Бауырсақ қазақ дастарқанының кие-бренді емес пе?
Айналайын, бауырсақ!.. Қазақтың мың сан балалары осы бауырсақты жеп, бауырсақтай болып томпиып өсті емес пе. Өзіміз де сол мың санның біріміз. «Нәйім-нәйім бауырсақ, Ағын суға шомылсақ», деп Ілияс ақынның өлеңін таңдайда тақылдататынбыз.
Көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовтің бір хикаятында да бар, ауызша да айтып қоятын осы бауырсаққа байланысты әзіл әңгіме есіме түсіп тұр. 1945 жылдың жазында соғыстан бір майдангер жігіт оралыпты үйіне. Бүкіл ауыл жиылып қуанып қарсы алады. Төрге отырғызып әңгімесін тыңдайды. Ақсақал, қарасақалы түгел соның аузына қарайды. Байқайды, сөздері арсы-күрсілеу, орысшалау. Бұрқылдап самаурын келеді. Бір сәтте бір жеңгесі топылдатып дастарқанға бір тегене бауырсақты төгіп жібереді.
Сол кезде соғыстан оралған солдат ыршып түсіп: «Што такой домалақ?!» депті дейді. «Қарағым-ау, бұл бауырсақ қой. А-ай, сұм соғыс-ай!.. Ұмытып қалған екенсің ғой... Оқасы жоқ», деп қариялар түсіндіріпті. «А-а, бауырсақ па?.. Иә, иә», – деп жігіт те бауырсақты есіне түсіріпті.
Сөйтіп жүргенде шөп шабу науқаны келіп қалып, орысшасы тәуір осы деп әлгі жігітті Омбыға құрал-сайман алып келуге жібереді. 3 күннен соң орысшасы тәуір солдатымыз салаңдап бос қайтыпты. Колхоз бастығына: «Омбының орыстары орыс тілін басқаша сөйлейді екен», деп ақталған көрінеді.
Ата-баба асының киесіндей бауырсақты ұмытпаса да, құрметтемейтін оғаштықты ара-тұра осы күндерде де көріп қаламыз, өкінішке қарай. Бірде той үстінде зиялы, аса мәдениетті дейтіндей тәуір азаматтармен дастарқандас болдық. Солардың біреуі түрлі тағам тізіліп тұрған үстелден бір бауырсақты шанышқымен шаншып алып, алдындағы тәрелкесіне салды да, оны пышақпен турап үшке бөлді. Сосын әр бөлігін шанышқымен түйреп алып дәмдеп жей бастады. Интеллигент азаматтың мынасы иісалмастың ісіндей сөкет те ерсі көрінді. Жүрегім ауырды. Шанышқыны өз етіме қадағандай, пышақпен өзімді кескендей көңілім күңгірттеніп қалды.
О заманда бұ заман тап осы бауырсақты шанышқымен түйреп алып, турап жейді деген үш ұйықтасам түсіме, он толғансам ойыма кірмейтін нәрсе екен. Бауырсақты шанышқымен жеу мәдениеттіліктің белгісі болса, ондай мәдениеттен аулақ болғаным жақсы шығар деп түйдім. Ғафаңның – ғаламат ақын Ғафу Қайырбековтің «Бауырсақ» деген ғажап өлеңі бар. Ғафаң сонда қазақ әйелінің дастарқанға табақпен әкеліп топылдатып төккен бауырсақты қазақтың мейіріміне, махаббатына балайды. «Тысыр-тысыр домалайды бауырсақ. О, туыстық, бауырмалдық салт қандай, Біз дегенде сабыр қалмай, дәт қалмай, Бар көңілін бауырсақ қып балқытып, Төбемізден төгіп болмай жатқандай», деп салқар шабытпен жырлайды. Иә, осынау мейірім мен бауырмалдық ешқашан таусылмайды да сарқылмайды, деп толғайды айкөл ақын.
Бауырсақ – қазақ жанының бір қасиетіндей. Бауырсақ – қазақ дастарқанының дүниеге танылар және танылып та жатқан бренді. Осы қасиетке кіршік түсірмейік, брендімізді бағалай білейік, ағайын...
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»