ШЫМКЕНТ. 26 сәуір. Оңтүстікте жер мақсатты пайдаланып келеді. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұловтың ақпары бойынша egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысының жер қоры – 11725,8 мың гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 6777,5 мың гектар болса, 934,7 мың га егістік жер. Ал 2 мың гектар жер облыстағы 82 мыңнан астам шаруа қожалықтарына қарайды екен.
«Жалпы облыста бүгінгі күнге 53 мың гектардан астам жер аукционға қойылған. Ал, өңірде 34 247 гектар жер бірлескен кәсіпорындарға жалға берілген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына жеке меншікке сатуға жол берілмейді, оларға тек конкурс құралдары арқылы 25 жыл мерзімге дейін жалға беру көзделген», деді Созақбай Әбдіқұлов.
Бақтияр Тайжан.
Дерек, фото: egemen.kz