Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Польша Сенатының төрағасы Станислав Карчевскимен кездесіп, келіссөз жүргізді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Төрағалар Қазақстан мен Польшаның ынтымақтастығының жайын талқылады, сондай-ақ, маңызды халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Қ.Тоқаев пен С.Карчевски парламентаралық үнқатысуды және екі ел парламенттері жоғарғы палаталарының өзара іс-қимылын жалғастыру туралы уағдаласты. Жүздесушілер, сондай-ақ, Қазақстан мен Польшаның аймақтық және жаһандық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көзқарастарының ұқсастығын атап өтті.
Қ.Тоқаев кездесу соңында: «Польша – Шығыс Еуропадағы ең дамыған елдердің бірі, бұл мемлекеттің әлеуеті өте жоғары, сондықтан Қазақстан үшін бұл елмен ынтымақтастықты одан әрі дамыту тиімді. Елбасы бұл мемлекетпен екіжақты қарым-қатынасты тереңдету үшін көп еңбек етті. Ал қазір біз осы саладағы жұмысты жалғастырып отырмыз», – деді.
С.Карчевски өз кезегінде Польша Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде қарастыратынын және саяси, экономика, сауда және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылды ілгерілетуге ниетті екенін жеткізді. Сенат Төрағасы Польшада Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жоғары бағалайтынын атап өтті. «Біз Президенттің манифесте айтқан пікірін толықтай қолдаймыз. Тек бейбітшілікті нығайту мен қарусыздану ғана әлемдегі қатынастарға оң әсер ете алады», – деді С.Карчевски.