Әр мерекенің өзіндік ерекшелігі бар. Біздің бала кезімізде 1 мамыр Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастығы күні ретінде аталып өтетін еді. Бейбіт шерулер өткізу дәстүрі қалыптасқан-тын.
Ал еліміз тәуелсіздігін алған соң, мейрамдар мен елеулі даталар жаңа тұрғыда алынып, арнайы заң қабылданды. Айталық, 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңның 3-бабында мемлекеттік мерекелер атап көрсетілген. Соның ішінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі екені нақты жазулы тұр. Мен мұны достық пен ынтымақтың, байлық пен берекенің, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің мейрамы деп есептеймін. Өйткені, осы ұғымның бәрі елдің бірлігінен туындайды.
Жалпы, әр отбасы үшін Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің орны бөлек. Бұл – жанымызға шуақ, бойымызға қуат сыйлайтын, әрбір азаматтың патриоттық сезімін арттыратын мейрам.
Бірлік күні дегеннің мағынасын қазір тіптен тереңірек ұғына түстік. Өйткені, біз – 130-дан астам ұлт пен ұлысты біртұтас халыққа айналдыра білген мемлекеттің азаматтарымыз. Елбасымыз елдің бірлігі барлық бастаманың, жетістіктердің, ерен еңбектердің ең басты негізі, іргетасы екенін үнемі атап өтеді. Негізінен бір ұлттың өкілдері тұратын елдерде көп қиындық туа қоймайтыны белгілі. Сол елдегі халықтың тілі, салт-дәстүрі, діні қалыптасқан жағдайда дами береді. Мысалы, Кореяда солай. Ал бізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өзіндік салт-дәстүрі, діни көзқарастары әртүрлі, ділі басқа, тіпті, өмірдің болмысын қабылдауда өзіндік ерекшеліктері бар, наным-сенімдері әрқалай, мінез-құлықтары да бір-біріне ұқсамайды. Сондай алуан түрлі ұлтты бір шаңырақтың астына жинап, Қазақ елінің біртұтас халқына айналдыру оңай шаруа емес. Бұл – үлкен еңбекпен, терең зерделенген идеологияның негізінде қол жеткізілетін табыс. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі мақсаты – болашағы біртұтас елді қалыптастыру.
Бізде бейбітшілік, келісім, бірлік бар, бір отбасындай тату өмір сүріп жатырмыз. Ел тарихы үшін елеулі барлық мерейтойларды, халықтық және мемлекеттік мерекелерді бірге атап өтеміз. Сондықтан біз үшін халық бірлігі күні ерекше мейрам. Мамырдың жаймашуағындай жылылық сыйлайтын осы мерекенің жүрекке қуаныш құятын қасиетін сезіне білуіміз қажет.
Қазір жұмыс орнымызда әртүрлі ұлт өкілдері сыйластықпен бірге қызмет жасаймыз. Дастарқанда бірге отырамыз. Балаларымызды да кеңпейілді, үлкенді сыйлауға, адамды құрметтеуге тәрбиелеп келеміз. Ұрпағымыз өркениетті елде бақытты өмір сүргенін қалаймыз.
Бірлік, татулық өзінен өзі келе қалмайды. Ел тыныштығын сақтауға бағытталған жұмыстар ай сайын, күн сайын, сағат сайын тоқтаусыз жүргізіле беруі керек. Ол үшін бізде мықты қаланған ынтымақтың іргетасы бар. Сол іргетасымызға ешқашанда сызат түспесін деп тілейміз.
Тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы жолында біртұтас халқымыз аянбай еңбек етіп, бірлігі арқылы жасампаздығын дәлелдеп, шын мәнінде 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуына ізгі тілегімізді білдіреміз. Біздің арманымыз да, мақсатымыз да – осы!
Роман КИМ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» РҚБ президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі