• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2016

Ерлікке толы елу минут

292 рет
көрсетілді

Ерлікке әрқашанда орын табылады. Кез келген өзекті жан өзінің өрмек болып өрілген өмір жолында ертелі-кеш ірілі-ұсақты әртүрлі ерен істерге қол ұрып жатады. Бірақ солардың бірлі-жарымы ғана дүйім жұртты дүр сілкіндіріп, ерлік жасаған абзал адамның атын аспанға шығарады. Өйткені, нағыз жүрек жұтқан ердің ел есінде қалатын елеулі ерлігінің мерзімі мен мекенін тағдырдың өзі белгілеп беріп тұрады. Биылғы жылдың 27 наурызы күні таңертең Астана әуежайының аспанын 50 минут бойы айналып ұшуға мәжбүр болған Fokker-100 ұшағының командирі Дмитрий Родин бастаған экипаж мүшелерінің борттағы 116 жолау­шыны аман сақтап қалуға бағытталған батыл байламдарының да жазмыштың тап осылай жоғарыдан берілген жазуының арқасында жүзеге асырылғанында ешбір күмән жоқ. Әдетте өмірде кездейсоқ ештеңе болмайды. Ал бола қалған нәрселердің бәрінің заңды орны мен ретті салмағы бар. Жексенбінің сол бір күнгі арайлы таңында айналаны әп-сәтте әлемтапырық етіп кететіндей ерекше белгі-бедер күні бұрын білінбеген. Тамылжып атқан таңның шұғылалы шапағы лезде айналаға таласа тарап, маңайға мамыражай мауытысы мүлгіген талма тыныштықтың қаусырмалап қона бастаған шағы еді. Алайда, дәл осы мезетте талайы бөлек тағдырға сол кезге дейін барша саналы ғұмырының 35 жылын әуе кеңістігі кенересінен көктей өтіп, зеңгір аспан жүзін шарлай ұшуға арнаған Дмитрий Родин есімді тәжірибелі ұшқышты сыннан өткізіп, түбінде одан да судан таза етіп шығару қатты қажет болған сияқты. Сол-ақ екен, әлгінде ғана ұйқыдан жаңа оянған қырдағы қапысыз ауылдың кейпін көрсетіп тұрған әуе гаванының айналасы кенет алашапқынға айналып, ерсілі-қарсылы жүгіріске толып кетті. Өз басым осы күні сәскеге жетпей басталып кеткен дүрбелеңнің жайын Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовтің әлеуметтік желілерде жазған жазбаларынан білдім. «Экипаждың, әсіресе, командирдің шеберлігі мен шыдамдылығын, сондай-ақ жердегі барлық қызметтің үйлескен жұмыстарын атап өткім келеді. Экипажды мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ұсынатын боламыз», – деп жазған екен министр сол сәтте Facebook-тегі парақшасына. Содан әрі интернет-ресурстардан індете іздей отырып, сол күні таңертең Bek Air авиакомпаниясының Қызылорда қаласынан ұшып келген Fokker-100 ұшағының Астанаға қонар кезінде алдыңғы шассилері шықпай қалып, командиріне әуе кемесін апатты жағдайда жерге қондыруға тура келгеніне қанықтық. Әлбетте, «әуе кемесін апатты жағдайда жерге қондыруға тура келген» деген тіркестің тіні көтеріп тұрған сөздердің салмағы айтуға ғана оңай көрінеді. Әйтпесе, әрбір минуты бірер сағаттың соғысына ғана емес, қас-қағым қайырымда лап етіп сөне кетуге әзір тұрған тұтас бір өмірдің өзегіне қауырсын қанат болып байланған сол сәттерде лайнердің бас ұшқышы Дмитрий Родин мен екінші пилот Вадим Смеречанскийдің не көңіл күйдің күйтіне көшіп, нендей сезімдерге селебе жүгіртіп, қандай ойлардың орманында жүзіп жүргендерін дөп басып, қапысыз тану үшін тек сондай мезеттерді солардың өздері болып бастан кешу ғана керек шығар. Әйткенмен, бір нәрсе айдан анық, алдарында ұшақты жерге айта қаларлық ауыр апатсыз қондырып, борттағы жолаушы біткенді түгелдей аман сақтап қалудан басқа мақсат та, мүдде де болмаған экипаж мүшелері жер мен көктің арасындағы кішкене ғана кеңістікте өмір мен өлім бетпе-бет келіп, тікелей текетіреске түскен мәурітте бойларында буырқанған барлық қорқыныш пен үрейді батыл басып тастап, барынша салқынқандылық пен сабырлылыққа жүгініп үлгерген, осы табандылық пен тағаттылық арқылы шеберлік пен тәжірибені икеммен іске қоса білген. Мұндай сезім күйіне тез жету үшін кім-кімнің де ерік-жігері берік, рухы жоғары болуы керек. Батылдық дегеніміздің өзі алда жасалғалы тұрған оқыс тірліктің өте қорқынышты екенін адамның жан-тәнімен сезіне білуі арқылы ғана жүзеге асады. Батыр - ештеңеден қорықпайтын емес, өз бойындағы қорқынышын баса білетін адам. Мұның үстіне, мұндай қадамға құлаш ұруға санаулы ғана минуттар берілген кезде, адамның бүкіл ақыл-парасаты мен пайым-білігі де қоса сынға түсіп кетер еді. Біздің кейіпкерлеріміз сол күні тап осындай жағдайға тап келді. Себебі, Астана әуежайына ұшып келіп қалған ұшақтың ақаулығы оның тек қонуға бет алған сәтінде ғана білінген. Әшейінде пультті басқа бойда сарт етіп ашылып, жерге қарай тепкішек болып тартыла қалатын шассилер бұл жолы тым-тырыс тұрып қалды. Ал уақыттың тым тығыздығы әуе кемесінің капитаны Дмитрий Родиннің көп ойланып-толғанып жатуына ырық бермеді. Бұл сәтте онда тіпті лайнерді қайткенде де жерге аман-есен қондырудан басқа мақсат пен таңдау болған жоқ. Бірақ командир шұғыл түрде осындай шешім қабылдағаннан кейін де ұшаққа аэропорттың төбесінде елу минуттай уақыт ұшып жүруге тура келді. Осы әрбір секунды мен минуты сын сағаты болып соққан ерлікке толы елу минуттың ішінде экипаж өздері үшін бұрын-соңды болып көрмеген өмірлік емтиханға барынша жедел, мейлінше тиянақты дайындалып жатты. Командир мен екінші пилот осы аралықта лайнерді мүмкіндігінше аз зақыммен қондырудың жолдарын қарастырып жатса, бортсеріктері салон ішіндегі жолаушылар арасын үрей жайлап, орынсыз толқуға жол бермеулеріне күш салумен болды. Өмір мен өлімнің ара-жігі тым жақын тұрған сол бір сәттерде жердегі аэропорт аумағында да жан алысып, жан беріскендей қызу жұмыстар басталып кетті. Онда ұшақ қонуға тиісті белдеу түгел тазартылып, оның көбесіне көпіршіген аппақ көбік төгілді. Мұның өзі әуе машинасы жерге қонған кезде оның жермен түйіскен мүйісінен от қашып кетпеуі үшін жасалды. Ақырында Дмитрий Родин нар тәуекелге найза шаптырып, әуе лайнерін күні бұрын межеленіп, дайындалып қойылған белдеуге қарай бағыттады. Өзінің осы кезге дейін жинаған тәжірибесі мен техникалық нұсқауға сүйенген командир ұшақ доңғалақтары жерге тиюі кезінде ең алдымен кабинаның алға қарай еңкеймей, тік қалпында тұруына айрықша қатты күш салды. Мұнысы және зая кетпеді. Бәрі де өзінің ойлағанындай болды да шықты. Ұшақ көбік төгіліп тасталған жүгіру белдеуіне табан тірегеннен кейін 25-30 метрдей жерді «тұмсығымен» сүзіп өтіп барып, баяулап тоқтады. Осының арқасында әуе лайнері қонар кезінде барынша аз зақымға ұшырап, борттағы 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесінің ешқайсысы ешқандай зардап шеккен жоқ. Осы оқиғадан кейін Инвестиция және даму министрлігі авиациялық оқиғаны тексеру жөнінде арнайы комиссия құрды. Оған Bek Air авиакомпаниясының инженерлік-авиациялық қызметі техникалық мамандары да шақырылды. Осы тексеріс қорытындысы ұшақтың апатты жағдайға ұшырауына оны эксплуатация жасаудағы кемшіліктер емес, конструкциялық-өндірістік жетімсіздіктер себеп болғанын анықтап берді. Нәтижесінде зауыт өкілдері енді шығарылатын ұшақтарда мәселенің осы жағы ескеріліп, алдағы кезде мұндай олқылықтардың орын алмауына күш салатындарын білдіріп кетті. Сол сияқты ендігі кезеңде осы лайнерді өндірісте пайдаланып отырған авиакомпания экипажы мүшелері Амстердамдағы оқу-тренажер орталығында бір рет алтыда бір рет оқу оқып тұратыны жөніндег ұйғарым жасалды. Жақында аталмыш экипаждың барлық мүшелері, жоғарыда министр Әсет Исекешов уәде етіп өткендей, түгел мемлекеттік наградаларға ұсынылды. Мұндағы басты тұлға – Родин Дмитрий Олегович 1961 жылғы 31 тамызда Алматы қаласында туған. Кезінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы азаматтық авиация академиясын бітірген ол 2014 жылдан бері Fokker-10 әуе лайнерінің командирі болып келеді. Осы кезге дейін әуеде ұшу мерзімі 10 000 сағатқа толған болса, соның 6 000 сағатын командир лауазымында өткізген. Пилот ретінде батыс өндірісінің 7 типті ұшағында ұшуды жетік меңгерген. Сонымен бірге, осы шақта Дмитрийдің бұдан алды жыл бұрын бас қосқан өмірлік серігінің де авиация саласының маманы екені, олардың ортақ бір ұлдары бар екенін мәлім болды. Бүгінде атағы тек біздің еліміз ғана емес, күллі әлемге кеңінен танымал болып тұрған Дмитрий Родиннің даңқын жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының съезі кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғыдан бетер аспандатып жіберді. -Жарайсың, нағыз ерлік іс, осыншама адамды өлімнен құтқарып қалды… Жұрттың бәрі мұның қалай болғанын… қаншалықты қорқынышты екенін білгілері келеді, – деді Мемлекет басшысы сөйлеу үшін мінбеге көтерілген Родинге қарап. -Телевизордан менің қорқуға уақытымның да болмағанын бәрі көрсетті, Нұрсұлтан Әбішұлы, – деп жауап қатты бұған Родин. -Иә, дәл солай. Бәлкім, жұрт ашылмаған артқы дөңгелектер болмағанына қуанған шығар?, – деді Елбасы сосын. -Сіз дұрыс айтасыз, бұл осындай жағдайдағы тәуірірек, ең қауіпсіз вариант болды. Соңғы кездері жұрттың бәрі мені қаһарман деп атап жүр. Мен де басқалар сияқты отан алдындағы, сіздің алдыңыздағы өз борышымды орындадым. Біздің ұшақта 116 адам болды. Ал «Қазақстан» атты өзіңіз штурвалын ұстаған лайнерде, сіздің соңыңызда 18 миллион адам бар, – деді келесі сөзінің сыңайында капитан. Осының арасында әуе лайнерінің командирі Президентке залда жанында отырған полковник Қайрат Үмбетовтің  жас жауынгерді граната жарылғанда  өз денесімен жауып, ажалдан аман алып қалған нағыз батыр екенін жеткізді. Осыдан-ақ капитанның адамгершілікті ту етіп көтеретін нағыз адал пейілдің, шынайы пейілдің адамы екені көрініп тұрды. Мұның бәрі елу минутқа созылған ерлік сәтінің өз қаһарманын дұрыс таңдап алғанына біздің көзімізді тағы бір мәрте жеткізді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» АСТАНА