• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2016

Балқашта «Балақайдың» тұсауы кесілді

292 рет
көрсетілді

Көк теңіздің жағасындағы Балқаш қаласында ел Тәуелсіздігінің биылғы ширек ғасырлық тойына орай әрі «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 320 бүлдіршінге арналған жаңа «Балақай» балабақшасы ашылды. Көптің қажетін өтеп, қуа­ныш­қа бөлеген жаңа меке­менің ашылу салтанатында қала әкімі Александр Аглиулин болашағымыз балаларға қамқорлық пен жас отбасыларға қолдау көрсетіп отыру мемле­кеттік саясаттың басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының же­ке қадағалауымен, елімізде бала­лардың тәлім-тәр­биесіне оңтайлы жағдай жасау үрдісі  қанат жайып келеді. Бала­бақша дегеніміздің өзі – баланың мектепке дейінгі таным-түсінігін қалыптастыратын бастапқы әлеу­меттік құрылым. Ата-аналар қауымының атынан сөз алған алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Гүл­зира Биғазинова қуанышты лебі­зін жеткізіп, әлеуметтік-эконо­микалық өзге проблемаларға қара­мастан, жас ұрпаққа осындай қамқорлық жасап отырған жандарға, атқарушы және өкі­летті билік өкілдеріне ризашы­лығын білдірді. Ашылу салтанатына келген қонақтар жаңа балабақша ғи­маратына шағын саяхат жасады. Басқа дәстүрлі көріністерді айтпағанда, дәл осы кезде «Өзін-өзі тану» кабинетінде жоға­ры топтағы балалар үшін «Дос­тық дегеніміз не?» деген тақы­рыпта сабақ өт­кізіліп жатты. Ал патриоттық тәрбие залында бүлдіршіндерге, олардың өмірінде тұңғыш рет болса керек, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы әңгімеленуде. Одан бө­лек топтағы ең кішкентай 1,5-2 жастағы сәбилер де құр отырмай, алуан түрлі ойыншық шаршылардан «үй соғып жатыр»... Балабақшада арнайы «Кіш­кентай чемпион» үйірмесі жұ­мыс істейді екен. Оған жетек­ші­лік ететін жас маман Нұр­зат Кәрібай балдырғандарды си­қыр­лы спорт әлеміне тартып, қы­­зықты әңгімелер айтып, дене­шы­­нықтырумен тұрақты шұғыл­дануларын қадағалайды. Жаңа мекеме толық заман талабына лайық техникалармен қамтамасыз етілген. Ойын залдары, компьютер сыныбы, киім ауыс­тыратын, ұйықтайтын бөлмелер, медициналық, әдістемелік кабинеттер, асхана, Монтессори кабинеті, бейнелеу студиясы, бә­рі-бәрі де әдемі жабдықталып, көзді де, көңілді де қуантып тұр. Ал жазғы уақытта балақайлар бір мезгіл ашық аспан астында, ғимарат ауласындағы спорт ала­ңында аунап-қунай алады. Қысқасы, жаңа балабақшада балаға керектің бәрі бар. Тұсаукесер  салтанатына  жиыл­ған халайық бүлдіршіндердің шағын концертін тамашаласып, тағы бір қуанды. Апыл-тапыл ба­сқан балдырғандар шырқаған әй­гілі «Әрқашан күн сөнбесін» әні әудем жерге естіліп жатты. Иә, «Әрқашан күн сөнбесін, Аспаннан бұлт төнбесін!»... Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Балқаш қаласы