• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2016

Жерсіз күнің қараң

417 рет
көрсетілді

Село мен ауыл шаруашылығы егіз, олар бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Бейнелеп айтсақ, мемлекет – алып бәйтерек, село – оның тамыры. Тамырсыз бәйтерек қурайды, құлайды. Жан-Жак Руссо Ұлы философтың осы ұлағатты сөзін Жер-Анаға қатысты бейнелеп айтсақ, халық – алып бәйтерек, жер – халық­тың нәр алатын тамыры. Тамырсыз бәй­теректің қурайтыны да, құлап, сұлап құри­тыны да шығар күндей шындық. «Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларына 2017 жылға дейін тоқтату салды» – деген сүйінші хабарды естігенде «Бәрекелді! Бұл көреген көсемдіктің тағы бір көрінісі болды!» деп қатты қуандым. Жер кодексіне қатысты түсіндіру жұмыс­тары болмағандықтан халық ұрандатып шыға келді. Жер – қасиетті ұран ғана емес, киелі Құран. Қасиетті кітап сөзін толық ұғып алмай пікір айту – ағаттық. Осы тұста Елбасының 15 резонанстық цитаталарындағы: «Елімізге 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушілері бар. Шаруа және «Фермерлік шаруашы­лық­тар саны 177,5 мыңнан асады, жеке қосалқы шаруашылықтар – 1,5 мил­лионнан артық. Және олар күні бойы далада, фермада, жайлауда істейді, сен­дердің жаңалықтарыңды күтіп, теледидар алдында отырмайды», деген сөзі ондыққа дәл тиіп тұр. Президент сөзімен айтсақ, тағы бір үлкен қателік «Ақпараттық жұмыс – бұл брифингте журналистер алдына шығып, қағазға жазылғанды оқып беру ғана емес. Біздің министрлер, тіпті, брифингтерде журналистерден ат-тондарын ала қашады, қарапайым ғана сұрақтарға жауап бермейді. Түсіндіру жұмыстарын бас­шылық алдында есеп беру үшін ғана өткізілетін ән­шейін бір «кезекші» шараға айнал­дырып жіберген». Соның салдарынан түсі­ніс­пеушілік пайда болды. Сол қиын түйінді Президент тез тарқатып, Жер кодек­сіне түзетулерге мораторий жа­рия­лады. Халық дер ке­зін­де қабылданған бұл ше­шім­­ді қуана құптады. Ен­­дігі міндет, Елбасы қа­дап айт­қандай, «Халық­пен, бірін­ші кез­ек­те, жаңа заңды пайда­лана­тын­дар­­мен кез­десу керек... Біздің әрбір іс-әре­­кеті­міз қара­­па­­йым адамға түсінікті болуы тиіс, ол оның барлық арқаулық құн­ды­лық­тары­ның өзегіне дейін жетуі керек. Ал бұл Пат­­­­риоттық актіде көрініс тапқан жеті қара­­­­пайым түсінік: Отбасы, Тамақтану, Бас­­пана, Жұмыс, Денсаулық, Білім алу және Отан». Осы орайда Президенттің «Ақпарат және коммуникациялар министрлігін құру» туралы тапсырмасының дер кезінде қабылданған шешім екенін атап айту әділеттілік болмақ. «Үкімет жаны­нан бірінші вице-премьер Б.Сағын­таев­тың басшылығымен бүкіл мүдделі мем­ор­гандардың және қоғамдық ұйымдар өкіл­дерінің қатысуымен Комиссия құру – жыл соңына дейін Комиссия кең ауқымды тал­қылау жүргізіп, Жер кодексінің даулы мә­се­лелері бойынша көзқарастар қалып­тас­т­ыруы және Парламентке нақты ұсы­ныстар енгізуі тиіс. «Нұр Отан» пар­тия­­­­­­сының Демократиялық күштердің бір­­­лес­­кен коалициясы алаңын­да бар­лық пар­­­тияларды, қоғамдық ұйым­дар мен БАҚ-ты тарта отырып, кең кө­­­лем­­­­­ді түсінік жұмыстарын жүргізуі – тү­­сін­­діру жұмыстарына Пар­­ламенттің қос па­лата­сы­­ның депутаттары, Үкімет бел­­­сенді атсалысуы тиіс; об­­­лыс әкімдері бүкіл өңір­лер­­­­де дәл осындай түсін­ді­­­р­у жұмыстарын жүргізуі ке­­­рек» деген стратегиялық ше­­­­шім алшы түсер асыққа құй­­ған қорғасындай көкей­ге қо­­­на кетті. Прези­денттің 4 ха­­­­­­лық­т­ық тапсырмасында тай­­­­­ға бас­қан таңбадай қадап ай­т­­­қан: «Үкімет жаны­­­­­­нан адам­­­­дар­ға барлық жаңа нор­­ма­­лар­­­ды, олар­д­ы қа­л­ай пай­далану, кімдерге өті­­­­ніш жа­сау керек­тігін түсіндіру үшін бір­­тұтас колл-ор­талық – «қызу желі» құ­ру – әрбір өңірде осы­ған ұқсас кон­суль­­та­­ция­­­лық орталықтар ашу; – бір­де-бір сауал жауап­сыз қалмас үшін білік­ті жауап­ты адамдарды бекіту. Үкі­­­­мет­­ке – жер қа­ты­нас­тарын реттеу са­ла­­­­­сын­­­дағы сала­лық функцияларды Ауыл­ шару­а­шы­лы­ғы министрлігіне беру» деген са­­­л­и­­­­қ­а­­лы, аса сал­мақты сөзі алда ат­қа­­ры­­­­­лар жұмыстарды ай­қындап берген бағдаршам. Ертеден жеткен есті тәмсіл айтады: Кезінде тату-тәтті тұрған арманы көп бір жанұя байыған шақта жанжалы көп шаңы­раққа айналып шыға келіпті. Не болғанын ұға алмаған отағасы ақылы асқан абызға келіп мұңын шағыпты. Сонда ақылман әлгі отағасын терезе алдына алып келеді: – Қарашы, не көріп тұрсың? – депті. – Бұлтсыз ашық аспанды көріп тұрмын, – депті. – Енді мұнда қара, – деп айнаның алдына алып келіпті де, – енді не көріп тұрсың? – депті. – Өзімді көріп тұрмын, – депті. – Терезеге қараған өмірді, айнаға қараған өзін ғана көреді, – депті абыз. Терезенің де, айнаның да тегі – шыны. Айырмашылығы айнаның іші күміс­пен күптелген. Содан да шығар одан өзіңнен бөтен ештеңені көре алмайсың. Иә, ауылдағы кедейлер мен қаладағы бай­лардың айырмашылығы осындай. Күміс­пен күптелген, алтынмен апталған байлар өзін ғана емес, өмірді де көрсе, алтын бесік ауылға қолұшын созып қараса, өзгеге ғана емес, өзіне де пайда емес пе? «Адамның жақсысы өзгелерге пайдасы тигені», депті Мұхаммед Пайғамбар. Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ! Алтын ауыл, кім бар сені сүймеген, Өзіңсің ғой өмірді өрге сүйреген. Басшы менен байдың құны көк тиын, Ел мен Жерге шапағаты тимеген. Аяулы ауыл, жүреміз біз сағынып, Киең менен қасиетіңе табынып. Ауыл – біздің анамыздай аяулы, Жаным анам, жалау болған жанымды ұқ! Жазушымын сөзін айтқан халықтың, Шежіресін жазып келем тарихтың. Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз, Алдымыздан туар сонда жарық күн! Ауылдағы асылдармен бірге менің жүрегім, Мен жүдесем ауылды ойлап жүдедім. Аспандағы Ай мен Күндей асылдар, Мен сендерге саулық, бақыт тіледім. Жер-Анамен бірге алған тынысың, Аяулы ауыл киелісің, ұлысың! Өз ауылын – өз анасын ұмытқан Мәңгүрттерді киең ұрсың, құрысын! Адам тақсыз да, бақсыз да, баласыз да, баспанасыз да өмір сүре алады, әйтсе де, Жерсіз өмір сүре алмайды. Жеке адам ғана емес, бүтін халық, бүкіл қоғам, барлық адамзаттың жерсіз күні қараң. Алла тағаланың құдіретімен жарал­ған, ха­лық­тың махаббатынан нәр алған қасиет­ті қара Жер – тіріде төрің, өлгенде – көрің! Ойланайық, ағайын! Жер қасиетті ұран ғана емес, киелі Құран! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» ха­лық­аралық сыйлығының лауреаты АЛМАТЫ