• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2016

Аға рухына тағзым

399 рет
көрсетілді

Құлмаханов Уалихан Айтаханұлы гв.мл.лейтенант 1921-23.02.1945 гг.  Бүкіл дүниежүзін шарпып, адамзатқа үлкен қайғы-қасірет әкелген 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ең үлкен зардапты бұрынғы Кеңестер Одағының халқы тартты. Атап айтқанда, Кеңес халқы соғыста 27 миллион адамынан айырылды. Соның ішінде Қазақстан азаматтары да барша Кеңес Одағының халқымен бірге бабадан қалған ерлік пен өрлік мұрасын абыроймен жалғастырды. Жаумен ұрыста жан алып, жан берді. Қазақстан майдан тылы ретінде де Жеңіске орасан зор үлес қосты. Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның майдан ше­біндегі қалаларынан зауыттар, фабрикалар Қазақстанға көшірілді. Майданға қорғасын, астық, ет, жүн, тері, киім-кешек жөнелту жа­ғынан да Қазақстан алдыңғы шепте болды. Ал қазақ жауынгерлерінің фашистер­мен күрестегі ерліктері бүкіл елдің аузында, сол кездегі майдандық газеттердің беттерінде жүрді. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа да халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Мәскеу мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Бұл соғыста халық шеккен қасіретті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Боз­дақтар майданға аттанды. Үйлер қаңырады, аналар аңырады, жетімдер еңіреді. Май­данға аттанған 1,2 миллионға жуық қазақ­с­тандықтардың тең жартысына жуығы со­ғыс­тан оралмады. Майдангер ақын Сырбай Мәуленов со­ғыстың халық жүрегіне салған жазылмас жарасын жыр жолдарымен былайша кес­телейді: Жаутаңдай қарап дала тұр, Көз жасын сүртіп жаңа бір. Хабарсыз ұлын сұрауға, Жолыңды тосып ана жүр. Қанша үйдің ұрлап адамын, Қанша үйде сөніп қалды оттар. Көрдің бе ұлын ананың, Соғыстан қайтқан солдаттар. Кешікпей жарым келер деп, Төрінен сайлап орынды. Батысқа қарап елеңдеп, Ару жүр тосып жолыңды. Көтерді бәрін ауырдың, Азамат болып арды ақтар. Көрдің бе жарын арудың, Соғыстан қайтқан солдаттар. Кетерде солдат жарының, Ішінде қалған ана жыл. Көкемді айтпай танырмын, Деп бір сәби бала жүр. Қайырылмай қалай кетесің, Хабарсыз қалай ол тоқтар, Көрдің бе оның көкесін, Соғыстан қайтқан солдаттар. Қаралы қағаз жіберіп, Қаншама қайғы салды оқтар. Барады үнсіз түнеріп, Соғыстан қайтқан солдаттар. Арада ондаған жылдар өтсе де бұл соғыс­тың миллиондаған адамдардың өне­бойына түсірген мың батпан салмағы, сұм соғыстың кесірінен баласынан айырыл­ған ананың зары, жарынан айырылған әйелдің мұңы, әкеден айырылған жетімнің шері жүздеген жылдардан кейін де адамзат санасында жаңғырып тұрары айдай ақиқат. Ақын дәл бейнелегендей, соғыстан қайтқан солдаттарға жәутеңдеген отбасы­лардың бірі біздің отбасымыз еді. Енді осы оқиғаға біршама толығырақ тоқталудың реті келіп тұр. Әкеміз жеті ағайынды екен. Ағасы Құлмаханның ұл баласы болмай, өзінің кіндігінен тараған Уәлихан деген ұлын, яғни менің ағамды сол кісінің атына теліген көрінеді. Уәлихан 1921 жылы туған. 1940 жылы Шымкент ауыл шаруашылығы техникумына, қазіргі Қапланбек техникумына оқуға түсіп, 2-ші курста оқып жүрген же­рінен 1941 жылы 10 желтоқсанда әскерге шақырылған. Сол бір сұрапыл жылдарда баласының техникумда оқып жүрген жерінен соғысқа аттанып бара жатқанын естіген әке-шешем балалары – бауыр етімен қоштасып қалуға жиналып, артынып-тартынып Темір стансасына келмей ме. Сөйтсе соғысқа бара жат­қан эшелон Түркістан мен Арыс стансаларына кідіріп, Темірге тоқтамай, зуылдап өте шығады ғой. Вагон есігінен бұларға қол бұлғаған Уәлихан ағамның сұлбасын ғана танып, пойыз артынан жүгіріп, аһ ұрып қа­ла береді. Осы оқиғаны екеуі көздеріне жас алып «Апырмай сонда Темірден онша қашық емес Түркістанға немесе Арысқа барсақ, баламызбен тым болмаса 15-20 ми­нут бірге болып мауқымызды басар едік-ау!» деп, күрсіне күңіреніп айтып отыратын. Біз ол кезде баламыз. Бала болсақ та әке-шешенің әңгімесінен құлаққа әбден сіңісті болған соғыс зардабы көңілімізді алаңдатып, ағаға деген әлдеқандай бір сағыныш сезімі жүрек түбінде бұл­қынғандай болады. Оның үстіне соғыс аяқталғаннан кейін де, яғни 50-жылдары ауылға соғыстан қайтып оралып жатқандар болды. Соған қарап, ата-анам да күдер үзбей, балалары әне-міне келіп қалатындай көрініп, құлақтары елеңдеп отыратын. Өйткені, 1945 жылы, соғыстың аяқ­талуына небәрі 2-3 ай қалғанда әке-ше­шем ағамнан хат алған. Ол хатында ағам Польшаның аумағын жаудан тазартып жүргенін кеше ғана Лына өзенінен өтіп, Кенигсберг қаласы бағытына бет ал­ғандарын жазған. Содан кейін хат-хабар үзіл­ген. Арада біраз уақыт өткенде, қайтыс болды деген қара қағаз келген. Ата-анамыз сонда да балаларын өлімге қимай, үйде жал­ғыз суреті бар еді, соны қабырғаға іліп қо­йып, 60-жылдарға дейін күдер үзбей жүрді. Кейін ағамыздың оралмасына әбден көзіміз жеткен соң нендей күйде, қай жерде қалды екен, ешкім танымайтын жат өл­кеде көз жұмғаны қиын болды-ау деп, қа­бырғамыз қайысып, әр кімдерге, әр жерлерге сөз салып, іздестіре бастадық. Содан талай жерге хат жаздық. Мәскеу тү­біндегі Подольск деген қалада орталық әскери мұрағат бар, соған жаздық. Уәлихан Айтаханұлы Айтахановтан хабар бар ма деп жазамыз, ешқандай хабар жоқ деп келеді. Ешкім ешнәрсе білмейді. Сөйтсек, біз іздеу салған кезде қателік жіберген екенбіз. Ағамызды Айтаханов деген фамилия бойынша іздей бергенбіз ғой. Ал оның тегі, жоғарыда айтқанымдай, әкеміздің аға­сы Құлмаханның атымен Уәлихан Айтаханұлы Құлмаханов болып жазылып, әскерге де сол ныспымен аттанған. Осылайша, шарамыз таусылып, не істерімізді білмей дағдарып жүргенде былтыр, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлер туралы деректерді іздестіруде жан-жақты ауқымды шаралар қабылдаған Ресей Президенті В.В.Путиннің Жарлығы шықты. Осы Жарлыққа сәйкес «Победа», «Мемориал» деген сайттар ашылды. Сол сайттарда Ұлы Отан соғысына қатыс­ты мәліметтер молынан, толығымен қам­тыл­ған екен. Атап айтқанда, соғысқа қа­тысқандар мен қаза болғандар, соғыс ба­рысында тұтқынға түскендер, одан босанып шыққандар, тағы басқа қилы-қилы жағдайлар мен мәліметтер берілген. Ағамның дерегін осы арадан таптым. Мен әлігі «Мемориал» сайтында ағам Уәлиханға қатысты мәліметтердің қолмен қойғандай анық берілгеніне риза болдым. Туған жері, фамилиясы, әкесінің аты, туған, қайтыс болған жылының күні мен айы, қай әскери комиссариаттан соғысқа атанғаны, қай жерде, қалай қаза болғаны, қай жерде жерленгені, ең жақын туыстары, олардың тұратын жері, әскери атағы бәрі-бәрі бір парақ қағаздағы баған-бағанға бөлініп, мұқият, тәптіштеп көрсетілген. Мәліметте 3-Белоруссия майданына қа­­рас­ты 3-армиясының Қызыл Тулы Таллин атындағы 1294 өздігінен жүретін артиллериялық полкінің 1945 жылы ақпан айының 23-28 аралығында ұрыс даласында қайтыс болған офицерлерінің тізімі көрсетілген. Осы тізімнің 2-ші реттік санында былай жазылыпты: «Құлмаханов Уәлихан Айтаханұлы; гвардия кіші лейтенанты ГТ 000001 №099657; СУ-85 командирі; ВКП (б) мүшесі; 1921 жылы Сталинабад колхозы, Шәуілдір ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазақ КСР-інде туған; 10 жел­тоқсан 1941 жылы Оңтүстік Қазақстан об­лы­сы Сарыағаш аудандық әскери ко­миссариатының шақыртуымен соғысқа аттанған; 23 ақпан 1945 жылы соғыста ерлікпен қаза тапқан; Шығыс Пруссияның Кенигсберг провинциясы, Мельзак ауданында, Раушбах елді мекенінің солтүстік-шығысынан 1 км. жерде жерленген; әкесі Момбеков Айтахан Қазақ КСР, Оң­түстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Сталинабад колхозында тұрады» деп то­лық жазылыпты. Бұл мәліметке полк командирі подполковник Карташнов; полктің штаб бастығы капитан Филиппенко қол қойып, бір данасын Қорғаныс халық комиссариатына, екіншісін 3-Армия штабына жіберіп, үшіншісін полк штабында қалдырыпты. Бұл мәлімет бойынша менің ағам Уәлихан 1294 Қызыл Тулы Таллин артиллерия полкінің құрамындағы, әскери тілмен айтқанда, өздігінен жүретін СУ-85 жауынгерлік қондырғының, мұны қара­пайым тілмен жеткізгенде, әскери соғыс танкісінің гвардия кіші лейтенант әскери атағы бар командирі болған. 1945 жылы 23 ақпанда Шығыс Пруссия операциясы барысында ерлікпен қаза тапқан. Міне, осы мәліметті алғаннан кейін әрі қарай ізденіп, ағамның жатқан жерін тауып, басына барып тағзым етіп қайтуды алдыма міндет етіп қойдым. Осы мақсатпен жан-жаққа хат жаза бастадым. Ресей Фе­де­рациясының Қорғаныс министрі С.К.Шойгуға, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Орталық мұраға­тының бастығы И.А.Пермяковқа, Қазақ­стан Республикасының Қорғаныс ми­нистрі И.Н.Тасмағамбетовке, Поль­ша Республикасының Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковскиге, Польша Қызыл Кресіне, Қазақстанның Польша Респуб­ликасындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Ерік Өтембаевқа және тағы бас­қа­ларға хат жолдап, ағамның мәңгілікке дамыл тапқан жерін анықтауға көмектесуді сұрадым. Хатта мен бұрынғы Шығыс Прус­сиядағы Кенигсберг провинциясы, Мельзак ауданы, Раушбах елді мекендері бүгінде қай жерде, қай елде екенін анықтап беруді өтіндім. 2015 жылғы 15 сәуірде Ресейдің Қор­ғаныс министрлігінің Орталық мұраға­тынан жоғарыда аталған деректерді рас­таған хат алдым. Көп ізденістің нәти­же­сінде гвардия кіші лейтенанты Уәлихан Айтаханұлы Құлмахановтың соғыс жылдарында Шығыс Пруссияның Кенигсберг провинциясы, Мельзак ауданында, Рауш­бах елді мекенінде жер­ленгені, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Раушбах елді мекені Польшаның қарамағына өтіп, біраз уақыт «Русево» деп аталғаны, бүгінде ол жер Польшаның Варминск-Мазурск вое­водствосының Бранева повятосының бұрынғы Мельзак, қазіргі Пененжно гминасына қарайтыны айқындалды. Соғыс аяқталғаннан кейін бұл аймақта қаза тапқан кеңес жауынгерлерін Бранева қаласындағы бауырластар мемориалына қайта жерлеу жұмыстары жүргізілген екен. Бүгінде онда мыңдаған кеңес әскерлері жерленген. Сонымен, 2015 жылдың жазында қасыма зайыбым мен немеремді ертіп, жолға шықтым. Діттеген ойым – ағамның жатқан жерін табу, әке-шешемнің басынан алған топырақты апарып салу, ол жақтан ата-анамыз тірі кезінде көре алмай арманда кеткен баласының басынан топырақ әкелу, сөйтіп, өлілердің рухына ас беріп, құран бағыштап, парызымды өтеу. Варшавада бізді Қазақстан елшісі Ерік Өтембаев, оның кеңесшісі Бақытжан Бөлегенов қарсы алды. Мұнда келгенде менің байқағаным, Польша социалистік мемлекет болып тұрған кезде Кеңес Ода­ғына деген құрмет күшті болған ғой. Ке­зін­де қырғын соғыс өткен жерлерде қаза тапқандардың мәйіттерін жинап, кеңес әскерлерінің шейіт болған жауынгерлеріне арнап үлкен мемориал соғылған. Ол 10 гектар жерді алып жатыр. Қоршау жасалып, ортаға Қызыл армияның айбынды ескерткіші қойылған. Үлкен аумақ 24 шаршыға бөлінген екен. Мына шаршыда Раушбахта жерленгендер жатыр, мына жерде Пененжнода жерленгендер жатыр деп, 10 мыңнан астам адамның сүйегіне құрмет көрсетілген. Алайда, қазіргі Польша билігінің бұ­рынғы Кеңес өкіметіне деген салқын қа­бағы бұл арада да қылаң беріп қала­тындай. Польша жері үшін, халқының фашизмнен азаттығы үшін жанын қиған ерлерге, поляк жерінде мәңгілікке дамыл тапқан боздақтарға көзқарастың қырын болмаса да, бұрынғыдай ыстық ықылас байқалмайтындай. Осыдан келіп кейде саясаттың да қандай жағдай болмасын өткенге құрметпен қарауға өресі жете бер­мейтін тұстары болады екен-ау дегендей ой түйеді екенсің. Варшавада елшіміз Ерік Өтембаев мені Польша Сеймінің депутаты Томас Маковскимен таныстырды. Біздің елшіміз онымен алдын ала сөйлесіп, Қазақстаннан әріптесі келе жатқанын ескерткен екен. Ол Польша Сейміне біз сапар шегіп бара жатқан өңірден сайланған депутат болып шықты. Шай үстінде мән-жайды түсіндіріп, діттеген жерімізде бізді Зигмунд Вайджет деген өзінің көмекшісі күтіп алатынын, оған ескертілгенін, қашан кеткеніміз­ше біздің қасымызда болып, тиісті көмек көр­сететінін, өзінің де хабарласып тұратынын айтып, сыпайы қоштасты. Біз Варшавадан 500 шақырым жердегі Браневск қаласына жету үшін алдымен Гданьск қаласына ұшып келдік. Ол – Балтық те­ңізінің жағалауын бойлай орналасқан шаһар. Осы арадан Бранева қаласына жету үшін тағы да 100 шақырымға жуық жер жү­ре­ді екенбіз. Міне, мен осыдан 70 жыл бұрын, қыр­шын жасында, Отанының бостандығы жо­лында, ерлікпен қаза тауып, жат жерде мәңгілікке дамыл тапқан ағамның жаумен жан алысып, жан беріскен арпалыста жалын құшқан темір тұлпарының ішінде соңғы демі біткенше айқасқа түскен кейпін көргендей болып, көз алдыма елестетіп тұрмын. Ол жалғыз ағам, ал мен артынан ерген жалғыз інісі едім. Бала кезімде өзім түр-түсін көрмеген, бейнесін тек суреті арқылы ғана білетін ағамды арқа тұтып, шіркін-ай, сол кісі тірі болса, мен бүйтер едім-ау, ол сүйтер еді-ау деп, тәтті қиялға ерік беретінмін. Есейе келе де кейде аға-інім­­нің жоқтығы есіме түсіп, көңілім кә­дімгідей пәсейіп қалатын. Мінезімнің алған беттен қайтпайтын бірбеткей болуы да жалғыздықты сезінуден бе екен, бәлкім. Оны кім білсін. Әйтеуір қазір Уәлихан ағам дамылдаған жерде қай-қайдағылар есі­ме түсіп, көңілімнің босағанын несіне жасырамын. Сейм депутатының көмекшісі Зигмунд Вайджет бізді қырғын соғыс болған бұрынғы Раушбах елді мекеніндегі 101-биіктікке алып келді. Мұнда келген уақытымыз шілде айы еді. Айнала жасыл желек, көкорай шалғын, жайқалған егін. Бір кезде осында соғыс болған екен, адамдар қырғынға ұшырапты, зуылдаған оқтан, ысқырған снарядтан, гүрілдеген танктен, бұрқ-бұрқ жарылған гранатадан, адамдардың құлақ тұндырған айқайынан айналаның азан-қазаны шығып, жантүршігерлік оқиға орын алыпты десе, қазір ешкім сенбейтіндей. Мүлгіген тыныштыққа бейбіт күннің бел­гісіндей сайраған құстар, шырылдаған шегірткелер ғана үн қосып, тіршілік сәнін келтіріп тұр. Бұрынғы Раушбах елді мекенінің ор­­нында тұрмыз. Елді мекен атымен жоқ. Айдала. Мұның мәнісін депутаттың көмекшісі Зигмунд Вайджет түсіндіруде. Жасы, қазақшалап айтқанда, жер ортасына жетіп қалған кісі. Ол немістердің кез келген елді мекені судың жағасына орналасатынын, көшеге асфальт емес, тас төселетінін, көшенің екі жағы үйлер болатынын тәп­тіштеп айтып, көрсетіп жатты. Міне мынау су көзі, ал мынау ретімен төселген тас­тар бұрынғы көшенің орны деп. Осы арада Құран оқыдық. Ауылдан, әке-шешеміздің басынан әкелген топырақтың біразын 101-ші биіктікке салдық, ол жерден топырақ алдық. Қазақы ырым, мұсылмандық жолы бойынша бір шаруадан қой сатып алып, сол жерде Құран оқып, қойды бауыздадық та, кедей-кепшікке үлестіріңдер деп, тас­тап кеттік. Мұндайды көрмеген жергілікті жердің адамдары біздің бұл ғұрпымызға таңданып, бас шайқады. Бұдан кейін осы арадан онша қашық емес Бранево қаласындағы кеңес әскерлерінің мемориалдық кешеніне бардық. Уәлихан ағам 8-ші шаршыда жатыр екен. Сол жерге барып тағы да Құран оқып, елден әкелген топырағымыздың қалғанын осында салдық, ол жерден тағы да топырақ алдық. Аға ру­хы артынан іздеп келгенімізді сезген болар, жат жерде жалтақтаған көңілі Құран дауысын естіп, байыз тапқан шығар деп, өзімізді өзіміз жұбаттық. Сонымен бірге, аға рухына бас игенімізді арқа тұтып, біз де сер­гіп қалдық. Мемориал басында менің және бір байқағаным, қаза болған жауынгерлердің есімдері кітапта жазылған да, шаршыда жоқ. Шаршыны тапқан біраз адам туыстарының аты-жөнін жазып кетіп жатқан көрінеді. Біз де солай істеуге келістік. Мәрмәр тасқа Уәлихан Айтаханұлы Құлмаханов, 1921-1945 ж.ж. гвардия кіші лейтенанты, қазақ деп жазуға, мұсылман белгісімен жарты ай түсіруге уағдаластық, мәрмәр тастың етегін қызыл гүлмен көмкереміз деп шештік. Оған губернатордың рұқсаты керек екен. Елші рұқсат алуға уәдесін берді. Ағаның жатқан жерін тауып, басына барып, барлық шаруаны реттеп, көңілді бір демдегеннен кейін Бранево қаласының бургомистрі, өзіміздің елші, оның кеңес­шісі, тілшілер, полиция бастығы, мәселенің басы-қасында жүрген және басқа да адам­дардың барлығын жинап, рахметімді айтып, аға рухына арнап ас бердім. Елге келгеннен кейін Отырардағы ата-анам жатқан Арыстанбаб кесенесіне барып топырақ салып, Құран оқып, сол ауданның білетін азаматтарын шақырып, ас бердік. Бұл көптен ойлап жүрген шаруа еді. Айдалада қалды ғой, бұл қалай болады деп жүрген едім, сол былтырғы Жеңістің 70 жылдығына орай керемет бір сәтті нәрсе болды. Өзіміз де ризамыз. Бала-шағамызбен бір қуанып қалдық. Осы арада көңілден шыққан риза­шы­лық сезімімді сол кездегі Қазақстанның Польша­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаевқа, оның кеңесшісі Бақыт­жан Бөлегеновке айтқым келеді. Бұл аза­маттар­дың Ұлы Отан соғысы кезінде Поль­ша жерінде қаза тапқан ағаларымыздың зираттарын табуға көмектесіп, оларға құрмет көрсетуде өзгеге үлгі болатындай үлкен игі істер атқарып жүргендерінің куәсі болдық. Биыл Жеңіс күні қарсаңында ағамның Польша жерін азат етудегі шайқаста ерлік­пен қаза тапқан жеріне барып, басына мәр­мәр тастан ескерткіш орнатып, тағы бір тағзым етіп, Құран бағыштап, Отан үшін жанын қиған басқа да жауынгерлердің алдында басымызды иіп қайттық. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты