зерттейтін орталық ашу қажет пе?
Семейде бір топ ғалымдар жабайы адамның бар екендігі туралы мәлімдеді. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек Кәрімов белгісіз тіршілік иесі туралы сан түрлі әңгімелерді бала күнінен естіп келеді екен. Тарбағатай тауының күнгейі мен теріскейінде денесін түк басқан тіршілік иесін көрген адам аз болмапты. Бұл жөнінде, тіпті, Қарабұйрат елді мекенінде ауыздан-ауызға тараған әңгіме де бар. Бірақ бұл оқиғаның шындыққа қаншалықты жанасатыны әзірге белгісіз. Мамандар осыған байланысты арнайы орталық ашу керектігін алға тартты.
– Қазір Шыңжаң жағында қытайлықтар таулы аймақтардың басым бөлігінде туристерге арнап демалыс орындарын дайындауда. Адам аяғы баспаған құзар шыңдарға жол салғанын да көріп жатырмыз. Мұндай жайсыздықтан жабайы тіршілік иелері бізге қарай ауып келуі мүмкін, – деді Мұхтарбек Кәрімов.
Айта кетейік, қар адамы туралы мәліметтер алғаш өткен ғасырдың 50-жылдары тарала бастады. Сол кезде көптеген ақпарат құралдары Гималай тауына өрлеген альпинистердің жабайы адаммен бетпе-бет келгені туралы хабарлаған. Осыған орай бірнеше рет арнайы экспедиция құрылып, зерттеу жүргізілмек болған. Дегенмен, бастамалар сәтсіз аяқталып жатты. Роджерер Паттерсон мен Боб Гимлиннің 1967 жылы түсірген фильмі мұндай тіршілік иесінің бар екенінің дәлелі саналған. Алайда, 2002 жылы фильм желісінің жалған екені белгілі болды.
Адамға ұқсас тіршілік иесі жайлы сан түрлі мағлұматтар, шытырман оқиғалар, басылым беттерінде жарық көрген мақалалар, сапасы нашар фото мен бейнероликтер жетерлік. Бірақ әлі күнге дейін нақты дәлел болатын, жабайы адамдікі дейтіндей бірде-бір тері, не қаңқа табылмапты. Ауызша деректер бойынша олар таулы немесе орманды аймақтарда тіршілік ететін көрінеді.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Семей