Қазақ ұғымында адамзаттың атасы да, анасы да – жер. Себебі, жер адамның бірден-бір асыраушысы. Сондықтан оның игілігін тиімді пайдалану әрбір адам баласының басты парызы.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы Самат Сәрсенов ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану тақырыбында әңгіме қозғады. Ол елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 98,6 млн. гектар жер бұрыннан ұзақ мерзімге жалға берілгенін айтты. «2015 жылдың соңында Жер кодексіне енгізілген өзгерістер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануды көздейді. Мұндағы негізгі мәселелерге тоқталып өтсем, қазіргі күнде осы мақсаттағы жерлердің 98,6 млн. гектары ұзақ мерзімді жалға берілген. Оның 1,3 млн. гектары ғана жекеменшікте. Мұны пайызға шақсақ бар-жоғы 1,2 пайызды ғана құрайды. Жалпы, Қазақстан аумағында 272 млн. гектар жер бар. Ал оның 101 млн. гектары ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылады», деді басқарма басшысы.
Осы 100 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жатқан жерлер туралы әңгімелей отырып, жер заңнамасындағы соңғы өзгерістер осы алқаптарды тиімді игеріп, инвесторлар тартуды көздейтініне тоқталды. «Елімізде бос жатқан егістіктердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Оның ішінде 24 млн. гектар егістік, 2 млн. гектар шабындық, 80 млн. гектарға жуық жайылым жер бар. Бұрын айналымда болған 2 миллион гектардан астам жер тіркеліп отыр. Жер заңнамасындағы негізгі мақсат осы жерлерді айналымға енгізу, қаржысы бар инвесторларды осы жерлерге тартуды көздейді», деді ол.
Ал «Агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің жетекшісі Ерболат Базылжанов елімізде жердің тиімді әрі мақсатты пайдалануына қатысты мемлекеттік бақылау барынша күшейтілетінін жеткізді. «Қазіргі уақытта Қазақстан жерді мақсатты пайдалану үшін мемлекеттік бақылауды күшейтті. Өте жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Егіс танабын агрохимиялық зерттеу – мол өнімнің кепілі. Сол себепті агрохимиялық зерттеулердің көлемі 1,5 млн. гектардан 3,5 млн. гектарға ұлғайтылды», деді ол.
Оның сөзіне илансақ, суармалы егістік жерлерге агрохимиялық зерттеулер жүргізіп, топырақтағы ауылшаруашылық дақылдарының өсіп-жетілуіне ең қажетті элементтердің мөлшерін анықтап, әр танаптың паспорты жасалса, жоғары өнім алу мүмкіндігі ұлғайып, жер құнарлылығының кемуіне жол берілмейді екен. Өнімнің өнімділігін және сапасын көтеруде топырақтың құнарлығын арттырып, минералды тыңайтқыш берудің жүйелерін жетілдірудің маңызы зор көрінеді. Бұл үшін әрбір шаруашылық ауыспалы егістіктегі дақылдардың кезектесу тәртібін сақтап, дақылдар егілетін танап топырағының механикалық, химиялық құрамын жете біліп, сол табиғи құнарлылықтың мөлшеріне қарай минералды тыңайтқыштарды берулері қажет. Сондықтан, егіс егетін әрбір шаруашылық өздерінің егістік жерлеріне агрохимиялық зерттеулер жүргізіп, әр танаптың паспортын жасатулары қажет. Осындай зерттеу нәтижелерін басшылыққа алған ұжымдар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізеді екен.
Маманның айтуына қарағанда, суармалы егістік алқаптарда зерттеу әрбір 5 жыл, ал суарылмайтын аумақтарда әрбір 7 жыл сайын жүргізіліп тұрады. «Әлемдік тәжірибеде бар. Гумус үдерісі өте ұзақ жүретін құбылыс. Сондықтан, 5-7 жылда топырақ құрамында болатын гумустың көлемі қатты кеміп кетпейді. Бұл мәселе кәсіби мамандарға белгілі. Егер қажеттілік болса, бізде одан да жиі тексеріс жасауға материалдық мүмкіндіктер жетеді. Жер кодексінде де анық көрсетілген. Егер жергілікті органдар қайсыбір жер аумағына жиірек тексеріс жасату керек деп шешсе, ол алқаптарда агрохимиялық тексерістер жиірек жасалып тұрады. Бұл шешілетін мәселе. Егер шаруалардың өздері жыл сайын жасап тұрамыз десе, онда өз еріктері. Оған біз келісеміз. Қазіргі уақытта елімізде тексеріс жасайтын 24 ұйым бар. Бірақ жер құнарын жиі тексеріп тұру, меніңше, бос шығын. 5-7 жыл сайын жүргізіп тұрса да жеткілікті», деді Е.Базылжанов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»