Сондықтан оның қадір-қасиетін жете ұғынып, анамыздай мәпелеп, күтіп ұстамаса болмайды. Даңғайыр диқан осылай кесіп айтады
Биылғы жылдың 1 шілдесінен күшіне енетін «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес облыс аумағында қал-қадерінше түсінік жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері де ортаға салынды.
Біз Қазақстанның Еңбек Ері, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий ЗЕНЧЕНКОНЫ әңгімеге тартып, ой-пікірлерін білген едік.
– Геннадий Иванович, соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы түрлі ақпараттардың таратылуына байланысты жер мәселесіне алаңдаушылықтың көбейіп кеткені рас. Ол туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының жақында өткен сессиясында Президент те ашық айтып, оның шындыққа жанаспайтынын, ата-бабамыздан мұраға қалған басты байлығымыздың шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеді. Сіз білікті басшы ретінде не айтар едіңіз?
– «Ауруда – шаншу, сөзде қаңқу жаман» деген сөз бар. Ел ішін алатайдай бүлдіріп, шапқынға салып қоятын осындай алыпқашты әңгімелердің түп-тамырына үңілетін болсақ, заң нормаларын білмеушіліктен және түсінік жұмыстарының жеткілікті жүргізілмеуінен туындап жататыны жасырын емес. Нұрсұлтан Әбішұлы өте дұрыс атап көрсетті, Үкіметтің алға қойып отырған мақсаты– ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндіктерін туғызу.
Осы мәселені талай жылдан бері көтеріп, тиісті орындар алдына қойып келдім. Өйткені, арамшөп басып кеткен егістік алқаптарды көргенде жүрегім ауыратын, ішім қан жылайтын. Біздің әкелеріміз, аталарымыз мемлекет, қоғам меншігіне жеке иелігіндегі дүниесіндей, мүлкіндей қарап, шаң жуытпайтын. Олар жердің иесімен қатар, киесі де болатынын біздерге ұқтырып кеткенімен, қазір ондай көзқарас некен-саяқ. Тіпті, жоққа тән. Сондықтан, түрлі өзгеріс-толықтырулармен Жер кодексінің қабылданып, бірер айдан кейін күшіне енетінін асыға тосып жүргендердің бірі – менмін. Заңның ең басты айырмашылығы да, өзгешілігі де ауылшаруашылық жерлерін сатып алған адамға оны дұрыс мақсатта пайдалануына ықпал жасау болып табылады. Демек, басты байлығымыз, негізгі асыраушымыз Жер-анаға деген шын ие, еге табылды деген сөз. Және де «мә» деп кез келгеннің қанжығасына байлап бере салмайды. Ауылшаруашылық жерлері бірінші кезекте жеке және заңды тұлғаларға жекеменшік құқығымен жер учаскесінің кадастрлық құнын арттыруды көздейтін аукцион арқылы сатылымға шығарылады. Сатып алу тетігінде бірталай жеңілдіктер де қарастырылған. Заңды дұрыстап оқыған адамның ауылшаруашылық жерлерін шетел азаматтарына, болмаса компанияларына сату жөнінде бірде-бір бап жоқ екеніне көзі жетер еді.
Кезінде жерлерді арендаға алғанымен, не бабын келтіре алмай, не өнім ала алмай, тіпті, басқа біреуге субарендаға беріп қойғандарды талай кездестіргенбіз.
– Сіз басқаратын шаруашылықта 30 мың гектардай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар болса, 25 мыңдай гектарына ауыл шаруашылық дақылдарын егеді екенсіздер. Осы жерлер қандай үрдісте пайдаланылады?
– Бізде 700-ге жуық адам еңбек етсе, бір шоғыры егіншілікпен айналысады. 1996 жылы «Новоникольское» кеңшарына директор болып келгенімде, ауыл тұрғындары жер пайларын маған сеніп тапсырған болатын. Содан бері бірлесе жұмыс істеп келеміз. Жалғыз құрылтайшы болғандықтан, «өзімдікі дегенде – өгіз қара күшім бар». Орташа түсім 22-25 центнерден кеміп көрген емес. Ауа райы қолайсыз болғанның өзінде жақсы өнім жинай білдік. Өйткені, егіншілік мәдениетін жетілдіруде алдымен озық технологияларға сүйендік. Мәселен, теріскейде пияз өсіру оңай емес. Ауа райының қаталдығына қарамастан гектар басы 500 центнер өнім алдық. Көкөніс өсіру де озық әдіс-тәсілге негізделген.
Бәзбіреулер 100-500 гектар жерді жалға алғандарына, аз-мұз табыс алғандарына мәз. Жердің күтімін, бабын, органикалық, минералды тыңайтқыштармен байытуды ойлай бермейді. Осындайлар ғой «өзгенікі дегенде бір кісідей ісім бардың» керін келтіретін. Енді жер-ананың қадірін білмейтіндерге тосқауыл қойылатын, тамырына балта шабылатын күн алыс емес. Оның сыртында, жерді жекеменшікке сатып алып, мақсатты пайдаланбайтындарға да заңдық тұрғыдан қатал шаралар көріледі.
– Осы уақытқа дейін Қызылжар өңірінде жекеменшікке сатылған егістік алқаптар бар ма?
– Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов БАҚ өкілдерімен болған брифингте 6175 гектар жердегі 28 учаскенің сатылғаны, оның 1636 гектары егістік жер, 4383 гектары жайылым екені, ал өңір бойынша 683,3 мың гектар жерді жекеменшікке беруге болатыны жайлы деректер келтірді. Мұның өзі аграрлық салаға жаңа серпіліс әкеліп, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы 35-ші қадамды орындау аясындағы жаңа өзгерістер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беруге ықпал жасары анық.
– «Богби» және «Трансавто» серіктестіктері жүздеген мың гектар жерлерге егін сеппей, тұрғындарды тақырға отырғызып кеткенін білетін боларсыз?
– Менің шыр-пыр болып айтып жатқаным да сол, жерге нақты қожайын болмай көсегеміз көгермейді. Білуімше, «Богбиден» – 100 мың, «Трансавтодан»– 48 мың гектар егістік алқап мемлекет меншігіне қайтарылған көрінеді.
Облыс бойынша жалпы жер қоры–9,8 миллион гектарды, оның ішінде ауыл шаруашылығы маңызы бар жерлер 74 пайызын құрайтынын ескерсек, бәріне де шын қожайын табыларына сенімдімін.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы