Көрнекті жазушы Оразбек СӘРСЕНБАЙ хақында бір үзік сыр
Қай кезде де қоғам өмірінің барысына, ел жағдайында болып жататын сан түрлі оқиғаларға, өзгерістерге бейжай қарамай, жүрегінен өткізіп, әрдайым өз заманы туралы толғана қалам тербеген көрнекті қаламгер, қазақ руханиятының ірі тұлғасы Оразбек Сәрсенбай ағамыздың бұл дүниеден бақилыққа кеткеніне де жыл толып отыр. Осы жерде айтулы қаламгер туралы замандастарының сөзіне ден қойсақ, Оразбек Сәрсенбайдың қалам қайратына, азаматтық болмысына риясыз көз жеткізесің.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «Өзі өскен Сыр бойының табиғаты, мінез-құлықтары, ақ пейілі өн бойынан түп-түгел көрініп тұратын еді. Алғашқы әңгімелері мен повестерінен-ақ бет-жүзіңе қарамайтын турашылдығы мен шыншылдығы көзге ұрады. Құдайға шүкір, қаулап өсіп жатқан әдебиет орманында өз бағыт, өз бағдарын түзеп, қазақ руханиятында бүгін бар, ертең жоғалып кетпейтіндей баянды жол сала алған азғантай әдебиет сүлейлерінің бірі Оразбек екені даусыз. Береке-бірлікті, ар-ұжданды, обал-сауапты, пәтуа-парасатты демі таусылғанынша әспеттеп өткен Оразбек Сәрсенбаевқа бүгінгі қазақ қауымының айрықша ризагер екендігі сөзсіз» десе, Нұрлан Оразалин: «Қазақ көркем ойы мен көркем сөзіне олжа салған осынау тебінгілі, текті буынның көрнекті өкілдерінің бірі – Оразбек Сәрсенбай... Қарымды қаламгер Тынымбай Нұрмағамбетов: «Орекең білімді кісі еді. Және білімі жан-жақты болатын. Әдебиет жайлы болса да, дін жайлы болса да, өмір сүріп отырған қоғамымыз, саясат жайлы да парасатты ойлар айта алар қабілетке ие еді», деген байлам айтса, сұңғыла суреткер Дулат Исабеков: «Оразбек Сәрсенбаев секілді өмірлік көзқарасы қалыптасқан, өзіндік ұстанымы бар, кез келген дүниеге сыни көзбен қарайтын ойлы қаламгерлеріміздің дүниеден озғаны жанарымызға жас үйіреді», деп өкінішін алға тартады.
Мәртебелі сөздің мәресінен көрініп, көптің көңілінен шыққан зерделі жазушының шығармашылық талпынысы мектепте жүргенде-ақ басталып, университетте жалғасқан. Өңірдегі мерзімдік газетте алғашқы тырнақалды өлеңдері, мақалалары жарияланып, одан әрі Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде әр жанрдағы туындылары басылып, шығармашылық тынысы ашылады. 1962 жылы желтоқсанда «Лениншіл жаста» жарияланған «1961 жыл» деген публицистикалық поэмасы қазақ әдебиетінде құбылыс болды. «Алқынамын ауа жетпей бір жұтым... Ақ дидарын көреміз бе шындықтың?» деп толғанатын дастаны бұған дейін қазақ әдебиетінде айтылмаған тың сөз ретінде қабылданған. Поэмада сталиндік қуғын-сүргін, қазақтың өткен дәуірдегі көрген қиыншылығы, отарлық езгіге ұшыраған жағдайлары, ұлттық, тілдік мәселелер көтерілді. О.Сәрсенбаевтың шығармашылығын сөз еткен сыншылар «1961 жыл» поэмасымен сталинизмді қазақ әдебиетінде ашық сынаған тұңғыш еңбек деп бағалады.
Кейін бір естелігінде Ә.Кекілбаев бұл поэманы 60-жылдардағы жас буынның алғаш рет тізгін үзіп бой көрсеткені осыдан басталды деп атап айтқаны бар. Бұл шырмаулы шығармасының толық нұсқасын Орекең 2005 жылы шыққан «Жарық дүние» жыр жинағында ғана жариялады.
Жазушылыққа біржола ден қойған Орекеңнің алғашқы прозалық жинағы «Даңқ» деген атпен 1965 жылы жарық көрді. Одан кейінгі жылдары «Жалғыз күрке», «Сағым», «Таңбалы тас», «Бақыт құсы», «Жиде гүлдегенде», «Жақсының көзі», «Замандас», «Уәде», «Шамшырақ», «Шеңбер», «Менің мекенім», «Өмірнама», «Адамның құны қанша?» деген атаулармен әңгімелері, повестері, романдары, әдеби сын мақалалары, рисала философиялық толғаулары, жырлары 20-дан астам кітапқа жинақталып, оқырман қолына тиді, қазақ әдебиетінің алтын қорын байытты.
Сыншылар Оразбек Сәрсенбаев қазақ әдебиетінде Антон Чеховтың орыс әдебиетіндегі сезімтал қарапайымдылығы мен өзіміздің Бейімбет Майлиннің ұғымтал қарапайымдылығын бірдей ұстанған қаламгер деп дәйектейді. Атамекен жайы, ондағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, қайырымдылық пен имандылық, адалдық пен арамдық сияқты екі ұдай дүние арпалысы кейіпкерлер өмірімен өріліп, тағылымы оқырманын бейжай қалдырмайды. Ең соңғы кітабы «Өмір-сынақ» былтыр жазушы дүниеден өткен соң бір айдан кейін жарық көрді.
Сөз зергерінің әңгімесі негізінде жарасымды «Долана» көркем фильмі түсірілді. Режиссер – С.Нарымбетов. Шиеліден шыққан әйгілі артист Мейірман Нұрекеев осы фильмде ойнайды. Жазушының шығармалары ағылшын, венгр, корей, қырғыз, қытай, марий, орыс, өзбек, татар, тыва, украин, эстон, якут, т.б. тілдерге аударылып, қазақ әдебиетінің қуатын танытты. Өзі де аудармашылықпен айналысып В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искандер және басқа танымал жазушылардың шығармаларын ана тілімізде таныстырды. Кейінгі жылдары имандылықты насихаттауға ден қойды, «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сиқырдан сақтану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», т.б. ондаған кітаптарды қазақшаға аударуға атсалысып, имандылық жолды нұсқады.
Күрескер Мұстафа Шоқай мен өнерпаз Нартай Бекежанов Орекеңе рухани жақын жандар. Нартайға арнап «Шамшырақ» романын, әңгіме, мақалалар жазса, Мұстафа еңбектерінің басын құрап, әуелі екі том, кейін үш том жинағын шығарған, мақала жазған насихатшысы екенін атап айтуға тиістіміз. Орекеңнің еңбегі мен шығармашылығы қоғам мен мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды. «Уәде» атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы, «Шамшырақ» романына халықаралық «Алаш» сыйлығы, «Шеңбер» романына Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. «Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері» атанды.
«Айқын» газетіне берген сұхбатында О.Сәрсенбай өз шығармашылығы туралы айта келіп, «О бастан осы заман тақырыбын таңдап алған жазушымын. Ең қиын нәрсе – өзіңнің заманың туралы жазу. Жалпы, әдебиет тарихында өз заманыңның шежіресін жасау құндырақ бола ма деп ойлаймын. Менің бар қорегім – ел, кейіпкерлерім де түгелдей ауылда тұрады. Сол елдің жағдайын, басқасын былай қойғанда, өзіміздің Сырдың жағдайын әжептеуір білемін», депті.
Иә, Орекең замана суреткері және Сыр халқының жүрек соғысын дөп басатын оның шығармалары Сыр елі адамдарының жиынтық бейнесінің көрмесі деуге болады. Ол Сырдан шыққан әйгілі адамдар – болыстар Әйеке, Әлмембет, сүлейлер Бұдабай Қабылұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Нартай Бекежанов, Қалмақан Әбдіқадыров, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев, қаламгер Дүйсенбі Смайылов, басқа да талай қарапайым жандардың абзал бейнесін, қайшылықты өмірлерін көркем кескіндеп берді.
Орекең – саясатқа үйір болмаған, жазушының саясаты да, философиясы да, өмірге, қоғамға деген көзқарасы да оның шығармасында жатуы керек деп түйген қаламгер. Өмір, тіршілік, болмыс турасындағы пікірлерін соңғы жылдарда жазған рисалаларында айтып кетті. Рисала жанрына қалай барғанына тоқтала келе, Орекең бала күнінен Шығыс ғұламаларының, ақындарының еңбектерімен танысуы, әкесі Сәрсенбай мен оның замандастары – ақылгөй ақсақалдардың әңгімелері көңіліне жатталып қалғанын айтады. «Мен 18 рисаламда басты кейіпкер ретінде көбіне өз әкемді суреттеймін. «Рисала» – Шығыс әдебиетінде ежелден бар жанр. Қазақта бірінші рисала жазған адам – Абай. Абай «қара сөздер» деп емес, «сенім-наным кітабы» деп жазған екен. Кейінгілер оны «бірінші сөз», «қырық бесінші сөз» деп нөмірлеп шыққан. Абайдікі ғақылия түрінде келсе, менікі Ислам дініне негізделген дүниелік философияның прозалық түрі деуге болар. Қолдан келгенше жас күнімізден мұсылмандық жолмен жүруге тырысып келеміз. Менің бірде-бір шығармамда Құдайды ғайбаттайтын бір ауыз сөз жоқ екен. Қайта кейіпкерлерімнің аузына Құдайдың атын, Алланың ақ жолын салған жерлерім көп», деп сырын ашады қаламгер.
Ол өмірде кездесетін екіжүзділіктің бет пердесін аямастан сыпырып тастайды, ізгілікшіл жазушы: «Рухы мықты елді ешбір жау, ешбір жамандық жеңе алмайды. Ілгерілеуді көрмеу, болашаққа үміт артпау – дұрыс болмайды. Шындықты шырылдатып айту керек, олқылықты ортаға салу керек, бірақ сонымен қатар, тым сарыуайымға түсудің қажеті жоқ. Қазақ халқының келешегіне үлкен үмітпен қарау керек. Қазақ ұлты – пассионарлық дәуірі әлі тоқтамаған халық», деген сенімін білдіреді.
Міне, жазушының өмірлік бекем ұстанымы, сарабдал саясаты, сұңғыла философиясы, өмірге, қоғамға кемел көзқарасы. «Менің саясатқа қоян-қолтық араласпауым, билікке жақын жүрмеуім, популизмге бармауым, теледидар қаншама рет қиылып шақырса да бармауым, үлкен жиын-тойлар, конференциялар ұйымдастырмауым, өмірімде бір рет арнайы мерейтойымды өткізбеуім – мұның бәрі өзімнің саналы түрде таңдап алған жолым, жеке философиям десем болады», деп ағынан ақтарылады Орекең. Туған елі: «Ореке, Сыр халқының көркем шежіресін жасадыңыз, елге өзіңізше келіп-кетіп жүресіз, білдірмейсіз, оқырман жұртыңыз сізбен дидарласқысы, сырласқысы келеді», деп өтінгенде өмірінде бір-ақ рет, 73 жасында Шиеліге барып кездесулер өткізгені де осы ұстанымының айғағы. Сол кездесулердің бірінде бір оқырман: «Біз, кейінгі жастар, Шиелінің өткен келбетін білмеуші едік, Орекеңнің кітаптарын оқысақ, көз алдымызға дөңгелеп келе қояды», деген екен. Туған елі Орекеңді қошеметтеп Шиелі ауданының құрметті азаматы атандырыпты сол сапарында.
Қарымды қаламгердің күнделіктері де бір әлем. Оқып көрелік: «Жазғанымның бәрі – шындық, шындық болғанда да кәдімгі қарапайым өмірдің өзі» десе 1955 жылы студент шағында, 1961 жылы «Қиянат көрсем, бірден бүлініп шыға келемін. Мәмілешілдік маған жат емес. Жағымпаздықты жек көремін», депті. Кезінде Мұқағалиді Жазушылар одағынан шығармақ болған жиналыста Мұқағалиді жақтап қорғаған екі адам: Оразбек Сәрсенбай мен Ғаббас Қабышев болған екен. Міне, мінез, таным, ұстыным. «Мен білер Оразбек қазір де сондай. Осындай қасиеттері мол жазушыға сенесің, иланасың, ден қоясың, өмір жолын қызыға оқисың» деп Орекеңнің азаматтығын жоғары бағалапты 2005 жылы қазақтың білгірі Герольд Бельгер. Одан әрі Әбекең – Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, О.Сәрсенбаевтың шындығында оның бетіне тайсалмай қарағанмен, белден басар әулекілік, беттен тырнар әумесерлік жоқ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»