• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2016

«...Таусылмайтын тау бұлағы»

487 рет
көрсетілді

* Серке Қожамқұлов – 120 Сахна саңлағы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Серке (Серәлі) Қожамқұловтың туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Қостанай өңірі, Үй өзені жағасында дүниеге келген Серағаңның өмірі мен өнері өзінше бір өшпес бөлек дүние. Әміре, Иса, Құрманбек, Қапан, Елубай...сынды қазақ ұлттық сахна өнерінің негізін қалаушылар қатарында есімі ерекше құрметпен аталатын тұлғаның театр тарихындағы өнегелі ізі мен азаматтық кескін-келбеті жайында төменде біз белгілі қаламгерлер мен мәдениет қайраткерлерінің естеліктерін, сонымен қатар, өзінің орамды ой-толғамдарын жариялап отырмыз. Өзгелердің лебізі Мұхтар ӘУЕЗОВ: «Қарашешеннің мінезін көрушіге өте айқын, сұлу бояумен ұғымды қылып, түрлендіріп көрсеткен бірінші қатардағы еңбек Серкенікі сияқты. Бұл әншейіндегі қозғалысы жоқ, отырысы көп, салмағы ауыр, сылбыр, еріншек, кең қолтық балпаң қазақты сахнада жан бітіріп, тірілтіп, жылпың қылып жібере алады». * * * Ғаббас ТОҒЖАНОВ, Ілияс ЖАНСҮГІРОВ: «Серке арамза, атқамінер, бір ұрты май, бір ұрты қан, қу құйрық ханның, бидің тоқпағы, жуанның тарпаңы – осы сықылды кейіпкерлердің рөлдерін ойнаса, жақсы шығады». * * * Ғабит МҮСІРЕПОВ: «Мен қазақтың сөзін, қазақтың қара сөзінің інжу-маржандарын Серкеден үйрендім». * * * «...Қазақ театры тәңірлерінің бірі, өнер өнеге­сімен ел-жұртқа ұстаз, періштедей таза, Сүлей­мендей әділ адам». * * * «Серағаң сахнаға шыға бергенде-ақ көрермен жұртшылық ду көтеріле алақан соға бастайды. Қуана соғады. Адамды қуанта алсаң, сүйіндіре алсаң, нағыз әртіс пен нағыз жазушының нағыз сезінер кезі осы. Серағаңның соңғы елу жыл өмірі осыған қолы жеткен үзігі жоқ бақытты кезеңі». * * * «...Серағаң сахнаға жаңа шықты, әлі ойынға кіріскен де жоқ, жұрт неге дуылдап кетті? Себеп біреу-ақ: Серағаңды тағы бір көрудің өзі қуаныш. Ол театрға келгелі көрерменді бір өкпелетпеген асқар дарын. Көрермен жұрт бүгін Серағаңның кімді ойнайтынын біліп келді. Ол талай көрген ойыны. Қалай күлдірерін, қалай қуантарын талай көрген. Бірақ Серағаң жалықтырмайды, тойдырмайды. Көрген сайын қызықтыра береді. Көрген сайын қосары көп, ойландырары көп. Серағаң сарқылмайтын, тереңнен келе жатқан тау бұлағы, кристалдай таза бұлақ». * * *  Қапан БАДЫРОВ: «Серағаң сахнада зор шеберлік үлгісін көрсеткен майталман актер, белсенді қоғам қайраткері, жастардың өнегелі ұстазы ғана емес, отбасында опалы, сүйікті жар, ақылшы, тәрбиеші, қамқор, үлгілі әке бола білген кісі». * * * «Серағаң мен Хадиша жеңгей алпыс жылға жуық уақыт бойы тату-тәтті жұбайластық ғұмыр кешті. Біз, Серағаңның әріптестері мен сыйлас іні-қарындастары, олардың бір-біріне деген ғажап ықыласы мен сүйіспеншілігінің, жұбайластық сый­ластығының сандаған рет куәсі болдық. Серағаң әке­лік парызын да әдемі ақтап, балаларының бәрі де жо­ғары білімді азамат болып өсуіне жағдай жасады». * * * Хадиша БӨКЕЕВА: «Серағаңмен көптеген спектакльдерде серіктес-партнер болып ойнадым. Олардың бастылары деп М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды», Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат» және басқаларын атар едім. Қасыңда, қарсы алдыңда таланты тас жарып, дарыны дауыл тұрғызғандай хас шебер тұрғанда, арқаң қозып онымен өнер жарысына түспеске, өзіңді аямай қам­шылап сілкілемесіңе шараң қалмаса керек-ті. Өйтпеген күнде, Серағаңдар сені кешіре алмайды, ит сілікпеңді шығарады. Сондықтан да, ащы терің шыққанша ұмтылып бағасың. Шынында да, Серағаңдар, Қаллекилер, Елағаңдар болмаса, біздер, олардан он-он бес жыл кейін сахнаға келген жастар, біздің академиялық драма театрымыз бүгінгідей шырқау биікке көтеріле алар ма еді?!». * * * «Ұлттық классикамызға айналған «Еңлік-Кебек», «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Абай», «Майдан», «Алдар көсе», «Қара қып­шақ Қобыланды», «Қарагөз», «Түнгі сарын», «Дос­тық пен махаббат», «Кеше мен бүгін» және бас­қа спектакльдерде ұлттық кейіпкер мен халық­тық харак­терлерді қалай сомдау керектігін біржола дәлел­деп, үлгі-өнеге, жол-жоба салып берді. Бұдан артық қандай ұстаздық, нендей мектеп керек десеңізші!». * * * Тахауи АХТАНОВ: «Серәлі Қожамқұлов жайындағы сөзді қазақ халқының жаңа тарихына көз жүгіртуден бастағым келеді. Өйткені, қазіргі ең үлкен сахна шебері, елі­міз­дің өнер ағасы Қожамқұлов тарихымыздың куәгері ғана емес, қайта түлеген көркем өнеріміздің көшбастаушыларының бірі, шоқтығы биік ірі тұлғасы». * * * «...Сахна өнері С.Қожамқұловтың есімімен егіз. Әрине, көп жасаған, көпті көрген көненің көзі, куәгері ғана емес, арбаның бел ағашындай сахна өнеріміздің бар салмағын көтерген, оны өрге сүйреген бейнетқоры, тек ерінбес еңбегімен ғана емес, жарқын талантымен, оқшау өнерімен қазақ сахнасының шоқтығын көтерген озық шебері!». * * * Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ: «Серағаңның тамаша талант ретіндегі дара тұрпаты қандай? Серағаңның кім-кімді де табынтатын, бірақ ешкімге ұқсамайтын, атымен дара актерлік өнерінің құдірет күшін, оның сахнаға ұлттық театрымыздың корифейлері саналатын небір жүзден жүйрік үздік актерлермен бірге шыққанын, оның елу жылдық творчестволық қызметінің тұсында әр алуан сипатты таланттар туғанын, осындай шұғылалы таланттар тобының арасында ол қашанда еңселі де шұғылалы шуақты да көрініп келе жатқанын айтсақ та жете түсінуге болады». * * * «Біздің қазақта қазірдің өзінде: «Сахнаға Серке шыққанда күлмеген кісінің беті қисайып кетеді», деген мақал бар». * * * «...Қарабай сахнада күліп тұрмақ түгілі бір үйір жылқысынан соң, бар әлемді топан суға алдырып, қасіреттен қабырғасы сөгіліп зорға жүр. Серке – Қарабай көпті күлдіруге жүрген сайқымазақ емес. Алайда, сахнада өліп-өшіп қан жұтып, қасірет шегіп жүрген адамға сіз залда отырып күлесіз. Жетісіп күлмейсіз, күйініп күлесіз». * * * «Серағаң комизмінің ең басты құдіреті – дәуір­мен, уақытпен пікірлестігінде. Оның күлкісінің әрдайым уақыт күлкісімен бір жерден шығып отыратындығында. Шын комик үшін күлдіріп, көңіл көтеру мұрат емес, күлдіре отырып күйінту мұрат». * * * Бикен РИМОВА: «Бірде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінің бірін­ші көрінісі жүріп жатқан еді, Баян жауға аттанып кетерде, шымылдық жабыла бере оқыс күлген бір дауыс естілді. Жасырақ кезіміз ғой, елең қылмай өте бергенімізде арғы жақтан Серағаң шыға келіп, қолын­­дағы құрығымен бәрімізді үйіре жасқап: «Тра­ге­дия­ны ойнап жүріп те беталды күле ме екен?», – деп ақырғанда, кірерге жер таппай ұялғанымыз әлі есім­де. Басқаны қайдам, бұл оқиға мен үшін үлкен тағы­лым, өнеге болып, өмір бойы ойымда қалып қойды». * * * Бағыбек ҚҰНДАҚБАЕВ: «Өмірден ертерек кеткен Жағда Өгізбаевтың жасаған бейнелерін, актерлік ерекшелігін әңгі­ме­легенде ол кәдімгідей шабыттанып, кейде екеуі кезектесіп ойнаған рөлдердің өзінен басқашалау, қызықтау шыққанын ырзалықпен сүйсіне айтатын. Соның бірі – Шахмет Құсайыновтың «Марабай» атты пьесасы бойынша қойылған спектакльдегі: «Сабатай рөлін Жағда келістіріп ойнады, маған қарағанда оның жасаған бейнесі әлдеқайда қызық, ұтымды шықты», – деп актер өнерінің сырт көзге шалына бермейтін сипаттарын жайып салушы еді». * * * «...Әсіресе, өзімен көп рөлдерді кезектесіп ойнаған Рахметолла Сәлменовтің талантын, орындау ерекшелігін мол әңгімелеп, ол жасаған осы бейнелер театр тарихынан қалып қоймасын деп отыратын. Өз әріптестерінің өнерін әңгімелегенде қарт актер солар ойнаған рөлдерді атаумен шектелмей, айтқаным жетпей қалды ма дегендей, табанда әлгілердің кейбіреулерін ойнап беретін». * * * «Серағаңның сахнада өзі нұсқалаған қисапсыз рөлдерінің үстіне басқалардың да сөздерін жаттап алуы, әрі соларды ұмытпай үнемі жадында сақтап жүруі де таңғаларлық құбылыс». * * * «С.Қожамқұловтың актерлік өнері бір ампулаға немесе бір жанр ауқымына, болмаса ұнамды мен ұнамсыз кейіпкерлер жігіне таңып қоюға келмейтіні сол уақыттың өзінде-ақ дәлелденген болатын». * * * Махпуза БАЙЗАҚОВА: «Оның ең үлкен ұстазы – өмір және кітап. Бүгін ол қара ниетті Ошаған рөлінде, ертең қарапайым да адал жанды «Абай» трагедиясындағы Баймағамбет немесе момын Қоңқай, келесі күні сотқар, озбыр би  Еспембетті келістіре ойнайтын». * * *  Әшірбек СЫҒАЙ: «...Серағаң әбден ширығып алған. Әр сөзі тас кеседі. Жұп-жұмыр төртпақ денесі барынша түйіліп, қысыңқы көздері от шашып, ежелгі өзіне біткен табиғи төл әдетімен бір сөйлемді сан буынға қақ-қақ бөліп, көмейінен сыртқа жарыса лықсыған көл-көсір ой армандарын игере алмай тынымсыз сарнап сөйлеп отыр. Тап бір: «Назарымды бөлмей, тыңдай бер» – деген қалыпқа әбден бекіген». * * * «Тастүйін пішінінде ызғар бар, әншейіндегі жаймашуақ жүзінен салқындық сезілгендей. Төрт аяғынан дікілдей тең түсіп жатқан сөз тіркестері, отты ой оралымдары бүкіл тұла бойымды тастай матап, титтей де тырп еткізер емес. Баяғыда деймін-ау, күні кеше ғана «Еңлік-Кебектегі» адуын Еспембет бидің кескініне кірген сәттегі сойқан да содырлы тарпаң мінезді, кесікті қиқар да қырсық лебізді еріксіз есіме алғандаймын». * * * «Дала әні», «Амангелді», «Ақ гүл», «Абай әндері», «Алтын мүйіз», «Қанатты сыйлық», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе» сияқты көркем фильмдерді Серағаңсыз көзге елестету бұл күнде мүлдем мүмкін емес». Өзінің айтқандары Серке ҚОЖАМҚҰЛОВ: «Өнер дегеніміздің өзі көркем бейнелер арқылы, олар­дың тағдыры арқылы баяндалатын тарих секілді». * * * «Жақсы қасиетің болсын, нашар қылығың болсын суреттеліп, дәлелденуі керек. Сонда біз тақырыпты неғұрлым нақтыландырып, дерексіз арзан күлкі үшін жазылған шығармадан құтыламыз». * * * «Театр мен Жазушылар одағының өзара творчестволық қарым-қатысы күшеймейінше, біріне-бірі нақты көмек жасамайынша, біз репер­туар тапшылығынан құтыла алмаймыз». * * * «Сахналық шығарманың құнды я құнсыз болып шығуы ең алдымен, драмалық материалға, пьесаға байланысты. Әрине, жақсы спектакль жасау үшін, пьеса материалының режиссерлік шешімі де аса маңызды рөл атқарады. Дегенмен, сахнадағы негізгі тұлға – актер. Олай болса, спектакльдің жемісті болуы да көбінесе актер ойынына байланысты». * * * «Мен актер ойынының нәтижелі, табысты бо­луы­ның кілті – тынбай іздену және іздену дер едім». * * * «Біз әртістер, драматургтердің шығар­малар­ын­дағы геройларды кітап бетінен өмірге сүйреп шығарып, оның кескін-келбетін, тұлғасын, әңгіме етіліп отырған дәуірдегі ой-пікірін көрушілерге мейлінше жеткізуге әрдайым тырысамыз. Мен Ғабеңнің қолынан шыққан бейнелерді «тірілтуге» осы тұрғыдан еңбек еттім». * * * «Менің творчестволық өсуіме Бейімбет, Ілияс, Мұхтардың ықпалы зор болса, сондай ықпал жасаған, үлгі болған ағалардың бірі Сәкен болатын». * * * «Мен әрқашан өмірдегі шындықтан алшақтамай, рөлдерімді өзім білетін ауыл тірлігінің негізінде, таза халықтық тұрғыдан бейнелеуге тырысатынмын». * * * «Бүгінгі драматургтер театрды болымсыз бір­деңелермен алдарқатады, олар өмірдің, қоғамы­мыздың үлкен-үлкен проблемаларына батыл барып, толымды дүниелер бере алмай жүр». * * * «Өнер дегеніміз – сырсандық. Оның барлық сиқыры, қаншалықты әдемі болса да, сыртында емес, ішіндегі асыл қазынасында. Ендеше, сыр-сандықтың сыртын сипалама, ішін ашуға ұмтыл. Образ жасау жолында кейіпкердің жан дүниесіне үңілудің, әр сөзіне мән берудің рөлі үлкен. Сырсандықтың кілтін содан іздеу дұрыс па деймін». * * * «Менің отбасымда өнерге жақындардың көп болуы да көңіліме қуаныш сезімін ұялатады. Қыз­дарым Балым, Мәриям, Салиха – консерватория, музыкалық училище, музыкалық мектеп мұға­лім­дері. Мұхтар деген немерем скрипкада ойнайды». * * * «Талантты қастерлеу – өнерді, өнер тарихын қадірлеу. Халық талант қадірін ұмытпайды». * * * «Алдымен, кез келген туындыны ана тілімізде сөйлететін аудармашыдан халық тілін жетік білуін қалар едік. Мен бұл жөнінде бүгінгі аудармашыларға Мұхтар Әуезовтен оқып, үйреніңдер деп кеңес берер едім». * * * «...Анда қарасаң, сахнадан көрсетер барлық мінез-құлық, түр-түс, айла-әрекеттер айналаңда жүрген адамдардың бойында бар емес пе? Соны көре біліп, содан ала білу керек емес пе? Ол үшін көңіл зеректігі керек-ақ». * * * «...Образ жасаудағы тағы бір басты мақсат әр рөлдің өзіне тән үн табу. Рөлдің үнін тапсаң, әрі қарай өзінен-өзі келе береді. Тек сол үнді өршітіп, өсіріп, ширықтырып шыңдай білу керек. Сонда ғана рөл өзінің алған мақсатына қарай жылжи түседі, өте түседі». * * * «Мен өзімді дәріптеген кісіні онша жақсы көрмеймін. Мен сахнаның бір бұрышы, өмірдің бір бөлшегімін ғой. Менен гөрі, жаңа қаулап өсіп келе жатқан өнерлі жастарды өлеңге қосып, өрге сүйреген дұрыс». * * * «Туған жерім – менің тұңғыш театрым. Осында талай шығармаға кейіпкер боларлық неше түрлі адамдар болды... Ауылдастарымның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, драмалық нотасын үйрендім, сабақ алдым. Соларды айнытпай жасауға, дауыстарын дәл салуға тырыстым». * * * «Әрбір адам – бір өмір. Мен солардың қимы­лынан, сөздерінен, күлкілерінен көп күн іздеп таба алмай жүрген бір кілттерді, сахнада қажетке асатын штрих-детальдарды іздеп тапқандай боламын».   «Әртіс сахнаға шыққанға дейін ақ тер, көк тер болып жұмыс істеп, шаршап шалдығады. Ал сахнада соның рахатын көреді. Сондықтан да, шырағым, шаршап-шалдыққаныңа қарамай, жалықпай еңбек етсең, халықтың құрметіне бөленесің. Нағыз бақытыңды сонда табасың». * * * «Өнер халық үшін. Олай болса, сол өнердің иелері, мына біздер, халық қызметшісіміз». * * * «Жүрек дүрсілдеп соқпай сахнаға шыққан әртіс – әртіс емес». * * * «Бұл қарашаңырақ – исі қазақтың үлкен өнерінің ордасы. Шұқылап оқитының, зерттейтінің – адам, адамның жан дүниесі, табиғаты. Осының мәнін ұғынбайтындар, шалалар ұлы өнердің киесіне ұшырап, бойындағы өнерпаздық қасиетін шошытып алады. Сақ бол! Таза бол!». * * * «...Азды-көпті еңбек сіңірдік. Табыс та бар. Абыройсыз да емеспіз. Алайда, бар бітіргеніміз – қолдан келгенді жасадық. Қолдан келмегенді мен де жасай алған жоқпын. Оның үстіне мен әлі де үйреніп жүрген адаммын». * * * «Мен титтей де болса табысқа жетсем, әртістік өнерде өсіп, өрлесем, ол осы ұстаздарымның арқасы. Сондықтан да, өнерге құштар жастардың құлақтарында жүрсін деп үш нәрсені айрықша бөліп айтамын. Олар: Өмір! Тіл өнері! Еңбек!». * * * «Халқымыздың тіл өнері ұстаз дегенім – эпос, қисса, кітаптардың үйреткені көп дегенім. Мәселен, «Қобыланды батырдағы» Көбікті. Бұл батырлық жыр-қиссаларды оқымасаң, сол адамдардың сөз саптауын, болмыс-бітімін қалай бағдарлап-үйренесің?». * * * «Бәзбіреулерге мен Қоңқайды оп-оңай ойнайтын болып көрінетін шығармын. Ол бекер. Бұл – менің екі жыл бойы «алысып» барып бағындырған бейнем. Қазір де ол – әбден игерген рөлім болса да жаттанды, жеңіл ойнауды көтермейді». * * * «Нашар өтілген бір сабақ кластағы 20-30 баланы бір жолғы білім нәрінен құр қалдырса, әртістің нашар ойнаған бір рөлі одан 30 есе көп адамға теріс тәлім беруі мүмкін. Сол себепті де, бұл өнер – аса жауапты өнер...». * * * «Мен үшін айдан анық бір нәрсе бар, ол: халыққа қызмет – үлкен құрмет». * * * «Театр көрерменді ғана тәрбиелеп қоймайды, сонымен бірге, үлкен драматургия арқылы өзі де тәрбиеленеді». * * * «Қол жеткен табыстың таразысы қашанда уақыт. Ұлы көшпен үдере жортқаныңда есептейтін немесе сол көшке жетер-жетпес ілескеніңді, тіпті, қарасын көріп ілбігеніңді де танытар сол уақыт». * * * «Баяғыда Николай Гоголь «Өлі жандар» атты романының екінші томын өз қолымен өртеп жіберіпті. Ал біздің Н. секілді драматургтеріміздің жазған пьесаларын бензинге малып қойсаң да жанбайды. Неге? Себебі, Гогольдің шығармалары тұп-тұтас – май, ал біздің қайсыбір сабаздардың жазғандары – кілең су. Су жанушы ма еді». * * * «Меніңше әртістің жаспын, тәжірибесізбін деп, немесе қартпын, қайратым қайтқан адаммын деп, әйтпесе, осы жолы көңіл күйім болмай тұр, ауырып тұрмын деп, яки өткен жолы тәуір ойнадым ғой, осы жолы көз алдап шықсам да болар деп, нашар ойнауға хақысы жоқ. Себебі, оның творчестволық өнерінің нәрі – тағылымында, үлкендерге ой салып, жеткіншек ұрпақты жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелер ұлағатты ұстаздығында».