Қарағандыға арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін түсіндіру бойынша қаладағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық активімен кездесті.
«Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында қабылданған болатын.
– Бұл сессия – тарихи сессия болды, – деді кездесу барысында Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелян. – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының қарсаңында біз «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін қабылдадық. Бүгінгі кездесуде біз бұл тарихи құжаттың маңызы мен құндылығына тағы бір терең үңілмекпіз.
Кездесу барысында сөз алған облыстық «Эребуни» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Артур Навасардян былай деді: «Қазақстанда 130-ға тарта ұлт өкілдері тұрады. Бұл жағдайда біздің әрқайсымыз тыныштықты көздің қарашығындай сақтауды жете түсінуіміз керек. Келісім мен достықты сақтай білсек, еліміз өсіп-өркендейді. 1991 жылы КСРО құлағанда көптеген елдерде қантөгістер болды. Ал бізде бәрі де керісінше болды: жаппай құрылыстар жүргізіліп, алға қарай аршынды қадам бастық. Тіпті, аз ғана уақыт ішінде Астананы салып тастадық. Бұл – тек Отанымыздағы тыныштық пен татулықтың арқасында мүмкін болды».
Кездесуге қатысушылар арасында Болашағы Біртұтас Ұлт туралы әңгіме қозғалып, Қазақстанға бәсекеге қабілетті, ой-өрісі дамыған, «Біз – қазақстандықтармыз!» деп мақтанышпен айта алатын ұлт керектігі баса айтылды. Жиын қорытындысында қазақстандықтар бұрынғыдан бетер біріге түсуі қажет деген байлам жасалды.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ