін бала респиратордан ажыратылған. Тағы екі айдан кейін үйіне шығарылады. Қазір бала аман-есен өсіп келеді. Оның салмағы 3 килоға жеткен. Қазір ол әкесінің бағымында өсіп жатыр.
Мұрат АЙТҚОЖА