Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстан тарапы көтерген батыл бастамалар қоғам болып қызу талқылауды, ашық та әділ баға беруді, мейлінше қолдап-қуаттауды талап етеді. Осы орайда отандық зиялы қауым, еңбек ұжымдары, бұқара халықпен бірге, Елбасы манифесіне шетелдер азаматтары, оның ішінде сарапшы-ғалымдар, ұстаздар, бизнес өкілдері өз ой-пікірлерін білдіріп, үн қосуда.
Солардың бірі Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі химия пәнінің мұғалімі, ұлыбританиялық азамат Пол СКОФИЛДПЕН аталған тақырыптағы әңгімеміз былайша өрбіді.
– Пол, сіз Қазақстанда тұрып, жұмыс істегенмен, шетелдің, өзге мемлекеттің азаматысыз. Сіз үшін ядролық қауіпсіздік мәселесі, осы тұрғыдағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы қаншалықты ұғынықты әрі маңызды?
– Әлемде соғыс өртін тұтататын саясаткерлер, ал зардабын шегетін, азабын тартатын қарапайым халық деген қанатты сөз бар. Бұл ащы шындыққа адамзат баласының көзі әлдеқашан жеткен. Бастапқыда қылыш, найза, садақ қолданған болсақ, одан кейін оқ-дәрімен атылатын мылтық, зеңбірек, автоматты қаруларға кезек келді. Дүниежүзіне төнген қазіргі қауіп бұлармен тіпті де салыстыруға келмейді.
Мұның қаншалықты жойқындығын мына мысалдан-ақ біле беріңіз. Мәселен, бір ғана ядролық зарядпен тұтас қаланы жоюға болады. Бірнеше оқтұмсығы бар зымыран мемлекеттерді жермен-жексен етеді. Ал осындай алапат жойғыш қаруға қожа елдер бір-біріне қарсы атом аждаһасын қолданар болса, ғаламшардың өзі жойылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, ядролық қарумен қоқан-лоқы көрсету ешқандай да мықтылық емес. Бұл нағыз тығырыққа апаратын, барары болғанымен қайтары жоқ жол. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздікке қатысты батыл ұсыныстары мен өткір ойларын өз басым өте қолдаймын.
Менің білуімше, Кеңес Одағы тараған уақытта Қазақстанда атом қаруының үлкен қоры болды. Сарапшылар оның қуатын әлем бойынша төртінші орынға қойды. Егер елде көреген көшбасшы, болашақты болжаған сұңғыла саясаткер болмағанда, бұл қару қазір де дүниежүзіне үлкен қорқыныш тудыратын еді. Осынау алмағайып уақытта Нұрсұлтан Назарбаев ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуға шешім қабылдады. Сөйтіп, халықаралық қоғамдастық үшін көз көріп, құлақ естімеген қадамға барып, жер-жаһанның түкпір-түкпірінде қызу қолдауға, ыстық ықыласқа ие болды. Іле-шала қазақ даласын жарты ғасыр улап келген Семей ядролық полигонын да өз Жарлығымен жапты. Сөз бен істің қабысуы деген осы шығар, сірә.
– Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді азамат ретінде сізге Қазақстан тарапынан жаһандық қауіпсіздікті нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, жұмсалған қажыр-қайрат белгілі деп ойлаймын. Осы орайда Мемлекет басшысының рөліне қатысты ойыңызды білсек.
– Мойындау керек, кейінгі ширек ғасыр бойы Қазақстан Президенті барлық ғаламдық форумдарда атом қаруын таратпау, жою жөнінде ұдайы әңгіме қозғап, бастамашылық танытып келеді.
Өткен жылы Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ Ядролық қарусыз әлем құру туралы дүниежүзілік декларация қабылдады. МАГАТЭ-нің қолдауымен елде Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Ол – атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалануды көздеген мемлекеттерге қажет банк. Аталған келісім турасында Қазақстан Президенті «Бұл – жаһандық ауқымдағы оқиға. Дүниежүзі атомды бейбіт мақсатта және қауіпсіз пайдалануға бағытталған аса маңызды қадамға өз бағасын беруі тиіс. Күні бүгін ғарыш кеңістігінде, әлемдік мұхиттарда және Арктикада ажал сепкіш атом қаруын қолдануға тыйым салатын түбегейлі шешім қабылдайтын уақыт жетті. Халықты жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасауға тыйым салу үшін БҰҰ тарапынан халықаралық келісімдер жасалып, Тіркеу реестрін құрудың уақыты келді», – деген еді.
Ал биыл Қазақстан БҰҰ-ның халықаралық конференциясын шақырып, онда жаһандық соғыстар мен жанжалдарды тоқтатуға жәрдемдесетін халықаралық құқық негіздерін қолдауды ұсынып отыр. Аталған ұсыныс-бастамалардың қай-қайсысы да өзінің аса маңыздылығымен, өміршеңдігімен және батылдығымен ерекшеленеді. Оған дау жоқ.
Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған ядролық қарусыз әлем идеясын ең алдымен сол ядролық қаруға ие мемлекеттер дұрыс түсініп, ұғынып, нақты әрекеттерге баруы тиіс. Қалған ядролық қаруы жоқ елдер бұған жан-жақты қолдау көрсетсе, бейбітшілікке еш құндылық жетпейді деген сөздің шынайы мағынасы бәріміз үшін маңызды болмақ.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретте: Пол Скофилд (Ұлыбритания)