ПЕТРОПАВЛ. 5 мамыр. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы прокуратурасының ұйғарымымен мемлекеттік қызмет этикалық кодексінің талаптарын өрескел бұзғаны үшін аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Т. Бектасов қызметінен аластатылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Т. Бектасов үйінде кешкі уақытта алкоголь өнімдерін ішкеннен кейін мас күйінде Явленка селосында орналасқан «Түркістан» ойын-сауық орталығына барған. Мұнда демалушылардың берекесін кетіріп, ескерту жасаған дәмхана қызметкерлерін балағаттаған, қорқытып, үркіткен. Даяшыларға дене жарақатын келтірген. Ойын-сауық орталығының қызметкерлері полиция өкілдерін шақыртуға мәжбүр болған. Орталық ауруханада Т.Бектасовқа медициналы тексеру жүргізіліп, араққа сылқия тойып алғаны анықталған. Осылайша шенеунік өзінің теріс қылығымен мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларына қайшы әрекеттер келтірген.
Осы факті бойынша аудан әкімдігіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілген. Прокурорлық ықпал актісін қарау қорытындысы бойынша аудандық білім беру бөлімі басшысының бұйрығымен Т. Бектасов атқарған лаузымынан босатылған.
Өмір Есқали.
Дерек: Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Фото: makala.kz.