• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2016

Ел Президенті Жер кодексіне түзетулерге мораторий жариялады

250 рет
көрсетілді

Табысты даму негізі

Біз Мемлекет басшысының сөзін зор қанағат сезімімен құп алдық және қоғамымыз өміріндегі барлық салаларға қатысты аса маңызды инсти­туттық жаңғыр­ту­лар­ды әрі қарай тиімді жүзеге асыруға бағытталған барлық қабыл­данған шешімдерді толық қол­дайтынымызды білдіреміз. Мемлекет басшысының мем­­ле­кеттік органдар тара­пы­нан жұрт­шылықпен әлеу­мет­тік маңыз­ды мә­селелер бо­йын­ша ашық және конс­трук­тив­ті үнқатысу қалып­тас­ты­ру жөніндегі шешімдердің маңыз­дылығын ерекше атап көрсеткіміз келеді. Осыған орай Президент Үкі­метке қоғам­дық инсти­тут­тармен бірлесіп, жер қа­тынастары саласындағы заң норма­ларын жан-жақты саралауға және Пар­ламентке нақты ұсыныстар енгізуге тапсырма берді. Біз Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімі қоғамдағы тұрақтылық пен  бірлікті қазіргіден де бекемдей түсетініне сенімдіміз.  Қазақстан ардагерлерінің кеңесі

Елбасы ұйғарымы – оң шешім

Қазақстанның Азаматтық альянсы  Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 5 мамырында өткен Үкіметтің жұмыс кеңесі барысында қабылдаған шешіміне қолдау білдіреді. Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың сөзі – бұл қоғамда тал­қы­ланып жатқан барлық сұрақ­қа жауап. Олардың арасында аса маңыздысы Жер кодексіне енгі­зілген өзгерістер мен білім беру және денсаулық сақтау сала­ларын­дағы реформалар болып табылады. Біздер, азаматтық қоғам өкілдері мен Қазақстанның барлық прогрессивті қоғам қайраткерлері экономиканы әрі қарай нығайту мен Отанымызды әлеуметтік-саяси тұрғыдан табысты дамытуға өздерінің сүбелі үлестерін қосатынына сенімдіміз. Біз Мемлекет басшысының Үкі­мет жанынан комиссия құру тура­лы шешімін толықтай қолдаймыз. Сарапшылық және ғылыми қоғамдастықты, сондай-ақ, ҮЕҰ өкілдерін оның жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз.  «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі

Бірлесе шешсек ұтылмаймыз

Біз, Қазақстан кәсіподақтары федерациясы Қазақстан Респуб­­ликасының Президенті Н.Ә.Назар­баевтың Жер кодексі­нің жекелеген жаңа норма­лары­ның әрекет етуіне мораторий енгізу­ді жария­лауын көтеріңкі көңілмен қабылдадық. Қазақстан кәсіподақтары федерациясы Мемлекет басшысы құруды тап­сырған Үкімет жанын­дағы комис­сия­ға жан-жақты көмек көрсетуге дайын. Біз бірліктің біздің барлық жетіс­тік­тері­міздің негізі екенін есте сақтауға тиіспіз. Қазақстандықтар әркезде де бү­кіл қоғамның мүдделерін қам­­титын маңызды мәселелерді бір­лескен үнқатысу жолымен шешіп келеді. Біз комиссияның сындарлы үн­қатысуы жолымен аграрлық сектордың дамуын және Қазақстан халқы әл-ауқатының жақсаруын ынталандыруға жағдай жасайтын нақты шаралар қабылданады деп есептейміз. Мемлекет басшысы атап көр­сет­кендей, қоғамда тату­лық пен тұрақ­тылықты ны­ғайту – әр­бір азаматтың, бүкіл қоғам­дық ұйымдардың, барлық қазақ­стандықтар­дың ісі.  Қазақстан кәсіподақтары Федерациясы

Табысты болашақ кепілі

Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жер кодексінің жекелеген нормаларына мораторий енгізу туралы шешімін ел азаматтары жылы қабылдады. Мемлекет басшысы ең бір дұрыс шешім қабылдап отыр. Ендігі жерде қоғам өз үлесін қосып, жер қаты­на­с­­тары саласындағы көкейкесті мәсе­лелерді тү­сін­­­діруге және талқылауға белсенді атсалысуы тиіс. Президенттің тапсырмасымен жаңа үнқатысу алаңы – Үкімет жанындағы комиссия құрылады, оның жұмысы бүкіл қоғам мүдделерін ескере отырып, жер заңнамасын жетілдіруге бағытталмақ. Бүкіл қоғамдық ұйымдар, бастамашыл топтар және қарапайым азаматтар жер мәселесі бойынша бірегей көзқарас қалыптастыруға өз үлестерін қосуы тиіс деп есептейміз. «Генералдар кеңесі» РҚБ

Тәртіп енгізу керек

«Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту үшін коалициясы Мемлекет басшысының Жер кодексінің нормаларының әрекет етуіне мораторий жариялау туралы шешіміне толық қолдау білдіреді. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Үкі­мет жанынан құрылған комис­сия және өкілет­тік­­­тер­ді сала­лық министрліктер арасында қайта бөлу ауыл­шаруа­шы­лық жерлерін пайдалану мә­се­­­ле­­ле­рін­­де тәртіп енгізуге жағдай жасайтын бо­ла­ды. Комиссия жұмысына қоғамдық инс­­ти­­тут­тардың атсалысуы айрықша ма­ңыз­ды. Біз қоғамның Президент төңірегін­де топтасуы мен Мемлекет басшысы­­ның бастамаларына жаппай қолдау көрсету Қазақстанның одан әрі алға басуын қамтамасыз ететініне сенімдіміз. Президент ұсынған қадамдар мемлекеттік органдар мен азаматтар арасында ашық үнқатысу орнатуға қызмет етеді деп есептейміз.  «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту үшін коалициясы

Ырғақты өсуді көксейді

Мемлекет басшысы жұмыс кеңесінде еліміздің қазіргі заманғы дамуының көкейкесті мәселелеріне назар аударды. Басты тезис – ол Қазақстан экономи­касының ырғақты өсуін, соның ішінде отандық ауыл шаруашылығының тиімді дамуын қамтамасыз ету жөнінде мүмкін деген шаралардың бәрін қабылдау. Жер кодексінің қоғамдық пікір туындатқан жекелеген нормаларына мораторий жариялау – ол мемлекет пен қоғам мүдделерінің бірлігін ашық бейнелейтін ел Президентінің көреген қадамы. Үстіміздегі жылдың соңына дейін бүкіл қазақстандықтардың қатысуымен заңнаманы жетілдіру бойынша барлық шаралардың қабыл­данатыны аса маңызды. Және бұл жұмыс­қа орталық және жергілікті мемлекеттік орган­дар­дың басшылары мен бүкіл азаматтық қоғам тартылатын болады. Біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің нақты істерімен және шешімдерімен біздің елімізді прогресс пен болашақ ұрпақтың игілігі үшін өркендеу жолымен алға бастай беретініне сенімдіміз.  «Республикалық әйелдер кеңесі» ҚБ

Бірлігі жарасқан ел ұтар

Әлемді шарпыған күрделі сәтте тек бірлігіне бекем, бейбіт өмірдің қадірін біле­­т­ін елдер ғана тыныштығын сақтап қала алады. Татулықты ту еткен Қазақстан  – сон­­дай мемлекет. Президентіміздің сарабдал саясат­кер, мықты стратег, көреген көшбас­шы екеніне бүгінгі Үкімет жиналысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Жер – қазақ халқының маңдайына біткен асыл қазынасы. Елбасы Жер кодексінің қоғамдық талқылаулар тудырған бірқатар нормаларын күшіне енгізуге 2016 жылдың аяғына дейін мораторий жариялады. Сонымен қатар, Үкімет жанынан билік пен халық арасында сұхбаттасу алаңы болатын комиссия құруды тапсырды. Бұл – өте орынды және уақтылы шешім. Өйткені, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысуы Қазақстанда қоғамдық келісім­ді нығайтуға ықпал етеді. Біз, Бас редакторлар клубының мүшелері, Елбасының шешімі мен баста­ма­ларын толық қолдаймыз және халық та оны зор ықыласпен қабыл алатынына сенеміз. Бас редакторлар клубы

Ұтымдылығы талас туғызбайды

«Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы Мемлекет басшысының Жер кодексінің нормаларына жарияланған мора­торий туралы шешімін толы­ғы­мен қолдайды. Бұл шешім жер мәселесін жан-жақты талқылап, халық үшін де, ел экономикасы үшін де ұтымды тұсын анықтауға мүмкіндік берері сөзсіз. Қазақстан кәсіпкерлері өздері тара­пынан осы мәселе бойынша Үкімет жанынан арнайы құрылған комиссияға ұсыныс жасап, көмек көрсетуге дайын. Мемлекет басшысы жер мәсе­лесінде әрбір қазақстандық­тың пікірі маңызды екенін және халық­­ты алаңдатқан әрбір мәселе ше­­­шімсіз қалмайтынын атап өтті. Біз, барлық қазақстандықтар Елбасының шешімін 100 пайыз құптай­тынына сенімдіміз. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер Палатасы

Жұртшылық жаппай қолдайды

Жер заңнамасының жекелеген нормаларына мораторий енгізу туралы мәселе – ой­лас­­­тырылған және уақтылы шара. Мемлекет басшысы барша қазақстандық қолдаған маңызды шешім қабылдады. Президент Үкімет қабылдап жатқан барлық шешімдер мен енгізіліп жатқан жаңалықтар азаматтар пікірін ескере отырып ашық талқылануы тиіс екенін ерекше атап көрсетті. Үкімет жанынан құрылатын комиссия жер заңнамасы мәсе­ле­лерін егжей-тегжейлі қарас­ты­рып, оңтай­лы, сараланған және ең бас­тысы, бү­кіл қоғамның мүд­десіне жауап бе­ре­тін шешім қабыл­дай­тынына сенімдіміз.  «Ұлттық еріктілер жеңісі» заңды тұлғалар бірлестігі

Әр қазақстандықтың мүддесі жолында

Мемлекет басшысының жұ­мыс кеңесіндегі сөзі – бұл нақты тапсырма және іс-қимылға нұсқаулық. Онда әр қазақ­стан­дықтың мүддесі көрініс тапқан. Біз Елбасының Жер заңна­масының жекелеген нормаларына мораторий енгізу туралы шешімін бірауыздан қолдаймыз. Бұл нормалар бүкіл қоғамның мүддесін қозғайды, сондықтан, ашық та байыпты талқылауды талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жанынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағын­таевтың төрағалығымен комис­сия құрылатын болады. Ол жұрт­­шылықпен бірлесіп, жер заң­намасын сараптаудан өткізеді және өзінің ұсыныстарын Пар­ламентке енгізеді. Біз, «Астана-Бәйтерек» әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері барша Қазақстан қоға­мын сындарлы талқылауларға белсене қатысуға шақырамыз.  «Астана-Бәйтерек» әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігі

Тиімді пайдаланып жүрміз бе?

«Эреке» фермерлік шаруа қожалығы 2009 жылы құрылған. Шаруа қожалығының есебінде 1567 гектар, оның ішінде 488 гек­тар егістік, 120 гектар көп­жыл­­дық екпелер, 3 гек­тар ша­бын­дық, 925 гектар жа­йы­­лым­дық жер учаскелері тір­кел­ген. 20 адам жұмыс жасайды, орташа еңбек жалақылары 50 000 теңгені құрайды. Мемлекет басшысы Н.Назар­баев еліміздегі реформаларды жүзеге асырудың жолдарын бел­­гілейтін «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын жарияла­ды. Соның 35-қадамында ауыл­шаруа­­шылық жерлерін тиіaді пайдалану мақ­саты қарастырылған. Осы аталған қадамдағы ауыл­шаруашы­лық жерлерін тиімді пайдалану дегеніміз – әр шаруа қожалығы иелері жерлерін өз мақсатына сай пайдалану екені анық. Жер-Ана ешуақытта бос жатпай, ауыспалы егіс сақталуы тиіс. Мемлекет меншігіндегі жерді өз иелігіне алған шаруалар жерге басқа көзқараспен қарайды. Яғни, жер өзінікі болғандықтан оны ұтымды пайдалануға тырысады. Бұл мәселені де ойласу қажет. Ұзын сөздің қысқасы, жер құр жатпай пайдаланылуы керек. Сонда ғана біз елімізді азық-түлікпен толық қам­та­­ма­сыз етеміз. Сондықтан, Елбасы жария­­лаған мораторийді пай­дала­нып осы мәсе­лені байыппен шешіп алғанымыз абзал.  Нұржан ТАСХОЖАЕВ, «Эреке» фермерлік шаруа қожалығының басшысы  Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды

Соңғы кездері жер мәселесіне қатысты алыпқашты әңгімеге жел беріп, орынсыз алаңдаушылық туғызып жүргендер бар. Бұған жерді жалға беруге байланысты түсінік жұмыстарының кештеу қолға алынуы да себеп болды. Қазақ үшін жер мәселесі өте өзекті. Сондықтан, бұған асқан жауапкершілікпен келу керек, оны әңгіме өзегіне айналдырғанда аса сақтықпен қараған жөн. Әйтпесе, халықтың намысын қозғап, қатерлі қадамға бастауы мүмкін. Сол себепті де, жер мәселесін ушықтыруға болмайды. Ал бұған елімізде еш негіз жоқ екенін көзіміз көріп, көңіліміз сезіп отыр. Елбасының жерімізді көздің қарашығындай сақтаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Еліміздің шекарасын белгілеп бекітуде қаншама жұмыстар атқарылды. «Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», деп атап өтті Президент. Ал сегіз жыл уақыт дегенің айтуға ғана оңай. Осыншама уақытта қаншама күш-жігер жұмсалды, қаншама тер төгілді. Осындай ұлан-ғайыр жеріміздің шекарасын бекітіп алған Елбасы Н.Назарбаевтың жер мәселесіне айрықша мән беретінін осыдан-ақ аңғаруға болады. Шындығында, кешегі жаппай жекешелендіру кезінде үлеске тиген жерлердің көбі қурай басып, иесіз жатқанын біле­міз. Ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­дағы жерлердің нақты иесі болса, мал бағып, егін салып, саланы өркендетуге алғышарт жасар еді. Құлазыған қу медиен даладан кімге не пайда бар? Бір сөзбен айтқанда, қазір орынсыз дау-дамайдан гөрі орнықты ойлар мен ұтымды ұсыныстарды басшылыққа алған тиімді. Осы жайттарды ескергендіктен де Президент жер заңнамасының бірқатар баптарына мораторий жариялап отыр. Олай болса, осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ұсыныс-пікірлерімізді білдіруіміз керек. Кеңес БІРМАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Ақтөбе облысы

Өзіміздікін өзіміз күтуіміз керек

Жер – байлығымыз,  халықтық байлық. Жер мәселесіне елдің бейжай қарай алмайты­ны сондықтан. Мен ауыл шаруашылығы саласы маманы болғандықтан, көп жылдар жер мен елге қызмет жасадым. Сол се­беп­ті, мұндай мәселелер мені де айналып өтпейді. Бұл жөнін­де баспасөзде жарыса жазып жатыр. Өкінішке қа­рай, халықтың бәрін саяси жағынан және заң тұрғысынан сауатты дей алмаймыз. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның Жер заңнамасының кейбір баптарына мораторий жариялай отырып, оны кең ауқымда талқылау қажет деуінің мәні осында деп білемін. Маңғыстау облысында жер көп. Бірақ, оның көпшілігі пайдаланылып жатқан жоқ. Бұрынғы  кеңшарларға тиісті жерлер олар тарап кеткеннен кейін өз алдына қалып қойды, бос жатыр. Олардың бәрі суармалы жер емес, көпшілігі жайылымдар. Ол жерлерде бұрынғы мал суаратын су көзі жоқ. Сондықтан да, халық пайдалана алмай отыр. Соны көргенде кейде осы жерлердің иесі болса ғой деп жанымыз ашитын кездер де болады. Соңғы кезде тамшылатып суару арқылы пайдаланып жүрген азғантай жерлер бар. Маңғыстауда тұщы су тапшылығы бар. Осыған дейін  тұщы су емес, ащылығы да бар сулармен де жер суарылып, ол жерлерді 1-2 жыл пайдаланғаннан кейін тастап кетіп, жердің тозған жағдайларын  мен көріп жүрмін. Себебі, оларда дренаж жоқ, бас­қа да жағдайлар жасалмаған. Жер сорланып, ақ топырақ болып, өз-өзінен тозып барады. Мұндай жағдайда да жерге қамқорлық керек. Сондықтан, біз жерді сату, не сатпау жайын қарастырған­да,  ал­ды­­мен  қайткенде жері­міз тозбайды, оны қалай тиімді пайдалануға болады деген сауалдарға жауап іздегеніміз жөн. Мы­салы, Маңғыстаудың жылдық жауын мөл­шері биылды есептемегенде 150-200 мм-ден аспайды. Бұл жерде құнарлы шөп бірде шықса, бірде шықпайды. Оны пай­да­ланудың өзі де қиын. Міне, осындай жағ­дай­ларды ескере отырып, жеке суармалы жер­лерді пайдаланып отырған кісілерге жекеге беруге болады деп есептеймін. Ал бас­қа жайылымдарды аукционмен ала да қой­майды, себебі, ол біздің жағдайымызға келмейді. Екінші мәселе, жер сатыла қалған  жағ­дайда, жер астындағы байлық туралы мәселе ойластырылуы керек. Ертеңгі күні сатылған жердің астынан қазба бай­лық шығатын болса, қожайындыққа таласу жарамайды. Жер астының байлығы мем­ле­кеттікі болып қалуы керек. Оңаш ЕПЕНОВ, Баянды ауылының тұрғыны, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Маңғыстау облысы