Кеше Парламент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысы болып, оны палата Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды.
Жалпы отырыстың жұмысы Мәжілістің құзыретіне енетін кадрлық тағайындаулар мәселесінен басталды. Алдымен Конституциялық Кеңестің мүшесі Ілияс Бақтыбаевтың өз еркімен өкілеттігін тоқтатуды сұраған өтініші оқылды. Мәжілістің бірауыздан қабылданған қаулысымен оның өтініші қанағаттандырылды.
Одан кейін Мәжіліс Төрағасы Б.Ізмұхамбетов күні кешеге дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры лауазымын атқарып келген Асхат Дауылбаевтың кандидатурасын Конституциялық Кеңестің мүшелігіне ұсынды. Бұл ұсыныс та Мәжілістің тиісті қаулысымен бірауыздан мақұлданып, А.Дауылбаев Конституциялық Кеңестің мүшелігіне бекітілді.
Бекітілген күн тәртібіндегі мәселелердің алғашқы екеуі Мәжілістің қарауына түскен заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін белгілеуге арналыпты. Соның ішінде біріншісі – Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған жасалған Хаттаманы, екіншісі – Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран ұшырғыштарды ұшыру кезінде құлайтын бөліктерге құлау ауданы ретінде Қазақстаннан жер учаскесін беру туралы келісімді ратификациялау туралы болды. Екеуі туралы да Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев баяндап, заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге тиісті мерзім белгіленді.
Үшінші мәселе, Қазақстан мен Ресей арасында 2006 жылдың 15 тамызында Қазақстанның Ресей Федерациясы аумағында, Ресейдің Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан теміржол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын ресімдеу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы болды. Бұл – халық арасында осы уақытқа дейін түсінбестік тудырып келе жатқан мәселенің бірі. Кей-кейде елдегі барлық өзгерістер мен жаңалықтардан хабары бар деген адамдардың өзі Петропавл қаласына бара қалса, оның «Станция Петропавловск» деп аталатын теміржол вокзалының Ресейге қарайтындығын көріп, таң-тамаша қалады. Уақыты да Мәскеу уақытымен өлшенеді.
Сондықтан, оның сонау 1992 жылдардағы КСРО мүлкін бөлісу кезінде екіжақты келісім бойынша қабылданған шешім екенін еске салып өткенді артық емес деп санадық. Ресей жағы сол кездегі «Оңтүстік Орал» теміржолына қарайтын Қазақстанның Петропавл қаласындағы «Петропавловск» стансасын өзіне алды. Оның аумағындағы (кіру және шығудағы) 50 шақырымдық жол да Ресейге қаратылды. Есесіне Қазақстан жағы Ресей аумағының Орынбор облысындағы Илецк пен Алтай Республикасындағы Локоть стансаларын өзіне алды. Бұлар біздің Батыс және Шығыс аймақтарымызға шығуға ыңғайлылық тудырады. Сонымен қоса, осы екі стансаға кіріп-шығатын Ресей аумағындағы 200 шақырымдық теміржол да Қазақстанға қаратылды.
Жалпы, отырыстағы үшінші мәселе бойынша баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке солтүстікқазақстандық депутат Сергей Звольский нақ осы мәселеге байланысты сұрақ қойып, «Петропавловск» стансасындағы жүк тарифтерінің халықаралық қымбат тарифтерге дейін көтеріліп кететіні Қазақстан бизнесіне ыңғайсыздық тудыратынын айтты. Оған министр біз де өзімізге қарайтын Ресей аумағындағы екі стансадағы жүк тарифтерін сондай деңгейге көтергенбіз деп жауап берді.
Ал егер біз аталған екі стансадан бас тартып, өзімізге «Петропавловск» стансасын қайтаратын болсақ, Ресей жағы жүктерін өз аумағындағы айналма жолдарымен «Транссібір» бойында таси беру мүмкіншілігі бар. Қиналатын біз, өйткені, Батыстағы қалаларымызға жету үшін 600 шақырымдық жаңа теміржол тартуға мәжбүр боламыз. Сондықтан, әзірше қолданыстағы келісіммен жүрген тиімді, деді ол.
Негізгі келісімге енгізілетін өзгерістер туралы жалпы отырысқа ұсынылған 2012 жылдың 19 қыркүйегінде жасалған хаттамаға сәйкес келісімнен ресейлік теміржолдың «Озинки», «Ақсарай-ІІ», «Құлынды» және «Золотая сопка» түйісу пункттерінен жүктерді тасымалдау кезінде Қазақстанда және тиісінше қазақстандық теміржолдың «Никельтау», «Тобыл», «Пресногорьков», «Қызыл ту» түйісу пункттерінен жүктерді тасымалдау кезінде Ресейде тасымалдау төлемдерін төлеу тәртібін регламенттейтін 12 және 14-баптар алынып тасталған.
Заң жобасы біршама талқылаудан кейін мақұлданды. Осымен күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, жалпы отырыс орталық мемлекеттік органдарға арналған депутаттардың сауалдарын жариялауға көшті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»