Біз бұған дейін кеңестік кезеңде шаруашылық басқарған азаматтарды «қызыл директорлар» деп күстәналап, оларға біраз айыптар мен кінәраттар таққанбыз. Кеңестік жоспарлау жүйесінен өзгеге өрелері жете қоймайтын, ойлау жүйелері тартылып, шектеліп қалғандар деп қабағымызды қарс жауып алғанбыз. Шындығында да солай ма еді? Мүмкін солай да шығар. Әйтсе де, бүгінгі күн биігінен көз тастағанда олардың арасында қаржы-экономикалық ойлау қабілеттері жетік, кеңестік жүйедегі шаруашылық басқару әдістерінің қалыбына сыя бермейтін басшылар да аз болмағанын көреміз. Солардың бірі Орал өңіріндегі «Тереңкөл» және КОКП XXIV съезі атындағы артта қалған кеңшарларды аз уақыттың ішінде рентабельділігі жоғары, яғни жылды таза пайдамен аяқтайтын шаруашылықтар қатарына қоса білген Мәлік Адаханов еді.
Мұндай табыстарға қалай қол жетті? Ең алдымен оның бастамасы бойынша еңбекті ынталандыру шаралары қолға алынды. Бұл үшін совхоз дирекциясы мен жұмысшылар арасында жалгерлік шарттар мен келісімдер бекітілді. Сөйтіп, жалгерлік әдіс пен жұмыс істеу тәсіліне шаруашылықтағы барлық малшы-шопандар, механизаторлар мен жүргізушілер, машина-трактор шеберханасы көшірілді. Мұндай тәсіл өндірілген өнімнің өзіндік құны төмендеуіне септігін тигізді. Өнім дегенде сол кездегі совхоздар мен колхоздарда өндірілетін басты өнім түрлері төл мен жүн, ет пен сүт және астық пен мал азығы еді.
Осы жағдайда Мәлік Адаханов мәселені басқаша шешті. Мысалы, қой шаруашылығында бекітілген жалгерлік шарттар бойынша шопандардан әр 100 аналық қойдан 90 қозы алу, орташа есеппен әр қойдан төрт килограмнан жүн қырқу талабы қойылды. Осы өнімдер социалистік меншікке табысталғаннан кейін, оның сыртында артылып қалған қозы мен жүн шопандарға тиесілі еді. Совхоз өндірісінің өзге салалары бойынша да осындай жалгерлік шарттар жасалды. Бұл еңбек өнімділігінің әлдеқайда өсе түсуіне алғышарт қалады. Мәлік Адаханов басқарған совхоздардағы осы өміршең тәсіл көп кешікпей ауыл шаруашылығымен айналысатын облыстың барлық аудандарына үлгі-өнеге және озық тәжірибе ретінде таратылды.
Сонау 80-жылдардың орта шенінде сол дәуірдегі жоспарлау жүйесінің оралымсыздығынан тақыр жерде бой көтерген «Тереңкөл» совхозының орталығы Нұрсай ауылының тұрғындары су тапшылығына тап болды.Осы мәселені Мәлік Тілепұлы Тереңкөл көліне Сарыөзеннің суын канал арқылы жеткізу жолдарымен шешті. Кейін ол Казталов ауданында басшылық қызмет атқарған кезде аудан орталығына газ құбырларын тарту, Лекер көлі жерасты ауызсу көздерін орталық тұрғындарының пайдалана бастауы жөніндегі бастапқы жұмыстарды абыроймен атқарды. Әрі Қарасу сайы Сарыөзеннен канал тарту арқылы таза сумен қамтылуына сүбелі үлесін қосты.
Сонымен бірге, М.Адаханов 1988-1991 жылдар аралығында Фурманов аудандық агроөнеркәсіптік бірлестіктің бастығы қызметіне тағайындалған тұста сол кездегі ауданның басшысы Қайрат Шалабаевпен бірге ел-жұртқа шаруашылық есептің тиімділігін дәлелдей білді. Оның бүгесі мен шігесін тұрғындарға тарқатып берді. Әрі оны тек теориялық тұрғыдан ғана емес, нақты іс-тәжірибе арқылы жүзеге асырды. Оған қоса, бірыңғай ойлау жүйесіндегі жетекшілер нарықтық қарым-қатынастардың алғашқы қарлығаштарын енгізу үшін де батыл қадамдар жасай білді. Сол жылдардағы тағы бір жаңашылдық республикадағы ауыл тұрғындарына несиелік қаражаттар есебінен үй тұрғызу тәртібі белгіленген болатын. Тіпті, бұл үшін арнайы республикалық қор да құрылған-ды.
Былайша алғанда, бұл жеке баспана тұрғызудың таптырмайтын тамаша мүмкіндігі болатын. Соған қарамастан, бұл қадамға облыс аумағындағы тұрғындардың басым көпшілігі баспай қойғанын қайтерсіз? Дегенмен, Қайрат Шалабаев пен Мәлік Адахановтың дәлелді тұжырымдары далада қалған жоқ. Оның нәтижесі – сол жылдарда Фурманов ауданында 750 үй салынғаны. Тіпті, облыстағы басқа аудандарға тиесілі ақша-несие қаражаттары игерілмегендіктен Фурманов ауданы есебіне ағылғаны. Бұлай болатын себебі, өзге өңірлерде түсінік жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмегендіктен, ешкім сол кезде өте көп ақшадай көрінген несиелік қаражатты алып үй тұрғызуға тәуекел жасай алмаған. Сәл кейін тәлтіректей бастаған Кеңестер одағы аумағында жойқын инфляция басталған кезде Фурмановта салынған әр үйдің бағасы бір бұзаудың, әрі кеткенде бір баспақтың құнындай болып қалғаны да бөлек бір әңгіменің еншісі. Сөйтіп, жоғарыда аты-жөні көрсетілген басшылар ел-жұртқа шапағатын осылайша тигізді.
80-жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басы елді белгісіздік жайлаған кез еді. КСРО Конституциясындағы компартияның авангардтық рөлі жөніндегі атышулы алтыншы бап алынып тасталып, соның салдарынан берекетсіздік белең алды. Енді кімге сенеміз деген үлкен сұрақ белгісі тұрған шақ еді ол. Бұл кезде бүгінгі кейіпкеріміз жоғарыда аталған Фурманов ауданында жауапты басшылық қызметте жүрген-ді. Шалғай ауылдардағы ел-жұрт тереңнен дем алып, ауыр тыныстап жатты. Осындай алмағайып кезеңде мұнда тағы бір кереғар оқиға орын алды. Мәселенің мәнісі төмендегіше еді.
Аудан аумағында Еділбай соры деп аталатын емдік балшық орны бар болатын. Бұл сор балшығы балығы тайдай тулаған Сокрыл көлінен он сегіз шақырым қашықтықта орналасқан. Еділбай соры балшығының құрамын балшықпен емдейтін КСРО аумағындағы ең шипалы өңірлердің бірі – Кисловодск курортына апарып сынама алған кезде, оның емдік қасиеті өте жоғары екені белгілі болады. Содан соң аудан басшылары Қайрат Шалабаев пен Мәлік Адахановқа тағы бір ой түседі. Бұл Еділбай сорының емдік балшығын тұрба арқылы Сокрыл көліне жеткізіп, осы аумақта емдеу-сауықтыру шипажайын ашу жөніндегі жоба еді. Басы артық қаражат көздері болмағандықтан, олар бұл мақсаттарын сол кезде тәжірибеге енгізілмеген біріккен кәсіпорын құру арқылы шешуді ойластырыпты.
Бұдан түсетін табыс пен пайданың ара салмағы 67 не 33 деп белгіленген екен. Яғни, оның 67 пайызы аудан тұрғындарының иелігіне берілсе, 33 пайызын ресейлік тарап инфрақұрылым жасақтап, ғимараттар тұрғызу есебінен меншіктенеді деп ұйғарылған көрінеді. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл елге инвестор тартудың алғашқы қарлығаш қадамы еді. Олардың айтуынша, бұл жобаны ойластырған кезде жерді сату немесе оны жалға беру жөнінде ешқандай ой болмапты. Әйтсе де, сол кезде ауданның қарапайым тұрғындары мұндай жаңа бастаманы қабылдауға, оны өздерінің ой-санасынан өткізуге әзір болмай шықты. Соның салдарынан түсінбестіктер туындады. Сол кезде емдеу-сауықтыру орны тұрғызылып қалған кезде, бұл кешеннің құны қазіргі салынатын жағдайдан жүздеген тіпті, мыңдаған есе арзанға түсер еді. Әрі Еділбай сорының балшығы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға әсері мен септігін тигізетін еді. Осы сор әлі күнге дейін жабайы күйінде тұр, дейді сол кезде ауданды басқарған азамат, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Қайрат Шалабаев.
Алға озып ойлай білгеннен ешкім де кем болмайды. Озық ой – ортақ игілік. Жаңашылдық пен жасампаз жобаларға жаны үйір, жасының ұлғайып келе жатқанына қарамастан, оны жүзеге асыруға бейімделіп тұратын Мәлік Тілепұлындай тарлан азаматтар арамызда көп болған сайын ел игілігіне қажетті материалдық және рухани құндылықтардың да көтеріле түсетініне күмән туғызу қиын-ақ.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген
Рафхат Халелов