Шайзада Абылқасымұлының атында көше бар
Біздің туып-өскен жеріміз – бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданының (қазіргі Үржар ауданы) Жарбұлақ (қазіргі Қабанбай) ауылы. Қытай мемлекетімен көршілес жатқан бұл өңірдің бір жағы әлемде тереңдігі бойынша Байқал көлінен кейін екінші орын алатын Алакөлмен шектессе, бір жағы суы емге шипалы Барлық Арасан таулы мекенімен ұштасқан. Осы қасиетті ауыл тұрғындарының басым көпшілігі Қаракерей Қабанбай атамыздың ұрпақтары.
Солардың бірі 1924 жылы наурызда дүниеге келіп, 2005 жылы өмірден озған, Жарбұлақ ауылының негізін қалаушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, әкеміз – Шайзада Абылқасымұлы. Арғы аталарымызға келетін болсақ, Қожақұл батырдан Ерасыл (Қабанбай), Ерасылдан Әлі, Әліден Шаған, Шағаннан Жолан, Жоланнан Екежан, Екежаннан Абылқасым ұрпақтары тараған. Абылқасым шаруақор, пысық, сөзге ділмар адам болыпты. Әжеміз Несіпхан екеуі бес ұл сүйгенмен, оның үшеуі шетінеп кетеді. Әкеміздің айтуына қарағанда, ертеректе Жарбұлақ өңірінде Қарағаш деген жерде төрт қана үй болса, сол төрт шаңырақтың бірі Абылқасым отбасы еді.
Шайзада Абылқасымұлы 1942 жылы небәрі он сегіз жасында майданға аттанады. 1942 жылы желтоқсан айында Владивостоктағы 209-атқыштар бөлімінде жауынгерлік борышын өтейді. Екінші дүниежүзілік соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, жеңісті Қиыр Шығыста жүргенде қарсы алады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1947 жылғы 4 ақпандағы Жарлығының негізінде 1947 жылы 20 наурызда әскер қатарынан босатылады.
1947 жылы майданнан оралғанда жалғыз інісі Құбаш ағасын Еміл өзенінің бойынан қарсы алады. Әкеміз оған әскери киімдерін кигізіп, ағайынды екі жігіттің әңгімесі таусылмай, үйге екі күннен кейін арбамен жетіпті. Соғыстан аман оралған әкемізді шағын ауыл тік тұрып қарсы алады. Анасы Несіпхан (әкем анасын «Шөкей» деп атайтын) өз көзіне өзі сенбей, «бұл менің Шайзадам емес» деп оны қайта-қайта құшағына қысып, көз жасын тоқтата алмай жылай беріпті.
Соғыстан оралғаннан кейін әкеміз аудандық «Қызыл отаудың» бастығы болып тағайындалады. Орысшаға жүйрік, әрі шаруаға пысық жас жігітті партия кеңсе хатшылығына, соңынан ауылдық кеңеске төраға етіп тағайындайды. Көрші Қарабұлақ жерінен анамыз Сараға жолығып, шаңырақ көтереді. Әкеміз Отан соғысының ардагері болса, анамыз Сара он үш жасынан тылда еңбек еткен ардагер. Соғыстан кейінгі жылдары аудандық «Қызыл отауға» қарасты кітапханада жұмыс істеген. Ал, әкеміз сол кездегі ағартушылық шараларына белсене атсалысып, ашаршылық жылдары амалсыздан Қытай асқан ағайындардың елге оралуына көп көмегін тигізген кісі. Қазақстанның мәдениет қайраткері Сейілғазы Әбдікәрімов «Болмысы бөлек Болатжан» атты естелігінде біздің әкеміз жайында былай деп жазады: «1962 жылғы 27 сәуір еді. Қайыңды өзенін бойлай жағалап, «Тасты» заставасына келгенде шаңқай түс болды. Көк қалпақты шекарашылар бізді тізімдеп қарсы алды.
– Қыдырмолда Әбдікерімұлының жанұясы қайда екен? – деп майор шеніндегі офицер мен шашын қысқа етіп қиған адам әкеммен сөйлескен соң құшақтасып көрісті. Әкем көзіне жас алды, «Ұдайы хат жазып тұрған жиенім осы Шайзада. Туған әпкем Шөкейдің баласы» деп бізге таныстырды. Әкемнің сонда қуанғанын көрсеңіз.
Соның арасынша болған жоқ, бір жүк машинасы келе қалды.
– Мына машинаға отырыңыздар. Жарбұлаққа, әпкеңізге алып барамын, – деп Шайзада жымиып тұр. Барлық туыстарымыздың бірін қалдырмай сол Жарбұлақ ауылына келдік. Мәре-сәреміз. Ағыл-тегіл той болды да кетті».
Ал әкемнің жалғыз інісі Құбаш – аңшы, домбырашы, ақындығы бар, ауыз әдебиетіне өте зерек, шешен адам еді. Ағайша апамыз екеуі сегіз баланы тәрбиелеп өсірді.
Соғыс кезінде ағасы мен бауыры бір-бірімен хатты өлеңдетіп жазысқан екен. Содан бері аттай жетпіс бір жыл өтсе де мұқабасы сарғайған әкеміздің күнделігінен өз қолымен жазылған мына бір жыр шумақтарын сағынғаннан қайталап оқи бердік:
Қиыр Шығыс даласы,
Шекараның арасы.
Күзетте тұр тоңазып,
Біздей қазақ баласы.
...Аяқтағы сұр пима,
Жылуы жоқ оның да.
Табанымнан сыз өтіп,
Автоматым қолымда.
Түннің лебі бөлек-ті,
Суық өтіп тоңамыз.
Тау ешкідей секіріп,
Тастан-тасқа қонамыз.
Қарлы боран соғып тұр,
Қаратпайды қиындық.
Аруақты шақырып,
Бір Аллаға сыйындық.
...Әкеміз ақжарқын, сөзді тауып айтатын шешен адам болатын. Адамдармен тез тіл табысатын. Өзі сексеннен асқан шағында дүниеден озғанмен әке-шешесін, атам мен апамызды бір сәт те естен шығарған жоқ. Қазақтың мақал-мәтелдерін бізге байыбына жеткізіп түсіндіретін. Мәселен, «Өзі майлық, өзі сулық жігіт қайдан табылар, өзі жүйрік, өзі мес жүйрік қайдан табылар?», «Қар жауып, қарды басқан бір мұрат, қар кетіп қара жерді басқан бір мұрат», «Қаз орғанға емес, тойғанға семіреді» деген сөздерді әкемізден ғана еститінбіз. «Жұмысты сүйіңдер, жұмысты сүйетін болсаңдар ғана жұмыс сендерді сүйеді», «Мен қырық жыл қызмет атқардым, сол қызметімді адал атқардым» дейтін. Түнгі сағат онда жатып, таңғы алтыда тұратын. Өте көп қимылдайтын ширақ адам еді.
Көзкөргендер: «Біз сағаттың қанша болғанын Шайзада ағаның жұмысқа бара жатқан, түскі үзіліске шыққан, жұмыстан қайтып бара жатқан уақытына қарап біліп отыратынбыз» деп айтатын еді.
Бүгінгі күнде әкеміздің кіндігінен тараған ұрпақтан 27 немересі, 20 шөбересі бар.
Ол Жеңіс күнін ерекше салтанатпен күтетін еді. Төсекке таңылып жатқан әкемнің «Мен Жеңістің 60 жылдығын көре алмаймын-ау осы» деген өкінішіне: «Сіз әлі Жеңістің 70 жылдығын да міндетті түрде көретін боласыз, одан кейін де ұзақ өмір сүресіз» деп демеу айтқанымыз, тебіренісіміз естен ешқашан шықпас, сірә. Асыл әкеміз шынымен Ұлы Жеңістің 60 жылдығын тойлауға қатысты. Көршілес үш ауылдан соғысқа қатысқан жауынгерлерді есептегенде, солардың ішінде көзі тірі қалған жалғыз біздің әкеміз ғана екен. Соңғы солдат. Жеңіс күнінің құрметіне Алматыдан алып келген қалампыр гүлімізді көргенде әкеміз басын көтеріп, қатты қуанған сәті көз алдымда... Елбасының соғыс ардагерлеріне ұдайы қамқорлық көрсетіп, көңіл бөлуі оларды баладай қуантатын. Тылдағы атқарған ауыр бейнеті еленіп, ескеріліп, анамыз да Отан соғысына қатысқандармен теңестірілді. Жылына бір рет екеуі кезектесіп шипажайда тегін демалып тұрды. Біздің қара шаңырағымыз тұрған көшеге әкеміздің есімі берілді. Ауылдың атқамінер азаматтары, жергілікті тұрғындар ата-анамызға жақсы құрмет көрсетті. Біз туған ұямыздан қанат қағып әлдеқашан ұшып кетсек те соның бәрі жанымызға ыстық әсер ұялатады. Сол себептен бізге бейбітшілік пен ашық аспан сыйлаған барлық соғыс ардагерлерінің алдында басымызды иіп, тағзым етеміз. Ешқашан соғыс өрті тұтанбасын!
Айкерім ШАЙЗАДАҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы
ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, полиция подполковнигі