• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2016

Нидерланд және Түрікменстан

982 рет
көрсетілді

Нидерланд Еуропадағы халық ең тығыз қоныстанған және өте жоғары дамыған мемлекет болып табылады. 1957 жылы 25 наурызда Нидерланд Еуропалық одақтың негізін қалаушы алғашқы мемлекеттердің бірі болды және еуропалық интеграцияны нығайтуға ерекше үлес қосты. Нидерланд Корольдігі – Батыс Еуропадағы мемлекет. Оның Батыс Еуропадағы аумағын Солтүстік теңізінің сулары шайып жатыр. Ол сонымен бірге, Германиямен және Бельгиямен шекараласады. Жер көлемі 41532 шаршы шақырымды құрайды. Халқының саны – 17 022101 адам. Тұрғындарының 96 пайызы голландтар. Ресми тілі – нидерланд (голланд) тілі. Нидерланд король басқаратын конституциялық монархия болып табылады. Жоғары заң шығарушы органы екі палатадан тұратын бас штабтар. Астанасы – Амстердам қаласы, алайда үкімет резиденциясы Гаага қаласында орналасқан. Әкімшілік жағынан 12 провинцияға бөлінеді. Нидерланд БҰҰ-ға (1945), Еуроодаққа (1957), НАТО-ға (1949) мүше. Нидерланд аумағын адамдар тас дәуірінен бері мекендейді. Б.з.д 1-ші мыңжылдықтың екінші жартысынан мұнда негізінен кельт тайпалары өмір сүрді. Біздің заманымыздың басында оларды герман тайпалары ығыстырып шығарды. ІІІ-ІV ғасырларда оңтүстік Нидерландты франктер, шығыс Нидерландты сакстер, солтүстік Нидерландты фриздер мекендеді. V ғасырдан бастап бұл жерлерде ұсақ иеліктер (Голландия, Гелдерн сияқты графтықтар) құрылды. ХІ-ХVІ ғасырларда Нидерланд жерлері Бельгия, Франция, Испанияның құрамында болды. XVI ғасырдағы Нидерланд революциясының нәтижесінде испан отарлаушыларынан азаттық алған жерлерде Біріккен провинция­лар республикасы құрылды. XVIІ ғасырда Нидерланд сауда-саттығы, әсіресе, теңіз саудасы ерекше дамыған алдыңғы қатарлы еуропалық державаға айналды. Оңтүстік- Шығыс Азиядағы Индонезия, Америкадағы Гвиана, Кіші Антиль аралдары, Африкадағы Кап жерлері Нидерландтың отарына айналды. 1810-1813 жылдардың аралығында Нидерландты Наполеон басып алды. 1815 жылы Нидерланд Бельгиямен бірігіп, Нидерланд корольдігін құрды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Нидерландты немістер басып алды. Соғыстан кейін Нидерландта отарлық империя ыдырады. Елде Маршалл жоспарының нәтижесінде жедел экономикалық даму басталды. Осының арқасында Нидерланд Еуропадағы дамыған индустриялық мемлекетке айналды. Нидерландтың Индонезия, Сурина сияқты отарлары тәуелсіздік алды. Елдің бұрынғы отарлары Индонезиядан, Суринадан, Мароккадан мыңдаған босқындар келді. Сөйтіп, Нидерланд мұсылмандар үлесі жоғары көп мәдениетті елге айналды. 1957 жылы 25 наурызда Нидерланды Еуропалық одақтың негізін қалаушылардың біріне айналды. Бүгінде Нидерланд Еуропадағы адамдар ең тығыз қоныстанған елдердің бірі болып табылады. Нидерландтың 1815 жылы қабылданған  бірінші конституциясы негізгі билікті корольдің қолына берді. Алайда, заң шығарушы билік өкілеттігін екі палаталы парламенттің құзырына берген болатын. Ал елдің бүгінгі қолданыстағы конституциясы король ІІ Виллеманың бастамасымен 1848 жылы қабылданды. Бұл конституция елде «соғыссыз төңкеріс» жасады деуге болады. Өйткені, осы заң негізінде корольдің билігі барынша шектеліп, бүкіл атқарушы билік министрлер кабинетінің қолына көшті. Парламент тікелей сайлау арқылы сайланды және үкімет шешіміне тікелей ықпал жасайтын болды. Сөйтіп, Нидерланд шексіз монархиялық биліктен конституциялық монархияға және парламенттік демократияға көшкен бірінші мемлекетке айналды. Нидерланд қуатты өнеркәсібі және өнімдері негізінен экспортқа бейімделген жоғары өнімді ауыл шаруашылығы бар дамыған мемлекет болып табылады. Экономикасында сыртқы сауда, әсіресе, теңіз көлігі арқылы сауда жүргізу маңызды орын алады. Елде мұнай және табиғи газ өндіріледі. Өнеркәсіптің жетекші салалары мұнай өңдеу, мұнай-химия, машина жасау, фармацевтика металлургия және электр­техника өнімдерін жасау болып табылады. Елде алмас және басқа қымбат бағалы тастарды өңдеу ерекше жоғары дамыған. Әлемде ауыл шаруашылығы жан-жақты дамыған Нидерланд сияқты мемлекет санаулы. Мұнда ет және сүт өнімдеріне бейімделген ірі қара өсіру жоғары деңгейге жеткізілген. Бүгінде Нидерланд дүниежүзіндегі сүт пен сүт өнімдерін сыртқа ең көп шығаратын мемлекет болып саналады. Сары майдың дүниежүзілік экспортының 1/5, қоюлатылған сүттің 1/2 бөлігі, құрғақ сүттің ¼, ірімшіктің 1/4 бөлігі Нидерландтың үлесіне тиеді. Сонымен бірге, бұл ел экспортқа көп мөлшерде шошқа, құс етін, жұмыртқа, темекі, сыра шығарады. Гүл, саңырауқұлақ өсіру ерекше дамыған. Балық аулау және туризм саласы ел бюджетіне елеулі пайда әкеледі. Елдің инфрақұрылымы ерекше дамыған. Жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында тең құқықтық түсіністік қалыптасқан. Бұл елде ең жоғары әлеуметтік жүйе және ең жоғары әлеуметтік сақтандыру төлемдері жұмыс істейді. Мемлекет табысының үштен бірі әлеуметтік төлемдер жасауға жұмсалады. Жалақы деңгейі жоғары. Инфляция жоқтың қасы. Бүгінгі таңдағы бұл елдегі үлкен проблема тұрғындар құрамының қартайып бара жатқандығы болып отыр. Түрікменстан – Орталық Азиядағы мемлекет. Оңтүстігінде Ауғанстан және Иранмен, солтүстігінде Қазақстанмен және Өзбекстанмен шекараласады. Елдің батыс жағалауын Каспий теңізінің суы шайып жатыр. Астанасы Ашхабат қаласы. Түрікменстан 1992 жылдың 2 наурызынан бастап БҰҰ-ның мүшесі болып табылады. Жер көлемі 491 200 шаршы шақырымды алып жатыр. Жерінің 80 пайыздан артығын аптап шөл (Қарақұм шөлі), құм көшкіндері, тасты таулар мен ащылы алқаптар басып жатыр. Түрікменстан аумағымен Әмудария өзені ағады. Өзеннің жалпы ұзындығы 1415 шақырым болса, оның 1 000 шақырымы осы елдің аумағымен өтеді. Осы өзеннен бастау алып, Ашхабат, Мары, Бүзмейін, Балқанабат, Түрікменбашы сияқты ірі қалаларды ауыз сумен қамтамасыз ететін Қарақұм каналы ағады. 1100 шақырымға созылған канал 1 миллион гектардан астам жерді суландырады. 2013 жылғы дерек бойынша, халық саны 5 240 502 адамды құрайды. Халқының 85 пайыздан астамы түрікмендер, 5,8 па­йызы өзбектер, 5,1 пайызы орыстар және басқа 58 ұлттан құралған адамдар құрайды. Бұрын мұнда 120 мыңнан астам қазақтар тұрған екен. Қазір Түрікменстанда тұратын қазақтардың саны 60 мыңға жетер-жетпес. Тұрғындардың 89 пайызы мұсылман, 9 пайызы христиан және басқа діндерді тұтынады. Түрікмен халқының тарихы ерте кездегі Орталық Азияны мекендеген тайпалар мен ұлыстардың тарихымен тығыз байланысты. Б.з.д. бірінші мыңжылдықтың орта шенінде Түрікменстан жерінде Маргиана және Парфия атты мемлекеттер болады. Каспий теңізінің оңтүстік жағалауын гиркания, солтүстік жағалауындағы даланы массагеттер мен көшпелі дах тайпалары мекендеді. 1040 жылдары Селжұқ әулетінен шыққан көсемдердің бастауымен оғыздар түрікмен жерін басып алды. Сөйтіп, оғыздар түрікмен халқының қалыптасуына елеулі негіз қалыптастырды. Олар жергілікті тұрғындармен араласып «түрікмен» атанды. 1158 жылы оғыздар мен Хорасан бұқарасы Селжұқ мемлекетін құлатты. ХІІ-ХІІІ ғасырда бұл жер Хорезм шахының қол астына қарады. 1219-1221 жылы түрікмен жеріне Шыңғыс әскері басып кірді. Түрікменстанды Алтын орда, Шағатай және Хулагу ұлыстары бөлісіп алды. XІV ғасырдың 70-80-жылдары түрікмен жерін Әмір Темір бағындырды. Темір мемлекеті құлағаннан кейін түрікмендердің біраз бөлігі Хиуа мен Бұқар хандықтарына, қалғандары Иран  шахына бағынды. XVI ғасырда орыс-түрікмен байланысы орнады. XІХ ғасырдың басында түрікмендердің абдал, чаудар, игдир, бурунчук, тозашы сияқты рулары Ресейдің бодандығына кірді. 1869 жылы Каспий теңізінің шығыс жағалауына орыс әскерлері келіп, Красноводск (қазіргі Түрікменбашы) қаласын салды. Түрікменстанда мемлекеттік құрылым қазан төңкерісінен кейін ғана қолға алынды. 1924 жылы 24 қазанда Түрікменстан КСР-ін құру туралы қаулы қабылданды. Бірақ 1920-1930 жылдарға дейін бұл елде басмашылар көтерілісі тоқтаған жоқ. 1991 жылы қазанда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Түрікменстан Республикасының мемлекеттік тәуел­сіздігі жарияланды. 1992 жылы  18 мамырда ел конституциясы қабылданып, президенттік республика жарияланды. 1995 жылдың 12 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы «Түрікменстанның тұрақты бейтараптығы» туралы қарар қабылдады. Түрікменстан табиғи газ қоры көлемі жағынан әлемде төртінші орынды, газ кен орындары жағынан әлемде екінші орынды иеленеді. 1993 жылдан бері Түрікменстан тұрғындары электр энергиясын, суды және газды тегін пайдаланады. Түрікменстанда мұнай мен газдың зерттелген 144 кен орны табылған. Бірақ әзірге оның 40-қа жуығы ғана игеріледі. Дүниежүзі рыногында түрікмен кілемдері жоғары бағаланады. Оның басты себебі, қолдан тоқылған түрікмен кілемі сапалы болып табылады. 2003 жылы түрікмен шеберлері қолымен тоқылған 301 шаршы метр көлемдегі кілем Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»