Әскери қызметкердің бойындағы жақсы бір қасиет – әрдайым сергек жүру. Кез келген сәтте түскен тапсырманы қалтқысыз орындауда сол құнды қасиет жеке тұлғаны ерекшелендіретіні анық. Жүрек қалауымен таңдап алған әскери қызметке деген адалдығым деп санайтын Ішкі істер министрлігі құрамындағы 5571 әскери бөлімінің взвод командирі Рұстам Сердалинов – төл міндетін адал атқарып, ел алғысын арқалап, марапатқа да ие болған жан.
...Сол күні қалыптасқан әдетімен ертелете қызметіне келген әскери қызметкерлерді шұғыл жинаған басшылық Алматы облысының Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылында із-түзсіз жоғалып кеткен Айзада Авлатаровна деген 20 жасар қызды жедел іздестіруге тапсырма берген еді. Әріптестерімен бірге іздестіру жұмыстарына кіріскен Р.Сердалинов қағылездік таныта білді. Негізі, 7 күн бұрын ертелете оқу орнына баруға шыққан қыз үлкен жолдың бойында таксиге мінеді. Содан ізім-қайым жоқ болады ғой. Апта бойы жергілікті полицейлер іздестіру жұмысын жүргізгенімен, еш нәтиже шығара алмайды.
Содан біздің кейіпкеріміз өзі бастаған топпен ауыл ішін аралап жүргенде теміржолдың бойында еш сезіксіз кетіп бара жатқан 40-45 жас аралығындағы ер адамға ілескен 20 жас шамасындағы қызды байқап қалады. Бірден ізіне түсіп тоқтатуға әрекет еткенде, олар қашпақ болады. Сол сәтте Р.Сердалинов ескерту белгісін тыңдамаса күш қолдану әрекеті жасалатынын және кинолог жетегіндегі итті жіберетінін айтады. Сонымен, такси жүргізушісі Игорь Токарев қылмысы үстінде тұтқындалады.
Әрине, апта бойы бойжеткен қызды қорқытып, әлде алдап ұстаған заңсыз әрекетін тиісті орындар тексеріп тергеуге алғаны мәлім. Ең бастысы, бойжеткен аман-есен. Осы қағылездігі үшін Рұстам Сердалиновке кезектен тыс аға лейтенант әскери шені беріліп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің №06 бұйрығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.
«Төл міндетімді мінсіз атқардым. Оны елімнің алдындағы әскери борышым деп санаймын», деп қарапайымдылығын танытқан әскери қызметкерге ел разы.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Іле ауданы