Театрдың құрылымдық және оның шығармашылық ерекшеліктеріне қатысты мәселе жеке қаралады. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде құрылған жұмыс тобының мүшелері осындай шешімге келді.
Айта кету керек, жұмыс тобының отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға салынды. Аталған заң жобасы бойынша «Мәдениет туралы» қолданыстағы заңның «Театрлар» деп аталатын 22-бабына өзгерістер енгізу көзделген болатын.
Депутаттар заң жобасы бойынша әзірленген салыстырма кестедегі Сауытбек Абдрахманов, Майра Айсина, Гүлмира Исімбаева, Бекболат Тілеухан, Фахриддин Қаратаев ұсынған түзетулерді қарады. Бекболат Тілеухан жетекшілік еткен жұмыс тобының отырысында Нұртай Сабильянов, Нұрлан Дулатбеков, Кәрібай Мұсырман, Майра Айсина және басқа да депутаттар өз пікірлерін білдірді.
Отырыста мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптарды еліміздегі кітапханаларға табыс ету мәселесі де талқыға салынды. Жұмыс тобының мүшелері бұл мәселе әлі де зерттей түсуді қажет етеді деген тоқтамға келді.
Сондай-ақ, «Қазақстан Театр қайраткерлері одағы» РҚБ төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстан Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер сияқты шығармашылық одақтарды үкіметтік емес ұйымдардың қатарына қоспау керектігін айтты. Депутаттар театрлардың бүгінгі өзекті мәселелерін ескере келіп, қолданыстағы заңға жаңа түзетулер енгізеді деген сенімін жеткізді.
Жұмыс тобының келесі отырысында театрға қатысты мәселе тағы да талқыға санылатын болды.
«Егемен-ақпарат»