АСТАНА. 5 мамыр. Үндістанның Чхаттисгарх штатында жолаушылар автобусы көпірден құлап, 13 адам қаза тапты. Сондай-ақ, 53 жолаушы түрлі деңгейде жарақат алды. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқиға жергілікті уақыт бойынша, сағат 22:30-да болды. Автобус Гархва қаласынан Райпур аймағына бағыт алған. Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, жүргізуші алдынан шыққан мотоциклге соқтығыспас үшін қарсы бетке өтіп кетіп, рульге ие бола алмай қалған. Салдарынан қоғамдық көлік суы тартылып қалған өзеннің аңғарына құлап, бірнеше рет аударылған.
«Әзірге біздің қолымызға келіп түскен ақпарат бойынша, 13 адам мерт болып, Амбикапур ауданындағы ауруханада 16 жолаушы ауыр халде жатыр. Сонымен қатар, тағы 37 адам түрлі деңгейде жарақат алды», – деді полиция қызметкері.
Айта кетейік, Үндістан әлемдегі көлік апаты жиі болатын елдердің бірі. Бейресми мәліметтер бойынша, бұл елде жылына 200 мыңға жуық адам жол-көлік оқиғасынан опат болып, жүздеген мыңы зардап шегеді.
Аян Әбдуәли.
Дерек: РИА «Новости».
Фото: rbc.ua.