• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2016

*Қатысушылар лебізі

241 рет
көрсетілді

Ахмед МУРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Вайнах» чешен-ингуш қауымдастығының төрағасы: – Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында алда күтіп тұрған экономикалық, геосаяси, энергетикалық, азық-түлік және тағы басқа өзекті мәселелерге қатысты жаһандық сын-қатерлерді атап көрсеткен болатын. Бүгінде сол келеңсіздіктерге кезігіп отырмыз. Дегенмен, аталған сын-қатерлерді еңсеруге Қазақстанның мүмкіндігі толық жетеді. Себебі, біздің көрші мемлекеттерге қарағандағы дайындық деңгейіміз айтарлықтай жоғары. Кез келген жағдайда халықтың ауызбіршілігі, елдің тұтастығы ерекше рөл атқаратыны белгілі. Бұл тұрғыда да Қазақстан өзге елдерден оқ бойы озық тұр. Жұдырықтай жұмылған халық қана кез келген қиындыққа мойымай, төтеп береді. Сонымен қатар, Қазақстан әлемдік сын-қатерлердің алдын алу мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын бекітті. Аталған басым-бағыттардың жүзеге асуында Қазақстан халқы Ассамблеясының да өзіндік үлесі бар. Өйткені, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел ғана алдына айқын мақсаттар қойып, соған жету жолында әрекет етеді. Мен Ассамблеяның құрылуын 25 жылдың ішінде қол жеткізген негізгі жетістіктеріміздің бірі деп бағалаймын. Себебі, діні мен діліне, тілі мен дәстүріне қарамастан, барлық халықтың басын бір шаңырақтың астына жиып, ортақ мақсат үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып әрекет ету қазіргідей геосаяси тұрақсыздық кезінде көп қажыр-қайратты қажет ететін ауқымды жұмыс. Осы ретте бірінші кезекте өз жерінде тұрақтылық пен толеранттылықтың сақталуына барлық жағдайды жасап отырған қазақ халқына алғыс айтуымыз керек. Ассамблея біз сияқты өзге ұлт өкілдеріне өзіміздің Қазақстан мемлекетінің бір бөлшегі екенімізді және осы мемлекетке керектігімізді сезінуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, өзімнің Қазақстанға мұқтаж екенімді сезіндім. Ал осындай бірлігі мығым, ырыс-берекесі тасыған елдің барлық сын-қатерді еңсеруге қауқарлы болары даусыз. Александр БАРОН, «Мицва» еврей ұлттық ұйымы қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі: – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында Мемлекет басшысы біртектілік пен бірлік тақырыбы бойынша негізгі басым бағыттарды көрсетіп берді. Соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» және азаматтық біртектілікті нығайту мақсатында «Менің елім» кең көлемді жобаларын әзірлеп, жүзеге асыру тапсырылғаны белгілі. Бүгінгі шара аталған тапсырмалардың аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір сатысы. Атап айтқанда, Ұлттық музейдегі «Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның полиэтникалық тарихы» атты залдың ашылуының астарында үлкен мән бар. Бұл жерде қазақ даласына қоныс аударған халықтардың тарихынан бастап, олардың бүгінгі достығы, татулығы, салт-дәстүрі насихатталады. Әрине, бір тудың астында осынша ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруін бір ғана залмен қамту мүмкін емес. Сондықтан, алдағы уақытта бұл жұмыстардың аясы кеңейеді деп ойлаймын. Біздің бұл әрекетіміздің ең басты мақсаты – кездесетін экономикалық дағдарыстар мен әртүрлі қиындықтарды бірге еңсеріп, Қазақстанның көркеюі жолында күшімізді біріктіру. Мұндай біртектіліктің геосаяси жағдай ушыққан қазіргі жағдайда маңызы зор. Юрий БУНАКОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Орыс қоғамдастығының басшысы: – Мен Қазақстан халқы Ассам­блея­сында құрылған күннен бастап жұмыс істеп келемін. Сондықтан, оның қабыр­ғасында болатын әр оқиға мен үшін аса маңызды. Жалпы, осындай ұйымды құру, жұмысын жүргізу, халықтардың басын бір арнаға тоғыстырып, ортақ мақсатқа ұмтылдыру көрегенділікті қажет етеді. Осындай ауқымды әрі бірегей жобаны жүзеге асырғаны үшін Елбасына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Ассамблея құрылған алғашқы жылдарда Мемлекет басшысының «Егер халықтардың достығын сақтай алмасақ, елдің гүлденуі туралы сөз қозғаудың өзі артық» дегені бар. Сол себепті де Ассамблеяның жұмысын Президентіміз өзі тікелей қадағалап, бағыт-бағдар беріп отыр. Бүгінгі әлемде болып жатқан саяси және экономикалық жағдайларға қатысты айтар болсақ, біздің бірлігіміздің сол келеңсіздіктерге төтеп беретін жойқын күш екенін атап өткім келеді. Себебі, бірлігі жарасқан елдің ертеңі жарқын. Осы ретте бүгін болатын Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына ерекше назар аударғанымыз жөн. Өйткені, бұл басқосуда Елбасының жүктеген міндеттері мен тапсырмаларының орындалу барысы талқыланып, алдағы уақытта атқаратын нақты іс-әрекетіміз айқындалады. Жазып алған Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақтан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ