Жауапты науқан нақтылыққа құрылса игі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылдың 6 сәуіріндегі «Жергілікті атқарушы органдар басшыларының тұрғындармен кездесу өткізу туралы» Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында жыл сайын есептік кездесулер өткізуі игі дәстүрге айналды. Мұның әкімдерді жұртшылықпен жақындата түсуге оң ықпал еткен қадам болғаны сөзсіз.
Ал жуырда еліміздің бас қаласы – Астананың үш ауданы (Есіл, Сарыарқа және Алматы) әкімдерінің есептік кездесулері болып өтті. Оларда аудандардың соңғы жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы ақпарат беріліп қана қоймай, алда шешімін күткен мәселелер хақында да толғақты әңгімелер қозғалды.
Есіл ауданының әкімі Қайрат Жаңабергеновтің тұрғындар алдында есеп беру кездесуі «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың акт залында өтті. Тұрғындардың көп жиналғаны соншалық, үлкен зал адамға лық толды. Жиынға, сонымен қатар, Сенат депутаты Қайсар Омаров, Президент Әкімшілігінің бас инспекторы Жанат Қожахметов, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, қалалық мәслихат депутаты Әбдел Қыпшақбаев және өзге де лауазымды тұлғалар қатысты.
Есептік кездесу шарасы атқарушы билік пен халық арасындағы байланысты нығайтатынын орынды атай келіп, әкім президенттік өкілеттікті ұзарту мәселесінде 5 миллион қол қойғандардың ішінде ауданның 40 мың тұрғыны бар екендігін ерекше атап өтті. Есіл ауданы 2008 жылғы 5 тамызда Президент Жарлығымен құрылған-ды. Аудан тұрғындарының саны ресми дерек бойынша бүгінде 180 мың адамға жетіпті.
Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінен былтыр 10 миллиард 253 миллион 679 мың теңге салық түскен. Сауда-саттық мекемелерінің саны 228-ге жеткен. Құрылыс саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар екен. Қолданысқа берілген тұрғын үйлердің жалпы аумағы 387,3 мың шаршы метрді құрапты. Үстіміздегі жылы тағы 15 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Өткен жылы бірқатар әлеуметтік нысандар: 360 төсектік көпсалалы стационар, ауысымына 250 әйел қабылдай алатын әйелдер консультациясы бар 150 төсектік перзентхана пайдалануға берілген. Сондай-ақ ауданда 4 балабақша іске қосылыпты. Үлескерлердің қатысуымен 2010 жылы 7 нысан салынып бітсе, биыл тағы 12-сінің құрылысын аяқтау жоспарланған.
Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Талдыкөл» су жинағышына төгілген табиғи лай суды тазартып, Есіл өзеніне қайта бұру жобасы жүзеге асырылуда. Елді мекендерді абаттандыру, санитарлық және өзге де ережелерді сақтамағаны үшін 3 795 826,5 теңгенің айыппұлы салыныпты. Тұрғындардың негізгі шағымы үлестік құрылыс, тұрғын үй кешендері құрылысының сапасы мен тариф саясатына қатысты болған.
Есептік кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша тиісті жауаптарын ала алды.
Астана қаласындағы Алматы ауданы әкімінің есеп беру кездесуіне жиналған жұрт қарасы едәуір болды. Қауым алдына шыққан аудан әкімі Сапар Ахметов өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралай келе, биылғы жылы көзделген бастамалардың барысын тізбектеп өтті.
2010 жылы аудан тұрғындары тарапынан 84 сұрақ пен ұсыныс түскен екен. Оның ішінде: қоғамдық көлік, жол құрылысы бойынша – 24, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты – 20, абаттандыру және ауданның санитарлық тазалығы бойынша – 12, құрылыс және жер мәселелері бойынша 10 сұрақ келіп түсіпті. Әлеуметтік саланы қамтыған сауалдардың бірқатары балабақша, мектеп және денсаулық сақтау мекемелеріне, қалғаны қоғамдық тәртіп проблемаларына қатысты болыпты. Сіздердің қатысуларыңыз арқасында 2010 жылы осы мәселелердің біразы өз шешімін тапты, деді С.Ахметов. Осылай дей келе, ол өз жүйесін тапқан бірқатар іс-шараларды атап өтті.
Сапар Ахметов биылғы жылы да көп міндеттер атқарылу көзделіп отырғанын, ал олардың нәтижелі жүзеге асуы тұрғындармен тығыз қарым-қатынасқа да келіп тірелетінін баса айтты.
Кездесу кезінде тұрғындар өз ұсыныс-шағымдарын айтып, өтініштерімен бөлісті. Мәселен, ауданға қарасты кейбір тұрғын үй кешендерінің талапқа сай еместігі атап көрсетіліп, «Тамыз», «Найза-Құрылыс» құрылыс компаниялары сыналды. Бұған қоса, балалардың ойын алаңқайларын қалпына келтірудегі кейбір жүйесіздіктер, бірқатар көшелерді тиісінше жарақтандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу, үйлер арасындағы жолдарды жөндеу, кейбір қалаішілік автобустардың жүру жиілігін үйлестіру секілді мәселелер көтерілді.
Тұрғындардың талап-арыздарын мұқият тындап алған әкім оларды оң шешуге күш салатынын алға тартты. Ал біз есеп беру формальді жиынға айналмаса екен деп тіледік іштей.
Сарыарқа ауданының әкімі Сәбиля Мұстафинаның есеп беру кездесуі Өндіріс тұрғын алабы аумағында орналасқан «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ-та өтті. Өзінің сөзінде әкім аудан кәсіпорындары 42 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 155,4 миллиард теңгені құрағандығына ерекше тоқталды. 3993 пәтерлі 32 тұрғын үй және коммерциялық мақсаттағы 10 нысан пайдалануға берілген. Үлестік қатысумен салынып жатқан 9 нысанның құрылысы қала әкімдігі олардан пәтер сатып алу есебінен аяқталыпты. Сонымен бірге, ауданы 19,5 мың шаршы метр болатын 68 жеке тұрғын үй пайдалануға берілсе, төрт балабақша және осыншама мектеп құрылыстары жүргізілуде екен. Үкімет және қала әкімінің қаулыларына сәйкес 8 балабақша коммуналдық меншікке қайтарылған.
Былтырғы жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 51 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Оқу орындарында 2 шағын футбол алаңы ашылса, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» АҚ тарапынан тағы 3 спорттық алаң орнатылыпты. Аудан аумағында ЖЭО-1, ЖЭО-2 энергокөздерін кеңейту және ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ 140 тозығы шыққан және апатты үйлер анықталып, апаттық топтарға бекітілген.
Кездесу соңында Сәбиля Мұстафина жиналғандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарып, алда тұрған міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Өткен жыл әкімдер үшін оңай болмағаны белгілі. Биылғы жыл Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасын өткізу құрметімен басталып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлау, ал жылдың екінші жартысынан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етумен ұласқалы отыр. Олай болса, барлық деңгейдегі әкімдерге де жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Оның үстіне жылдан жылға тұрғындар тарапынан әкімдерге деген талап та артып келеді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Астана.
Атқарылған істер бар. Бітпегені де жетерлік
Бұл күндері Алматыны құрап тұрған жеті ауданның әкімдері қала тұрғындарына есеп беріп, өткен жылды қорытындылап, жаңа басталған жылды жоспарлауда. Әкімдердің дәстүрге айналған елмен есептік кездесулерінің халыққа берері аз емес. Жергілікті басшылар жұртпен көзбе-көз жүздесіп, тұрғындардың сауалына жауап береді, тілегін тыңдайды, мұқтаждықтарынан хабардар болып отырады.
Жетістіктерге қоса, кемшіліктер де көзден таса қалмайды.
Сонымен, биыл Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов тұрғындарға берген есебінде: «2010 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 387 бабына сәйкес, көріктендіру ережесін бұзу бойынша 829 әкімшілік хаттама толтырылып, 5 миллион 357 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, оның 1 миллион 666 мың теңгесі өндірілді. 3 заңсыз құрылыс қоқыстары ошақтары жойылды», – деді.
Әкімнің айтуынша, қаланың жасыл аймақтарының үштен бір бөлігі Медеу ауданына тиесілі. Аудан бойынша гүлзарлар отырғызу жұмыстары 13 шағын бақта, 2 көшеде, 2 жолайрықта және 1 саябақта жүргізіліп, 3979 шаршы метрді қамтыған. «Алматы қаласының саябақтары мен шағын бақтарын көгалдандыру және дамыту» бағдарламасының аясында «Достық» және «Офицерлер үйінің» шағын бағында жөндеу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ал, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қолданыстағы ережелер мен тәртіптерге сәйкес жалпы аумағы 65,93 гектарды құрайтын 1 саябақ, 27 тынымбақ, 8 желек жолдарына санитарлық тазалау, көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жүргізілген.
«Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар жеткілікті деңгейде атқарылған жоқ, сондықтан 2011 жылы қолда бар мүмкіндіктерді ескере отырып, бірқатар шараларды жоспарлаудамыз. Оларды жүзеге асыру арқылы біз тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаны экологиялық ластанудан сақтайтын боламыз», – деді Медеу ауданының әкімі.
Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров «Әйгерім» шағын ауданындағы № 149 орта мектебінің мәжіліс залында өткен алғашқы кездесуінде «Әйгерім-1», «Әйгерім-2» және «Көк-Кайнар» шағын аудандары тұрғындарының арыз-шағымдарын тыңдап, жауап берді.
«Халықтың әл-ауқатын жақсарту, білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салу секілді қарқынды жұмыстарға аудан құрылғалы бері үш жылдың ішінде 33 миллиард теңге бөлінді. Басқа ауданға бөлінбеген қаржы Алатау ауданына бөлініп, басқа ауданда салынбаған мектеп ғимараттары осы ауданда салынып жатыр. Әлі де газ, жарық, көлік секілді мәселелер алдымыздан көлденеңдеп шығуда. Дегенмен, әр нәрсе өз орнымен, кезегімен болады – өмір заңдылығы солай», – деді мәслихат депутаты Нағигүл Нұрханқызы.
Жоғарыда айтылған 33 миллиард теңгенің 13 миллиардқа жуығы білім нысандарын салуға жұмсалғанын аудан әкімі өз есебінде айтып өтті. Олай болса, алдымыздағы 2011-2013 жылдарға аудан көлемінде әлі де 11 мектеп, 6 балабақша ғимараттарын көтеру жоспарда бар екендігін айтып, Алматы білім басқармасының бастығы Рахат Шимашева аудан жұртшылығын бір қуантып қойды.
Ал кейбір аудандық Денсаулық сақтау бөлімдерінің мәліметінше, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда биылғы жылы науқастардың саны артқан. Оған экология, көктем мезгіліне қарай өріс алатын аурулар және тұрғындардың салғырттығы да себеп болуда екен.
Аудандық ішкі істер басқармасы есебінен ауданда қылмыс жасау істері біршама азайғанынан құлағдар болдық.
Алматыда ең тұрғыны көп аудан – Әуезов ауданы. Аталған ауданның әкімі Бекқали Торғаев елге берген есебінде 2010 жыл мемлекетіміз үшін де, жекелеген осы аудан үшін жемісті болғанын айта келе:
– Ауданымыздағы көптеген кәсіпорындар мен өнеркәсіптердің тұрақты жұмысының нәтижесінде мемлекеттік қазынаға 32 миллиард 97 миллион 989 мың теңге салық түсімі түсті, яғни жоспар 103,8 пайызға орындалды. Бүгінгі күні Әуезов ауданында 14 ірі кәсіпорын жұмыс істейді, жалпы Алматы қаласы бойынша өнім шығарудың өндірістік үлесі – 14,7 пайыз. Шағын және орта бизнес саласында 2010 жылы тіркелген кәсіпорындар саны 11 613 бірлікті құрады. Жыл ішінде ауданымызда 46 жаңа кәсіпорын ашылды. Оның ішіндегі ең ірісі – 250 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз еткен «Метро» сауда орталығы және 500 жұмыс орнын ашқан «Прайм Плаза» сауда ойын-сауық орталығы, – деді.
Б.Торғаев жөнделген көшелерді, отырғызылған жас көшеттерді айта келе, Елбасының Жарлығына сәйкес өткен жылы ауданда 306 көп балалы ана «Алтын Алқа» медалімен, 328 көп балалы ана «Күміс Алқа» медалімен марапатталғанын көлденең тартты.
Біз мұны бекерге мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Егер Әуезов ауданы тұрғындарының саны жағынан ең көп аудан саналса, есеп беру мерзімі ішінде Алматы қаласындағы 3 перзентханада 19 728 нәресте дүниеге келген, оның ішінде 11 363 нәрестенің кіндігі осы ауданда кесіліпті.
Аудан әкімдерінің есептік кездесулерінде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың көпшілігі жаңадан салынған көшелер мен көлемі ұлғайып келе жатқан аудан бөліктерін абаттандыру, жарықпен, жылумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.
Қай кезде де қалада ПИК-тердің жұмысына наразылық айтылмай қалған емес. Сол сияқты қаңғыбас иттердің мәселесі де қайта көтерілді. Қазіргі таңда Алматының ең өзекті мәселесінің бірі – экология мен санитарлық тазалық...
Халықтың сан қырлы өмірінде ілгерілеу бар екендігін ешкім жоққа шығара алмас, алайда, Алматы аудандарының бітпеген шаруасы қай кезде де шаш етектен болып келеді.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.