• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2016

Made in Жаңақорған

390 рет
көрсетілді

Кәсіптің көзін тапқан – өмірдің өзін табады. Бүгінде үлкен қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да кәсіпкерлікпен шұғылданып, пайда тауып, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Қазіргі адамдар алыпсатарлықтың заманы өткенін түсінді. Нақты кәсіппен, өндіріспен, шаруашылықпен айналысқанда ғана нәтиже болатынын, жұмыстың жеміс беретінін ұқты. Сөзіміз жалаң болмасын, мысалы, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қарапайым ғана қазақтың жігіттері аяқ киім цехын ашты. Цехтың өз өнімдерін шығара бастағанына бір айдың шамасы болды. Онда әзірге ер адамдарға арналған күздік және жаздық аяқ киімдер тігілуде. Ал цехты ашқан Оразай Қалымбетов есімді азамат. Оған тәжірибелі аяқ киім тігу шебері Маметрайым Дадаев көмектесіп жатыр. Аяқ киімдерді жергілікті жерлерде дайындау расында қолдайтын бастама. Қытай асып келген арзанқол аяқ киімдер айналдырған бірер айдың ішінде жарамсыз болып қалады. Сосын қайтадан жаңасын алуға тура келеді. Сондықтан, аталмыш тың бастама көпшіліктің қызығушылығын туғызғаны рас. Цех жұмысымен танысқан жұртттың бәрі өнімнің сапалы екенін айтады. Бастысы, таза былғарыдан дайындалады екен. Шымқай қарасы да, қоңыры мен сұр түстілері де тұтынушының қалауына қарай саудаға ұсынылады. Әзірге цех қондырғылары бұрын қолданыста болған тігін машиналарынан құралған секілді. Сондықтан да, аяқ киім тігудің басым шаруасын қолмен атқаруға тура келсе де, бұған мойып отырған етікшілер жоқ. Өйткені, өнімдері осы күннің өзінде халық сұранысына ие және алдағы күндерге деген сенімділік олардың ынтасын арттыра түскендей. Тәлім­гер әрі осындағы бас тігінші Маме­т­райым жастарды жігерлендіріп, бұл істің баянды болуына барын салуда. Мұнда күніне 10-ға жуық аяқ-киім тігіліп, жергілікті сауда орындарына жөнелтіліп отырады. – Түркістан мен Шымкент қалаларындағы сауда нүкте­леріне де өзіміз тіккен аяқ киім­дерді жіберіп жатырмыз. Тұтынушылардың жылы қа­былдауы бізге тың күш беріп, жаздық жеңіл аяқ киімдердің өкшесі барын және жайдақ та­бандысын да шығара бас­та- ­дық,– дейді жоба жетекшісі Оразай Қалымбетов. Елбасының өзі отандық өнімге мән беру керектігі туралы үнемі айтып келеді. Оразай Мемлекет басшысының сөзі жаңа жоба жасауға жетелегенін, соның арқасында осы қадамға батыл барғанын айтады. «Әкем 3-топ мүгедегі. Бір жағы, сол кісіге жұмыс болсын деп осы істі қолға алып едім, шығарған өнімдеріміз жұртшылықтың сұранысына ие болған соң жоба ауқымын ұлғайтуды ойластыра бастадық», – деген ол алдағы жоспарларынан да хабардар етті. Ал аяқ киімге қажетті шикізаттар Шымкент қаласынан, Ресейден келісім бойынша әкелінеді екен. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы