• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2016

Келелі мәселелер көтерілген кездесулер

384 рет
көрсетілді

Алдыңғы күні ұшақтан түскен бетте «Ақтөбе-ақпарат» орта­лығында облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізіп, әріптестерімен ой бөліскен Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов кеше, жұмыс сапарының екінші күнінде Хромтау ауданында болып, сондағы Дөң тау-кен комбинатының спорт кешенінің, тау-кен колледжінің, «Хромтау кірпіш зауыты» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Мәжіліс депутаты кеншілер Мәдениет үйінде қала тұрғын­дарымен, кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзінде өңірдегі экономикалық-әлеуметтік жағдай тұрақты екенін, әлеуметтік міндеттемелердің орындалғанын атап өтті. Азық -түлік бағаларын арзандату бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. С.Абдрахманов «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің мән-ма­ңызын түсіндіріп, насихаттау Ақтөбе жеріне келген депутаттардың негізгі мақсаты екенін айта келіп, бұл идеяның өзегі Тәуелсіздік пен Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы екенін баян етті. «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі осы жылы сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХХІV сессиясында қа­былданғанын, құжатта Мәң­гілік Елдің жеті ұстыны – Тәуелсіздік және Астана, Жал­пы­ұлттық бірлік, Бейбітшілік және келісім, Зайырлы мемле­кет және Жоғары руханият, Инно­вация негізіндегі тұрақты Эконо­микалық өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, Тарих, мәдениет және тіл тұтастығы, Ұлттық қауіпсіздік пен жалпы әлемдік және өңірлік мәселелерді шешуге Қазақстанның атсалысуы негіз­делгенін тарқата әңгімеледі. Б.Сапарбаев пен С.Абдрах­ма­нов кеше түстен кейін Тахауи Ахтанов атындағы облыстық қазақ драма театрында қала жұртшылығы, үкіметтік емес ұйым­дар, шағын және орта бизнес, этномәдени бірлестіктер өкіл­дерімен жүздесті. Депутат «Мәң­гілік Ел» Патриоттық актісінің мән-мағынасы туралы тарата баяндады, сонымен қатар, жер мәселесі тақырыбындағы әңгіме төңірегінде орын алған түсінбеушіліктің белгілі бір дәрежеде атқарушы билік тарапынан түсіндіру жұмыстарының кемшін болғандығының салдары деп санайтынын да ашық айтты. Кездесуде жұмыс орындарын ашу, маман кадрлар даярлау, оралмандар, тұрғын үй салуға жер бөлу және басқа мәселелер әңгіме өзегіне айналды. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын түсіндіру мақсатында Ақтөбе жеріне келген Парламент Мәжілісінің депу­таттары Сергей Симонов, Дания Еспаева, Мұхтар Ерман, Асылбек Смағұлов, Құра­лай Қаракен Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Шалқар және Қобда аудан­дарында болып, сайлаушылармен кездесті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»  Ақтөбе облысы