– дейді сержант Мұхтар ӨРБІСІНОВ
Мұхтар Өрбісіновтің Қарулы Күштер қатарында қызмет еткеніне 4 жылға таяды. Бұл салаға өз еркімен келісімшарт негізінде қызмет етуге келіпті. Шені – сержант. Бөлімшеге жетекшілік етеді. Оның есімі өзі қызмет ететін әскери бөлімде ғана болмаса, жалпақ жұртқа жария емес еді. Дегенмен, биылғы жыл басындағы бір оқиғадан кейін оны танитындар көбейе түсті.
Сол оқиға былай өрбіп еді. М.Өрбісінов әскери қызметінен оралған кешқұрым мезгілде сауда орнына кіреді. Супермаркетке бірі кіріп, енді бірі шығып жатқан жұрттың ештеңеге назар аударар шамасы да жоқ. Есіктен ішке беттеген сержанттың көзі еденде жатқан қызын құтқаруға ұмтылған ер адамға түседі. Оның әрекетінен жанталасуды байқаған ол танымаса да көмектесуге бел буады. Әлі де оң-солын танып үлгермеген бөбектің дене қызуы 40,5 градусқа көтеріліпті. Бәлкім, суық тиген болуы керек. Дене қызуының осыншалықты көтерілуі бөбектің әп-сәтте есінен тана құлауына себепші болған.
Барлық мән-жайға қаныққан М.Өрбісінов бірден «жедел жәрдемге» телефон шалып, сауда орнындағы ахуалды баяндайды. Дәрігерлер бригадасы келгенше, сауда орны жанындағы үйінен зайыбының шұғыл жетуін өтінеді. Өйткені, оның мамандығы – фельдшер, мұндай қиын сәтте бастапқы медициналық көмек көрсетудің жолын біледі. Сөйтіп, екеуі дәрігерлер келгенше бөбекке алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріседі. Оның қол, аяғын ысқылап, дене қызуының төмендеуіне, осылайша, 1,5 жасар Мәдинаның ес жиюына қолұшын созады.
Ерлі-зайыпты Мұхтар мен Самал Өрбісіновтердің қиындыққа тап болған жанға көмек берген адамгершілік қасиеті сауда орнында болғандардың бәрін таңдандырады. Әсіресе, бөбектің әкесі Ерлан Дәулетқалиев қас-қағым сәтке созылған сол қиындықты әсте ұмыта алмайды. «Қызым есінен танып құлағанда не істерімді білмей, әбден абдырадым да қалды. Жан-жағымдағы адамдардан «жедел жәрдем» шақыруын өтініп, көмек сұрадым. Олардың не ойлағанын білмедім, өзім мүлде танымайтын жас жігіттің көмекке келгенін көрдім. Сол жігіт «жедел жәрдемді» де, өзінің әйелін де шақырды. Сол сәтте әйелін неге шақырғанын ойлап үлгермедім. Сөйтсем, оның Самал есімді жарының фельдшерлік мамандығы бар екен. Дәрігерлер келгенге дейін Мұхтар мен Самалдың медициналық көмек берудің жолдарын білгеніне тәнті болдым», – дейді Е.Дәулетқалиев.
«Жедел жәрдем» дәрігерлері де медициналық көмектің дұрыс жасалғанына оң бағасын беріпті. Дәрігерлер пікірінше, сырқаттың дене қызуы 40,5 градусқа көтерілуінің зардабы ауыр болуы мүмкін. Сондай сәтте көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің орасан зор пайдасы бар. Дегенмен, №5546 әскери бөлімінің сержанты М.Өрбісінов өзінің бұл әрекетін қалыпты жағдай деп түсіндіреді. «Менің орнымда өзге адам болса да дәл солай әрекет еткен болар еді. Қиналған жанға қолұшын созу әркімнің азаматтық парызы ғой» деп жымияды.
Бастапқыда Өрбісіновтердің, кейіннен дәрігерлердің кәсібилік тұрғысынан көрсеткен көмегінің нәтижесінде денсаулығы қалпына келіп, қызының отбасына аман оралғанына қуанған Е.Дәулетқалиев әскери бөлім басшылығына болған жайды баяндап, хат жолдауды ұмытпапты. Ол өз хатында әскери қызметкер М.Өрбісіновтің азаматтық, нағыз әскерилерге тән шұғыл шешім қабылдай алатын жеделдігіне ризашылығын білдіріпті. Бұл хатты №5546 әскери бөлімінің командирі Бегайдар Күртібаев жұмыс үстелінің тартпасында қалдырмай, жұртшылыққа жария етті. Алдымен, әскери бөлім құрамының алдында оқып, келісімшарт негізінде қызмет атқаратын сержант М.Өрбісіновті үлгі етті. Сонан соң бұл хатты Ұлттық гвардияның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына жолдап, Мұхтар Өрбісіновті марапаттауға ұсыныс жасады.
Ұлттық гвардияның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қ.Ақтановтың бұйрығымен келісімшарт қызметінің сержанты М.Өрбісінов «Қоғамдық тәртіпті қорғағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Төсбелгіні арнайы өткізілген салтанатты шарада №5546 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы Е.Юдин тапсырды. Сол сәтте Мұхтар үшін әскери бөлім түгелімен қуанды. Бәрі де оны мақтан тұтып тұрды.
– Бала кезімнен әскери қызметкер болу арманым еді. Бірақ, бастапқыда еңбек жолымды Отанымыздың Қарулы Күштері қатарында бастаудың сәті болмады. Қай салада жұмыс жасасам да бәрібір аңсарым әскери қызметкер болуға ауды да тұрды. Өйткені, мен өзімнің тәуелсіз Отанымның қорғаны болғым келді. Бұдан 4 жылдай бұрын әскери бөлімге келісімшартпен қызметке алынып, әскери киім киген сәтте ерекше қуандым. Бұл – менің бала күннен ойымда жүрген арманымның іске аса бастауы. Қазір әскери қызметімді абыройлы атқаруға тырысып жүрмін, – дейді сержант Мұхтар Өрбісінов.
Иә, бейбіт күнде де Отанды қорғайтын М.Өрбісіновтей өз ісін сүйген, қиналған жанға қолұшын созуға даяр тұратын отаншыл азаматтар барда ел әскерилерінің абыройы да биік, мәртебесі жоғары бола түседі. Күнделікті күйбең тірліктің илеуінде жүрген қарапайым халықтың да сенімі арта береді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ