• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2016

Отандық кәсіпорындарға – халықаралық сертификат

273 рет
көрсетілді

Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) компаниясы қазақстандық 17 компанияға Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымның (СХҰ) ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 22000 сертификаттарын беру салтанатты шарасын ұйымдастырды. Олардың барлығы Сапаны басқару орталығы («QMC» ЖШС) өткізген оқудан ойдағыдай өтіп, Rina Services SpA Kazakhstan компаниясымен сертификатталды. Отандық кәсіпорындардың оқу мен сертификаттау шығындарын НКОК компаниясы қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді арнайы бағ­дарлама шеңберінде өз мойнына алған. Бағдарлама мін­дет­терінің бірі жергілікті компаниялардың халық­ара­лық стан­дарттарға сәйкес тұрақты дамуына ықпал етуге, сонымен қатар, қазақстандық маман­дардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Қазақ­стандық 17 кәсіпорын басшыларына ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 22000, ISO 50001 халық­аралық стандарттары бойынша сертификаттарды табыс еткен НКОК компаниясының жергілікті қамту жөнін­дегі менеджері Дәуірбек Өтежановтың айтуынша, НКОК-тың қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберіндегі мемлекет саясатына жан-жақты қолдау көрсетіледі, сонымен қатар, жергілікті жабдықтаушылардың әлеуетін өсіруге қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіле береді. «Компанияда жергілікті қамтуды дамыту бо­йынша жүйелі тәсілдеме жүзеге асырылуда және нақты міндеттер белгіленген ұзақ мерзімді стратегия қабылданған. НКОК шетелдік мердігерлерден гөрі жергілікті компанияларды тартуға мүдделі, бұл ретте олар Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу туралы келісімде белгіленген критерийлерге сәйкес болуы керек және олардың тауарлары мен қызметтері бәсекелесуге жарамды болуы тиіс. ISO стандарттары бойынша халықаралық сертификат жергілікті компанияларға көптеген деңгейлерде елеулі ықпалын тигізеді. Оның үстіне, олар сертификаттар алғаннан кейін Солтүстік Каспий жобасының тендерлеріне анағұрлым сенімді қатысумен қатар, дүниежүзі бо­йынша басқа да халықаралық компанияларға өз тауарлары мен қызметтерін ұсынуда бәсекелестік деңгейін арттыра алады», деді ол. Оның мәлім етуінше, ISO стандарттарының енгізілуі біріншіден, қазақстандық компаниялардың өнімділігін оңтайландыруға және тиімділігін арттыруға, екіншіден, олар үшін тендерлік құжаттардың толық және сапалы түрде ұсынылуын қамтамасыз ете отырып, компаниялардың келісімшарт берудегі мүмкіндіктерін кеңейтуге, үшіншіден, келісімшарт бойынша жұмыстардың, сонымен қатар уақтылы жеткізілімдердің бюджет шеңберінде, барлық техникалық критерийлерге және сапа талаптарына сәйкес орындалуына, бұл ретте тапсырыс берушілерінің талаптарын толық қанағаттандыруға теңдессіз қолдау көрсетілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Біз Солтүстік Каспий консорциумына халық­ара­лық стандарттар бойынша сертификаттаудан өту барысында көрсеткен қолдауы үшін ризамыз. Көрсе­тілген қолдаудың нәтижесінде біздің компаниямыз қызметіміздің тиімділігін арттырып, көрсетілетін қызметтеріміздің деңгейін көтерді және спектрін кеңейтті», деп атап өтті «Қазэлектромаш» директорының орынбасары Александра Распопина. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан»  АТЫРАУ