Еліміз тәуелсіздігіне ие болып, дербес мемлекет бола бастаған 1992 жылы шаруа қожалығын құрған едім. Сол кездің қазіргідей емес, біраз қиындықтары бар еді.
Алғашында мемлекеттен 250 мың теңге субсидия алдым. Осы қаржыға 10 сауын түйе сатып алып, шаруашылық жұмысын бастаған едім. Содан бергі кезеңде шаруашылықты жетілдіру жұмыстарын жүргіздік. Әрине, оңай болмады, бірақ шын ниетімен еңбектенген адам қашанда табысқа жететінін дәлелдеп келеміз. Қазір біздің шаруа қожалығымызда техникаларымыз жеткілікті, жұмыс жасайтын адамдар қатары көбейді. Махамбет ауданында сүт, шұбат, қаймақ, сүзбе және ет сататын арнайы дүкенімізді аштық. Жеке иелігімізде 600 гектар жеріміз бар. Бұған қоса 1 мың 400 гектар жер аумағын 49 жылға жалға алып отырмыз.
Енді жалға алған жерімді 50 пайыздық жеңілдікпен сатып алуыма жаңа мүмкіндік ашылып отыр. Бұл мен секілді жердің қадірін білетін, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды мақсат етіп, нық қадам жасаған барша шаруагерлерге қолдау деп есептеймін. Өйткені, бұл мәселе көп жылдар бойы осы салаға бар күш-қуатын жұмсаған шаруашылық иелерінің көкейінде жүргені де даусыз. Сонымен бірге, жастарды осы салаға бет бұруға ынталандыруға да септігін тигізеді. Жақында біздің шаруа қожалығымызға екі жас отбасы келіп, жұмыс жасауға ынта танытты. Олардың бұл қадамына қуандым, әрі қолдау білдіруді өзімнің парызым деп ұғындым. Бұған бөлек, Атырау агротехникалық колледжімен келісім жасап, студенттердің біздің шаруашылықта өндірістік тәжірибеден өтуіне қолдау жасап отырмын.
Әрине, шаруа қожалығын басқарамын, төрт түлік малым бар. Техникалар да жеткілікті, алайда, мен соншалықты бай адам емеспін. Соған қарамастан, тұрмысы төмен екі отбасына қамқорлық танытуды қолға алдым. Олардың малына қыстық пішенді дайындап беремін, қуанышы мен қиындығын бірге бөлісемін. Төрт түліктің өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынамын. Менің басты мақсатым – елімнің тыныштығы мен ынтымағы берік болуына, экономикалық өркендеуіне иненің жасуындай болса да үлесімді қосу. Ең бастысы, ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр жеріміздің ел игілігіне қызмет еткенін қалаймын. Біздің жеріміз бос жатар болса оған қызығушылар да, қызғанып қараушылар да көбейеді. Сол себептен, ауыл шаруашылығы саласындағы құнарлы жерлердің өз иесін тапқаны жөн деп ойлаймын.
Мәселен, мен енді алдағы уақытта 49 жылға жалға алған жерімді жеке иелігіме меншіктейтін болсам, сол жерге көптен ойымда жүрген жылыжай құрылысын жүргізер едім. Сөйтіп, сапалы ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге батыл кірісе аламын.
Жеңісбай ДОСҚАЙЫРОВ,
«Досқайыров» шаруа қожалығының жетекшісі
Атырау облысы,
Махамбет ауданы