Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Орал-Атырау тасжолының бойында Ақсуат ауылының тұсында орналасқан осы кафенің ашылғанына он бес жылдай уақыт болды. Басында жүргіншілер үшін шағын шайхана болған осы тамақтану орны кейін өзінің жайлылығын кеңейтіп, келушілерге жан-жақты қызмет көрсетуімен айналаға аты таныла бастады. Мұнда ұлттық тағамдар даярланады. Әр кез бауырсақ, қаймақ, күрең шайымен қоса дәмді қуырдағы қызықтырмай қоймайды. Сөйтіп, қалағаныңды алып, шөліңізді баса аласыз.
– Марқұм, жолдасым Теңелбай Дүйсеғалиев Ауған соғысының ардагері еді. Сол елдегі Саланг тау шатқалында талай Кеңес жауынгерлері ерлікпен шайқасты, қаза тапты. Сондағы достарын әр кез есіне алып жүретін. Кейін осы тамақтану орнын жаңғыртып, қайта ашқанда сөзге келместен атын «Саланг» қойды. Әрлі-берлі жүрген сол соғыс ардагерлері жиі соғып тұратын. Осында әңгіме-дүкен құратын. Тағдырдың қаталдығын қара! Өзі 2008 жылы жол апатынан оқыста қайтыс болды, – дейді дәмхананың меңгерушісі, Теңелбайдың жары Ләззат Сейткереева.
Үш баламен қалған Ләззат тағдырдың салғанына көнсе де бастаған істерін аяқсыз қалдыруға бір жағынан намыстанса, екіншіден, «әйелдің қолынан не келер дейсің» деген мүсіркеушілікті мойындағысы келмеді. Сөйтіп, белін бекем буып, жолаушыларға үлгілі қызмет көрсетуді одан әрі жалғастырды. Тиынға тиын қосты. Дәмханаға күрделі жөндеу жүргізді. Кеңітті. Қабырғаларын талғамға сай әрледі. Жаңа жабдықтар алды. Ыдыс-аяқтың әдемісін де осыннан табасыз. Әр бөлменің төбесіне шашырай жарық беретін шамдар ілді. Ою-өрнекті төсеніштер көзге көрік берді. Бұл шаруада іні-келіндері Азамат, Алмагүл, күйеубаласы мен сіңілісі Жанболат, Жанардың қолғабыстары мол еді.
2013 жылы шағын және орта бизнесті одан әрі нығайту үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына сүйеніп 3 млн. теңге несиеге ие болды. Сәнді етіп дәмханаға жалғастырып, наубайхана салды. Барлық құрал-жабдықтарын сатып алды. Бұрын нанды Орал қаласынан таситын. Мұның өзі көңілдегідей болмайтын. Осы жайсыздықтан құтылды. Қашанда тап-таза, ыстық нан әзір тұратын. Жаз кезіндегі науқанды жұмыстарда жүретін төңіректегі шаруа қожалықтарының азаматтары мен жүргіншілер, сондай-ақ, той өткізетін шаңырақтар нанға тапсырыс бере бастады. Демек, шаруаның ыңғайы келіп, иіні орын тебеді. Ыстық тамаққа сойыс малдарды да «алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап» жүрген жайы бар. Яғни, көршілес малды ауылдардан, шаруа қожалықтарынан таңдап сатып алады. Бұл екі жаққа да тиімді еді.
Ләззат Мұратқызы қазір ауылдың он екі жасын жұмыспен қамтып отыр. Олар екі ауысымда жұмыс істейді. Себебі, еліміздің батысындағы маңызды күре жолда көршілес елдер түгілі, алыс шетелдердің автомашиналары да ағылуда. Оларға қай уақытта болмасын тамақ керегі анық. Сөйтіп, уақытпен санасу жоқ. Жылдың қай мезгілінде де өз істеріне жауапты қарайтын дәмхана қызметкерлері Анаргүл Шонаева, Данил Өтегенов, Аманғали Қыдыралиев сияқты жандарды Ләззат орынды мақтан етеді.
– Ләззат Мұратқызы – Ақсуат ауылдық округінің белсенді кәсіпкері. Көпшілік шаралар мен түрлі акцияларға қолдау көрсетуден жалыққан емес. Жақында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай С.Ошанов атындағы орта мектепте өткен «Жырлаймын Қазақстанды» атты жыр кешінің жүлдегерлерін марапаттауға атсалысты. Сондай-ақ, аудан орталығында салынып жатқан жаңа мешіт үйінің құрылысына қомақты үлес қосты, – дейді аталған ауылдық округтің әкімі Дәмелі Бекен.
Оның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз-2014» байқауының дипломанты атануы да, облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болуы да осындай ел таныған еңбегінің арқасы.
Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы