Елбасы манифесі: БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҮНДЕУ
Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арналған брифинг өтті. Оған ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, Мемлекеттік басқару академиясы «Мемлекеттің саяси стратегиясы» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Айдар Әбуов және Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев қатысты. Брифингте бірінші кезекте сөз алған Саябек Сахиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі әлемдік қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік беретініне тоқталды. «Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі өте жоғары маңызға ие. Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде қабылданған бұл манифеске жаһан жұртшылығы ерекше ілтипат білдіруде. Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдаланудың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан Қазақстан осылайша тағы бір рет өзінің ұстанымын білдірді», – деді С.Сахиев. Одан әрі спикер Мемлекет басшысының Жарлығымен Семей полигонының жабылуы адамзат тарихындағы маңызды оқиға екенін айта келіп, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану қажеттігін сөз етті. «Ядролық энергияны түрлі мақсаттарға жұмсауға болады. Сондықтан, осы ядролық өнімдердің қалай пайдаланылатыны жөнінде ақпараттар тіркеліп отырса, құба-құп», – деді Ядролық физика институтының бас директоры. Өз кезегінде Айдар Әбуов Елбасы манифесі – адамзаттың ядролық әлемсіз өмір сүруінің нақты бағдарламасы екеніне назар аударды. «Жаһандану кезеңінде адамзаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі әрі бірегейі. Қазіргі таңда әлем елдерінде қарапайым қарудан бастап үлкен ядролық арсеналдар бар. Осы орайда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев осыншама жинақталған қару-жарақпен әлемді жойып жіберуге болатыны туралы нақты айтып отыр. Сондықтан, Мемлекет басшысы ядролық қарусыз өмір сүрудің айқын, көптің көңілін дөп басқан бағдарламасын ұсынды. Ол бағдарламада, ең бастысы, ядролық қарусыздану стратегиясының қажеттілігі айтылған», – деді А.Әбуов. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін әлемнің мемлекет басшылары ұсынып, жарты ғасыр бойы жүзеге асырылған мәселелер өзінің міндетін атқарып бітті. Мәселен, БҰҰ, ЕҚЫҰ секілді бірқатар ұйымдардың халықаралық қауіпсіздік жүйесі құрылды. Осы бағытта ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның қосқан үлесі зор болды. Ал Мұрат Жұрынов Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі дер кезінде жарияланғанына екпін берді. «Манифест уақытында жарияланып отыр. Ғылым дамып, түрлі жаңа қарулардың жасалуына байланысты адамзат үлкен қауіп алдында тұр. 1990-жылдары Ресей, АҚШ ғалымдары ядролық соғыстың болуы мүмкін еместігін дәлелдеген болатын. Себебі, бұл әлемдегі тіршіліктің жойылуына әкеліп соғатыны белгілі. Мәселен, қолданылған қарудың 10 пайызының өзі-ақ әлемдегі температураны – 180 градусқа дейін төмендетіп жібере алады. Сондықтан, ядролық қаруды қолдану адамзат үшін өте қауіпті. Өз кезегінде манифест әлемдегі қауіпті жағдайларды болдырмауға септігін тигізеді деген ойдамын», – деді ҰҒА президенті. Сондай-ақ, Мұрат Жұрынов Елбасының әлемдегі қауіпсіздікті сақтау жолында атқарған жұмысына өз көзқарасын білдірді. «Мен ядролық Семей полигонының қалай жабылғанын көрдім. Ол кезде Қарағандыда институт директоры едім. Шахтерлер Семей ядролық сынақ алаңы жабылсын деп талап қойған болатын. Кейін Семей полигонымен қатар, Невада, Лобнор сынақ алаңдары да жұмысын тоқтатты. Бұл – Елбасының үлкен ерлігі», – деді ғалым. Сонымен бірге, М.Жұрынов Семей полигоны жөнінде, оның адамға, табиғатқа тигізген зардабы туралы айтып берді. «Жалпы, Семей жерінде ядролық сынақ 468 рет жасалған. Бізге берілген деректерде олардың санын азайтып айтады. Орталық комитет көбіне олардың санын 450 деп қана атап көрсеткен. Ал оның 127-сі Хиросимадағыдай ашық аспанда жасалған. Оның азабын сол аумақтың тұрғындары тартты. Кезінде сынақ жүргізілген аумақты аралағанымызда ядролық жарылыстар шұрайлы жерде өткізілгеніне көз жеткіздік», – деді академик. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»Көкейкесті бастама
Қазақстан Республикасы Президентінің әлемдік қоғамдастық атына үндеуі бейбітшілік пен қауіпсіздікке деген тілектің айқын көрінісі болып табылады. Жалпы, Қазақстан – қарусыздану саласында үлкен құрмет пен сенімге ие болған ел. Бұған себеп, өз аумағындағы ядролық сынақ алаңын жапты. Сонымен қатар, әлемдегі төртінші ядролық әлеуетінен өз еркімен бас тартты. Өзім «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен үлкен қанағат сезімімен танысып шықтым. Бұл бағдарламалық құжат әлемдік қоғамдастыққа аса маңызды жолдау болып отыр. Ескерту тұрғысынан алғанда да, үлкен маңызға ие. Өйткені, адамзатқа планетаны жою, өркениеттің түбіріне балта шабу сияқты үлкен қатерге бей-жай қарауға болмайды. Швейцария көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда, бұл жерде әңгіме бүкіл әлемдік қоғамдастықтың қолдауын қажетсінетін аса маңызды да жедел бастама туралы болып отыр. Қарусыздануға және түрлі жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге шақырған бұл үндеу дәстүрлі Швейцария саясатымен үндеседі. Жалпы, кез келген талас-тартыстар мен дау-дамайларды, ЕҚЫҰ шеңберінде болсын немесе жаһандық деңгейде болсын, көпжақты тетіктер арқылы реттеу керек деген ұстаным қашанда басым тұруы керек. Бүкіл Қазақстан қоғамын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қуатты да уақтылы бастамасымен құттықтаймын. Тілегім, ол әлем елдері мен үкіметтерінің тарапынан мақұлдау мен қолдауға ие болсын. Өйткені, ХХІ ғасырда адамзат соғыс пен басқа да қауіп-қатерлер сияқты үрейлерден біржола арылуы тиіс. Рудольф ВИДЕР, Швейцария сыртқы саясат қоғамының вице-президентіӘр жолынан гуманизм лебі еседі
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі соғысқа қарсы деп айдар тағылған манифесіндегі ұстанымдармен келіспеу қиын. Қазіргі таңда бүкіл өркениетті әлем ядролық технологияларды пайдаланудан келетін зиянды азайтуға, сөйтіп, бейбіт атомды тек қана пайдалы іске жұмсауға назар аударуға ұмтылып отыр. Оның үстіне бұл – бүгінде жүзеге асыруға әбден болатын жайт. Ядролық қауіпсіздік мәселесі тек мемлекеттік деңгейде жайдан-жай қарастырылып жатқан жоқ. Өйткені, бұл – өте жаһандық ауқымдағы мәселе және оған саяси, сондай-ақ, қаржылық мәселелердегі мүдделер тоғысқан. Егер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне басымдық берер болсақ, онда мұны мемлекеттің шешуші қамқорлығы деп бағалаған орынды. Себебі, ядролық қарудан қорғау мәселесі қазіргі таңда маңыздылықтың жоғары деңгейіне ауысып үлгерді. Өкініштісі сол, ядролық технологиялар көп жағдайда тек бейбіт мақсаттарға ғана пайдаланылмауда. Ал бейбіт атом күнделікті өмірде мемлекеттің қаржысын үлкен көлемде үнемдеуге мүмкіндік берген болар еді. Осы себепті, бейбіт атом мәселесін дамыту әлемнің барлық мемлекеттері тарапынан осындай оң сипат алуы тиіс. Мәселен, Ресейде бейбіт ядролық технологиялар, бұл жерде жақсартатын жағдайлар бар екеніне қарамастан, бұрыннан пайдаланылып келеді. Тұтастай алғанда, адамға деген қамқорлық бірінші орында тұруы керек, ал қалғаны соншалықты маңызды емес. Анна БОДРОВА, Альпаридің аға сарапшысы (Мәскеу)Әлемге қажет батыл қадам
АҚШ-та өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитті, әрине, бәріміз де ғаламдық интернет жүйесі, ақпарат құралдары арқылы көріп-біліп отырдық. Тақырыбы жағынан бүкіл әлемді толғандырған ғаламдық мәселені Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі арқылы да біліп, талдап, талқылап жатқанымыз да сондықтан болар. Қазіргі заманғы әлемдік проблемалар аз емес. Бұл жайында саммитте Нұрсұлтан Назарбаев та айтып өтті. Яғни, қазіргі заманда адамзаттың өркениетті дамуы үшін шексіз мүмкіндіктер бар, ал озық технологиялардың арқасында туындайтын қатерлер мен басқа да тәуекелдердің де көбейіп келе жатқаны жасырын емес. Әрине, адамзат үшін соғыс деген бір-ақ сөз аса үрейлі. Мысалы, мен өзім Павлодарға сонау Оңтүстік Африка Республикасынан келдім. Достықта, қарым-қатынаста шекара жоқ. Бейбіт күнді, тыныш өмірді әлемнің барлық халқы қалайды. Қазір облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушыларға ағылшын тілінде химия-биология пәндерінен сабақ беремін. Мұндай мүмкіндік тыныштықты, бейбітшілікті қолдайтын, Семей полигонын жапқан Қазақстан деген елде жүзеге асуда. Химик, биолог ретінде айтсам, атоммен бүлінген, зақымданған әлемдегі полигон жерлері – қайтадан бейбіт өмірге пайдалануға жарап, өмірге қайта оралуы керек. Бейбіт мақсатта. Сондықтан, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздануға қарсы, бейбіт атом – тыныш өмірге деген манифесі, сөз жоқ, үлкен бастама. Президент жаппай қырып-жоятын қаруларды қысқарту, ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарттың қазіргі уақытта өз мақсатын орындамай отырғанына назар аударды. Атом тек қана бейбітшілік үшін, яғни бүкіл әлем ядролық ғылымды дамыту жолына түссе, тіршілік тынышталады. Бәрімізге белгілі, 1957 жылы МАГАТЭ құрылды. Ядролық қаруды атмосферада, ғарыш кеңістігінде және су астында сынауға тыйым салу туралы шартқа 1963 жылдың тамызында қол қойылды. Енді Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің қолдауымен Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды, ол атом энергетикасын дамытуды қарастырады. Семей полигоны аумағы, Арал, Каспий теңізі тақырыбы ғалым ретінде, әрине, мені де қызықтырады. Уақыт болып, сабақтардан қол тиіп жатса, барып көруге де болар еді. Бүгінгі оқушылар, жастар да бұл тақырыптарды білулері керек. Өйткені, олар осы елде, осы жерде тұрады. Сабақ беріп жүріп байқағаным, қазақстандық оқушылар білімге өте құштар. Олар осы білімге құштарлықтарымен де әдемі көрінеді. Болашақта полигон жерлерін зерттеп, бейбіт мақсатқа жұмыс жасауға беру үшін қазіргі жастар қолға алулары керек болар. Өйткені, Қазақстанның ядролық қарусыз саясатын, бейбітшілікке берік ұстанымын бүкіл әлем біледі. Қазақстан ядролық ғылымның артықшылығын, қажеттілігін түсініп, дәлелдеп, өзін әлемдік көшбасшы ретінде көрсете білген. Мемлекет осы елде қызмет етіп жүргенімді мақтан етемін. Эрвин ШОЛЬЦ, Назарбаев зияткерлік мектебі химия-биология пәндерінің оқытушысы (ОАР) ПАВЛОДАР Жаһандық сын-қатерлерге уақтылы жауап Қазақстан Президенті – қазіргі әлемдегі аса көрнекті лидерлердің бірі, «қырғи-қабақ соғыстан» кейінгі кезеңде және жас тәуелсіз мемлекет құру барысында көптеген тар жол, тайғақ кешулерден өткен мемлекет қайраткері. Ол батылдық пен шешімділікті сонау 90-жылдардың басында көрсетіп, Семей ядролық сынақ полигонын жапты және әлеуеті жөнінен әлемдегі төртінші ауқымдағы ядролық қаруды еш қиналмастан жоюға қол жеткізді. АҚШ астанасы – Вашингтон қаласында өтіп, ядролық қаруларды қысқарту мен шектеуге арналған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі қорытынды саммитте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа бастамамен – «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен шықты. Бүкіл әлемнің көптеген ғалымдары мен зерттеушілерінің дүниежүзіндегі үрейлі қорытындыларымен бөлісе отырып, Президент өзінің манифесінде Жер шарында бейбітшілік орнықтыру қағидаттарына шақырумен қайырылды. Өйткені, әлемдегі ахуал күн өткен сайын күрделене түсіп барады. Адамзатқа жаһандық ең қатерлі ядролық соғыс қаупі төніп тұр. Дәл осындай алаңдатарлық жағдай әлемде бұрын-соңды қалыптасып көрген емес. Осыған байланысты Қазақстан Президенті бірқатар маңызды шешімдер ұсынады. Бұл жайт бойынша әлемдегі барлық институттар мен ұйымдар реформаланатын болуы тиіс. Себеп біреу: олар қандай да бір мемлекеттің қолындағы «құралға» айналмауы керек. Керісінше, бүкіл адамзат баласы үшін барлық жаһандық сын-қатерлер мен қауіптерді жоюға бағытталғаны ұтымды. Бұл жерде бірінші орында жаһандық ядролық қатер – апаттық соғыс тұрғаны айтпаса да түсінікті. Бұл манифестпен дүниежүзіндегі барлық саяси және мемлекеттік көшбасшылар, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері, барлық халықтардың рухани-мәдени көшбасшылары танысулары керек. Қорыта айтқанда, өзінің жаңа бастамасымен Нұрсұлтан Назарбаев өзінің даналығын, болашақ ұрпақтың, әлемнің тағдыры үшін алаңдаушылығын кезекті мәрте көрсетіп отыр. Петко ГАНЧЕВ, елші, Софиядағы Еуразия геосаяси орталығының төрағасы (Болгария)Қарусыз-ақ қуатты елге айналды
Американың астанасында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жариялаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі қарусыздану мәселелерімен айналысып жүрген халықаралық сарапшылардың, дипломаттар мен саясаттанушылардың және де ғалымдардың зор қызығушылығын тудырғаны рас. Өз басым манифест мәтінімен таныса отырып, Қазақстан басшысының әлемдегі жағдайды өзінің бес саусағындай терең білетін байқампаздығына, сонымен қатар, қарулы қақтығыстардың қандай қауіп-қатерге апаратынын алдын ала сезіп отырған сұңғылалығына тәнті болдым. Өзінің манифесінде Қазақстан Президенті былай деді: «ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңғалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буындағы технологиялар жасап жатыр. Адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табалдырығында тұр. Көптеген қорқынышты аурулардың тамырына балта шабылуда. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр». Менің ойымша, Қазақстан Президенті Жер-Ана бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау бағытында адастырмас жолды нұсқады деп ойлаймын. Ол ұсынған бес қадамнан тұратын жоспардың маңыздылығы уақыт өткен сайын арта түседі. Қазақстан осыдан ширек ғасыр бұрын ядролық қарудан өз еркімен бас тартпағанда, қазіргі жағдайдың қалай болатынын көз алдына елестетудің өзі қиын. Ал енді осы жаппай-қырып жоятын қарудан, ядролық полигонды жапқаннан Қазақ елі әлсіреді ме, ұтылды ма? Әсте жоқ! Керісінше, бейбітшілікті қалайтын әлем елдері Қазақстан сынды жас мемлекет пен оның кемеңгер басшысының нартәуекелге барған ерлік ісін барынша бағалап, құрметтейді. Қазақстан бүгінгі күнде абырой мен беделге ие болды, күшті қолдау көрді. Бұдан артық қандай күш-қуат керек?! Дәл қазіргі қырық құбылып тұрған заманда қандай да болсын кикілжіңдерді қарудың, қорқытып-үркітудің күшімен емес, келіссөздер мен өзара сыйластықтың негізінде шешкеннен жапа шекпейміз. Міне, әлемдік деңгейдегі саясаткер Қазақстан Президентінің көздегені де, ұстанғаны да осындай саясат. Әлемдік қоғамдастық Қазақстан басшысының жоғары мінберден айтқан жігерлі, жасампаз және бүгінгі күннің көкейкесті мәселесін жан-жақты қамтыған сөздеріне барынша құлақ түреді деп ойлаймын. Біз – Түркі дүниесінің перзенттері Қазақ ұлының барша әлемнің тағдырына алаңдап, адамзат баласын татулыққа, бейбітшілікке шақырғанын және де ол жариялаған манифестің халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға алып жатқанын шын мақтан етеміз. Эраслан СИНАН, облыстық № 1 қазақ-түрік лицейінің мұғалімі, магистр (Түркия) ҚАРАҒАНДЫ