• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Елбасы манифесі: БЕЙБІТ ӨМІРГЕ ҮНДЕУ

463 рет
көрсетілді

Әлемдік қауіпсіздік – бірінші орында тұруы тиіс мәселе

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы сәуір айы­ның басында Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитке қатысып, «Әлем. XXI ғасыр» атты мани­фесін жария етті. Елбасының бұл манифесі, онда айтылған бастамалары қазір әлемдік қоғамдастықта үл­кен қолдауға ие болып отыр. Бүгін­де танымал саясаткерлер де, ха­лық­аралық сарапшылар да Қазақ­стан Президентінің бей­біт­шілікті қорғау жолындағы нақ­ты ұсыныстарын қолдап, өз пі­кірлерін білдіріп жатыр. Оны күн сайын телеарналардан көріп отырмыз, баспасөзден, ин­тер­­неттен оқып жүрміз. Тіпті, әлем­­нің барлық қарапайым тұр­ғын­дары да бейбітшілікті қалай­тыны сөзсіз. Қай адамнан сұра­саңыз да, «Ядролық қаруға жол жоқ!» – деп жауап беретініне сенімдімін. Ал енді сондай қару­ды шығарып жатқан адамға «Осы қаруды өзіңе қарай бағыттаса, қайтер едің?» деп сұрақ қойсаңыз, ол да «жоқ» деп басын алып қашар еді. Шынымен де, жаһандық қауіп­сіздік бірінші орында тұр­ған мәселе екені анық. Біздің Елба­сы­мыз адамзат баласын толған­дырып отырған мәселені көтерді. Қазақстан Президенті өз елін ғана ойламай, бүкіл әлемді ядролық қарудан азат ету мақсатын алға қойып отыр! Бұл жерде бір елдің, бір халықтың ғана емес, бүкіл Жер-Ананың тағдыры тұр! Қазақстан Президентінің бас­тамалары алпауыт елдердің басшыларына да ой салып, атом қаруына ие болғандардың адам баласын қасіретке душар ететін қаруларынан бас тартуға қарай қадам жасауына ықпал етеді деген сенімім бар. Елбасымыздың сөзі әлемдік қоғамдастықта ядролық қаруды таратпау туралы нақты оң шешімдер жасалуына әсер етеді деп ойлаймын. Мысалы, сонау 1990-жыл­дардың басында ядролық қару-жарақтан өз еркімізбен бас тарттық. «Өзгелерді қорқытатын боламыз» деп өз уысымызда ұстасақ, оған ешкім қой деген жоқ. Бірақ Елба­сымыз ондай қатерлі қарудан бас тартып, 1991 жылы 29 тамызда Семей ядро­лық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойды, сөйтіп, Қазақстан бейбіт өмірді қалай­­тын мемлекет екенін әлемге таныт­ты! Міне, бүгінгі таңда әлем ал­дын­да ядролық қарудан бас тар­ту қа­жеттігін айтуға толық құқымыз бар. Ядролық қарудан бас тарту жөнінде алпауыт мемлекеттер түпкілікті бір мәмілеге келуі тиіс деп ойлаймын. Біздің Елбасы­мыз сияқты батыл шешім қабыл­дайтын президенттер сондай қадам­ға баруы керек. Жалпы, уақыт өте келе, ядролық қаруға ие мем­лекеттер де қаруларынан бас тартып, біздің елдің тәжірибесін қолданады деген үмітім бар. Біз ядролық сынақтардың зар­дабын ғана сезіне білдік. Ал ядро­лық қару қолданып, со­ғыс болса, жердің күл-талқаны шығатыны сөзсіз. Адам баласы үшін нағыз ақырзаман деген сол деп ойлаймын. Мысалы, Семей сынағының зардабынан бала­лары мүгедек болған қаншама ана­лар зар жылап қалды. Қаншама сәби жарық дүниеге келгенмен, бақытты балалықтан айырылды, өмірі өксікке толып, бар ғұмыры төсекке таңылумен өтіп жатыр?! Мұны жан-жүрегімен сезіне білген адам ғана түсінеді. Біз – анамыз! Бәріміздің де ойлай­тынымыз – елдің тыныш­тығы, халықтың амандығы, бала­ларымыздың жарқын да бақытты болашағы! «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген дана сөз бар ғой. Барлық ана бейбіт өмірді қалайды. Өмірге бала сыйлаған ана сол балаларының бақытты өмір сүргенін тілейді. Ешбір ана баласын соғысқа қатыссын деп тумайды! Бүгінгі бала ертеңгі күні жауынгер бо­лып, қолына қару алып, саяси көз­­қарастары келіспеген елдер­дің жұмсауымен өзі сияқты адам­дар­д­ы атып жатса, бұл қалай? Сон­дық­тан, адам баласы дүние­ге кел­ген соң, тек қана жақсы­лық іс­теуі, төңірегіне ізгіліктің нұрын таратуға бар күш-жігерін жұм­­сауы тиіс деп ойлаймын. Өз бала­лары елге сыйлы азамат бол­сын деп тілейтін барлық ана­ның ар­маны да – осы. Жақсы ниет қана адамға жақсылықпен қайтады. Ұл-қыздарын тәрбиелеуде әрбір ана осындай ізгі ниетті бала­­лары­ның бойына құя беруі ке­рек. Елбасының бастамасын жас­тардың да қолдап жатқаны қуантады. Менің ойымша, бүкіл әлемде жақ­сы­лық жаман­дықты жеңуі керек! Майра АЙСИНА, Парламент Мәжілісінің депутаты,  «Нұр Отан» пар­тиясы фракциясының мүшесі

Жалғасын тапқан жасампаз іс

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен IV Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысқанын көріп, осы тақырыпқа орай Президентіміздің манифесін оқып риза болдық. Себебі, Семей ядролық полигоны аймағында туып-өскендіктен өткен оқиғалар осындайда еске түседі. Менің балалық шағым өткен Едірей ауылы сынақ полигонынан 100-120 шақырым жерде орналасқан. Өткен ғасырдың елуінші жыл­дарының соңында, жерасты сынақтары кезінде әлі мектепке бармаған бала едік. Әскери киімді адамдар ауылымызға дүркін-дүркін келетін. Үйдің қасында окоп қазып, «Ертең таңертең осында келіп тығыласыңдар», дейтін. Сол айтқан уақытында солдаттар келіп, бәрімізді окопқа отырғызып: «Қазір шығыстан күн сияқты қызыл шар шығады, оған қарамаңдар, көздерің көрмей қалады», – дейтін. Содан тығылып отырамыз. Бір уақытта күркіреген күннен де қатты дыбыс шығады. Қорқып одан сайын бұғамыз. Бірақ баламыз ғой, арасында сығалап қарап қоямыз. Шынында, тапа-тал түсте шығыстан «күн» шығады. Соңынан қара түтін қаптап кетеді. Ол уақытта әскерилер де ядролық бомбаның күшін толық білмейтін тәрізді-ау деймін, әйтеуір, үй құлайды деп, адамдарды қазылған орға тығып, сақтық жасайтын. Кейіннен 60-жылдарың басында әуеде сынақ жасаған кезде ескертуді мүлде қойды. Әуелі аспанда із қалдырып, ұшақтар ұшады да, соңынан «гүрс» еткізіп бомбаны тастай салады. Сол қатты дыбыстан ит біткен қыңсылап арбаның астына тығылушы еді. Тауыққа дейін қораға қашып, тірі жан-жануардың есі шығып кететін. Ақыл-есі жоқ мал бомбаның не екенін білмесе де, оның жойқын дыбысынан қатты қорқатын. Бұл – табиғи түйсік болса керек. Сонда бомба жерге түсіп жарылғанда алдымен көзді қарықтырып қып-қызыл «күн» шығатын да, ол арқан бойы көтерілген соң қара-қошқыл түстес алып «саңырауқұлақ» бейнесіне енетін. Сонан кейін ол аспанға көтеріліп, қою бұлтқа айналушы еді. Осылайша сынақтар 70-80- жылдарға дейін жалғасып жатты. Әскерилер үн-түнсіз өз істерін тындыра берді. Ал сынақтың зардабын жергілікті халық көрді.  Адамдар азып, табиғат тозды. Ядролық сынақтың зардабы қандай болғанын екі қолсыз туған біздің ауылдың баласы, суретші Кәріпбек  Күйіковті көрсеңіз түсінесіз. Оның тісімен салған суретін Мемлекет басшысы АҚШ президенті Барак Обамаға табыстағанын теледидардан көрдік. Қатты толқыдық. Ядролық қарудың адам баласына қаншалықты зиян екеніне осыдан артық қандай айғақ керек?! Қолдың орнына тісін құрал еткен Кәріпбек сол полигон зардабының бүгінгі тірі мысалы. Осындайда ойға түседі, қы­рық жыл ажал сепкен Семей яд­ро­­лық полигоны Елбасының Жарлығымен жабылғанын естіген халықтың қуанышында шек болмады. Соның ішінде сол тажалдың маңыңда болған елдің арманы орындалып, талай жылдан бері ажал сеуіп келген айдаһардың басы шабылды. Осылайша Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде тарихта мәңгі қалды. Мемлекетіміз бейбіт ел болып, оның Президенті ерік-жігері ересен тұлға ретінде бүкіл әлемге үлгі көрсетті. Осындай себеппен Америкада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі самитке қатысқан Қазақстанның, оның лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­ты назарда болғаны заңды еді. Президенттің «Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесім ХХІ ғасырда өмір сүріп, жұмыс істеу керек болатын өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Біздер, мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершіліктеміз. Көптеген тар жол, тайғақ кешулерден өткен адам және саясаткер, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде, мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды өтініш­пен қайырылып отырмын», деген сөздерімен толық келісемін және құптаймын. Яғни, осыдан ширек ғасыр бұрын басталған жасампаз іс өзінің жалғасын күні бүгінге дейін тауып келеді! Біздің еліміз сөз жүзінде емес, іс жүзінде ядролық қаруды жойған тұңғыш мемлекет. Осы тұрғыдан келгенде, Президентіміздің сөзі ұтымды, қалай айтса да адами толық құқы бар. Бейбітшілік жолында осындай нақты қадам жасап отырған Елбасының ісін қазақстандықтар да бірауыздан қолдайды. Әлем жұртшылығына арнап отырған манифесін бір адамдай мақұлдайды. Қазіргі таңда ядролық қауіпсіздік мәселесі бүкіл әлем үшін ең толғақты, көкейкесті проблема. Соның ішінде лаңкестік белең алып тұрған уақытта, тіпті, маңызды екені белгілі. Олай болса, бейбіт күніміз мол болсын, осы жолдағы Елбасының ісі оң болсын!  Серік СЕКСЕНҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі ҚАРАҒАНДЫ

 Қолдау қажет етілетін құжат

Ғаламдық әлеуметтік-эконо­микалық және саяси жағдай әлем елдеріне де әсер ететіні сөзсіз. Ва­шингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі қорытынды саммиттің де әлем үшін маңызы зор. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі қазір қызу талқылану үстінде. Өйткені, саммитте талқыланған ядролық қауіпсіздік мәселесі бүкіл дүние жүзін алаңдатуда. Өркениетті өмірдің, жаһан­данудың бүгінгі тыныс-тіршілігі, болашағы бұл күндері бүкіл адамзатты ерекше толған­дырып отыр. Бұл – біздің барлық жоба-жоспарларымыз, алға деген ұмтылыстарымыз, өмір сү­руге деген құштарлығымыз, ұрпақ­тарымыздың жарқын бола­шағы, ертеңгі күнге ба­ғытталған дәйекті де тұрақты даму жолдарымыз. Бірақ, соңғы жылдар оқиғасы бүкіл әлемге қауіп-қатер төн­діруде, кейбір еларалық жанжалдар жаһандық соғысқа жалғасып кетуі де ықтимал делініп отыр. Сондықтан, деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев саммитте сөйлеген сөзінде адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ау­қымды бағдарлама қажет. Бұл жаһандық стратегия ұлттың соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттерін айқындауға тиіс. Бұл құжатта үш басты қағидатты нақты мазмұндау керек. Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қол­да­нудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс. Әр адам Жер шарының кез келген нүктесінде бейбіт, бақытты өмір сүргісі келеді. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі бүкіл әлемде резонанс туғызды. Әлемге тыныштық керек! Мемлекет басшысы былай дейді: «Әлем бұған дейінгі 100 жылдықта адамдар бейбітшілік үшін қалай күрессе, ХХІ ғасырда дәл солай саналы және табандылықпен күресуге әбден лайықты. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз». Ал біз Президентіміз жаһандық бейбітшілік үшін қозғалыста және адамзат өркениетін сақтау үдерістерінде көшбасшы екенін мақтан тұтамыз. Еліміз атом қа­руынан бас тартты. Сөйтіп, әлемге үлгі көрсетті. «Қазақстан электролиз зауыты» – Елбасы бастамасымен салынған бейбіт өндірістік кәсіпорын, бұл күндері еліміздің экономикасын өркендету жолында табысты еңбек етуде. Металлургтер Елбасының бейбіт, тұрақты өмірді көрсеткен жолын, саясатын толық қолдайды. Бейбіт еңбек, тыныштықты қалайды. За­уытта қандай өзгерістер, жа­ңа­­шыл­дықтар болмасын зауыт ұжымына, жұмысшыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осы елде, осы жерде өмір сүрген соң ешкім де қоғамнан тыс қала алмайды. Елбасы манифесінің мән-мақсатын барлығы да жақсы біледі, қолдайды. Ертеңгі болашақты сақтап қалу – біздің парызымыз.  Роман РОМАНОВ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті ПАВЛОДАР

Адамзат бәтуаға келуі тиіс

«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі халықаралық қоғамдастықты ұлттар арасындағы әскери қақтығыстар тәуекелдерін жою бойынша өзара бәтуаға келу және үйлестірілген шешімдер қалыптастыру жолдарын із­дестіруге итермелейді. Өз манифесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзаттың ең бір жанға тиер дертін ашып көрсетті, ал ол болжамды болашақта Жер шарындағы өмірді жойып жіберуі әбден мүмкін. Әңгіме халықаралық қоғамдастық бейбітшілік орнату жолындағы ынтымақтастық үшін өз бойынан күш-жігер таба алмаса, шынымен де ем қонбайтын дертке айналуы мүмкін соғыс вирустары мен дау-жанжалдар туралы болып отыр. Бұлай жалғаса берсе ядро­лық оқтұмсықтарды пайдалануға апа­рып соқтыратын жаһандық қарсы тұру­шылықтар мен апаттарға қарай одан әрі құлдырауды күтуге тура келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, соғысты жою – адамзаттың ең күрделі өркениетті міндеті. Елбасының оған ешқандай өзге балама жоқ және осынау жаһандық проблеманы шешу әлемдік көшбасшылардың абсолюттік басымдығы болуы тиіс деген сөзі нағыз шындық. Стратегиялық соғысқа қарсы бағдарламаның тұжырымдамасын да, ұлттар арасындағы сенімді нығайтатын оның базалық қағидаттарын да толық қолдаймын. Қазақстан Президентінің бейбітшілік манифесі адамзаттың үйлесімді дамуында жаңа сатыны ашуға қабілетті екеніне сенімім мол. Құжатта ұсыныл­ған іс-қимылдар алгоритмі пайда болған қарама-қайшылықтар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін құрудың шешуші мәселелерін реттеу үшін кешенді жағдайлар туғызады, ал ол бүкіл мемлекеттердің болашақтағы бейбіт өміріне кепілдік береді. Мен Қазақ­станның бітімгершілік бастамаларының біздерді ядро­лық қарулар да, соғыстар мен дау-жанжалдар да болмайтын болашаққа қарай айтарлықтай жақындата түскеніне сенімдімін. Алена СКЛЯР, кәсіпкер  ҚЫЗЫЛОРДА