Қазіргі заманғы Олимпиада қозғалысының негізін салушы Пьер де Кубертен: «Өнер Олимпиада ойындарына қатысуға тиіс. Музыкасыз, өлеңсіз, кереметтей кескін-суреттермен безендірілмеген стадионсыз қандай мереке болмақ? Музалар Ойындарға ресми бекітілуі керек», – деген екен. Ал поляк ойшылы Кристоф Зухора спорт пен өнер арасына нәзік байланыс жүргізудің мәнісін былайша түйіндепті: «Спорт өнердің мәдени-жасампаз әлеуетін тануы тиіс, ол спортты жалғыздыққа душар ететін топтан алып шығады. Сан мыңдаған көрерменмен тығыз байланыс жасау үшін өнерге спорт тілімен сөйлей білуді үйренуіне тура келеді».
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Мәдени бағдарлама» шеңберінде ұйымдастырылған Бейнелеу өнері көрмесінің діттегені де осы. Яғни, құрлықтық жарысқа қатысушы спортшылар мен қонақтарға рухани күш сыйлап, ежелгі заманнан нәр алатын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру.
VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған бейнелеу өнері көрмесіне отанымыздың белгілі суретшілері – қылқалам иелерінің 500-ге тарта қайталанбас экспозициялық туындылары қойылыпты.
Көрме 4 бөлікпен айшықталған. Алғашқысы «ғасырлар қойнауынан» сыр шерте отырып, қазіргі қазақ мәдениеті мен оның тарихының тұма бұлағын айқындай түседі, сол арқылы ежелгі өмір тынысымен қоса тыныстайды. Мұнда қола дәуірінен, сақ заманынан басталып, Орхон құлпытастары – көне түркі жазуларына дейінгі кезең керуені көз алдыңа келеді. Мұндағы әрбір жәдігер – белгілі реставратор, ежелгі тарих пен мәдениет зерттеушісі, археолог әрі зергер Қырым Алтынбековтың еңбегі мен талмай ізденісінің жемісі.
Көрменің «Дәуірлер ізімен» деп аталатын бөлігінен графика және сәндік-қолданбалы өнер суретшілерінің шығармашылығымен жете танысуға болады. 60-шы жылдардағы өзгеше эстетика мен мінсіз стильді шебер шендестіре білген С. Айтбаев, Е.Сидоркин, И. Исабаевтың сондай-ақ, «...көру, тану» ұстанымын өмірлік кредосына айналдырған М.Қисаметдиновтің еңбектерінің сырына үңілесіз. Сол бір алдыңғы буын ағаларының ізін жалғастырған Е.Оспанұлының еңбектерінен замана құбылысына құлақ түресіз. Бұйымдарды сәндеудің сан алуан тәсілін көрсете отырып, зергерлік өнердің көркемдік және техникалық тәсілдерін жетілдіріп жүрген С. Бәшіров, Н. Жиреншеев сынды белгілі қолөнер шеберлерінің туындылары да бұл бөлімнің өзегі.
«Замандас суретшілеріміздің картиналарынан «Біз осы кімбіз?», «Біз қайдан келдік?», «Қайда бара жатырмыз?» деген сұрақтарды жиі естисің. Бәлкім, бұл философиялық сауалға көрменің «Замандастар жолдауы» бөлімі жауап беріп қалар», – дейді өнертанушы Әсел Өміршина бізбен әңгімесінде. Бір байқағанымыз, бұл бөлім А. Сыдыханов, А. Есдәулет, С. Сүлейменова, М. Бекеев, А. Нода, К. Хайруллин сынды суретшілердің шығармашығымен, сонымен қатар, Е. Төлепбай, Ж. Қайрамбаев, Б. Бәпішев сияқты қылқалам иелерінің образдық-реалистік композицияларымен таныстырады.
Азиада – 2011-ге арналған көрменің «Жұлдызды көшпенділер» деп аталатын актуальді өнер бөлімі – жалпы экспозицияның тиянақтаушы бөлімі. Оған еліміздің және шетелдің өнерді бағалай білетін қауымына танымал авторлардың туындылары қойылыпты. Өнертанушы мамандардың айтуынша, 10 ақпанға дейін жалғасатын көрме экспозициясы Азия ойындарының жалауын көтерген Қазақстанның ерекшелігін ғана емес, халықтық өнердің сан ғасырлық тылсым сырын, өзіне тән стилі мен қалыбын және даму бағытын жан-жақты айқындай түспек.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.