• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2011

Заң қоғам үшін жазылады

925 рет
көрсетілді

Қазақстан Парламентіне – 15 жыл Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біздің елімізге көп істі басынан бастауға тура келді. Соның бірі қос палаталы кәсіби Парламент құру болатын. Міне, үстіміздегі жылы азат Қазақстан үшін айшықты дата тәуелсіздіктің 20 жылдығы десек, кәсіби Парламенттің де 15 жылдығы ел шежіресіндегі айтулы оқиға екені анық. Біздің тілшіміз осы кәсіби заң шығару органының бірінші ша­қырылымының депутаты және қазіргі күні де Парламент Мәжілісінің  депутаты болып табылатын Ирак ЕЛЕКЕЕВКЕ жолығып, аталған датаға орай әңгіме-дүкен құрған еді. – Ирак Қасымұлы, егер та­рихқа көз салатын болсақ, біз елдік шежіремізде «Қасым хан­ның қасқа жолы», «Есім хан­ның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жар­ғысы» болғанын, дала жұрт­шы­лы­ғын бітімге бастап, билік айт­қан билердің кесімді шешімдері болғанын білеміз. Осының бар­лығы  қа­зір­гі тілмен айтсақ, дала парламентаризмі мен заңдық не­гіз­дің сол баста нышаны байқал­ғанын танытады. Тәуелсіздік ал­­ған алғашқы жылдары Қа­зақ­­стан­ның Жоғарғы Кеңесі  та­ра­тыл­­ғаннан кейін Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың ел да­муы­на қажетті жүзден астам заңды өзі­нің заңдық күші бар Жар­лы­ғы­мен бекіткені де ұмы­тыла қой­ған жоқ. Ал сіз алғашқы кәсіби Пар­ламенттің де­путаты болды­ңыз. Қазақ­стан­ның кәсіби Пар­ла­мент­ке келу жолы қалай жүрді? – Дұрыс айтасыз, біздің да­ла­мызда биліктеріне ешкім дау айта алмаған «Тура биде туған жоқ, ту­ғанды биде иман жоқ» деп мы­нау менің жақыным еді, деп бұр­майтын билер институты болды. Осыдан екі-үш жыл бұрын осы да­ла билігіне қатысты Салық Зиманов ұйым­дас­тырған ғылыми кон­ференция өт­кізілді. Сонда оған Жапониядан, Үндістаннан ке­ліп қазақ тілінде баяндама жа­саған ғалымдар болды. Мен ға­жап қайран қалдым. Егер орыс, ағылшын тілдерінде қазақ билері туралы баяндама жасап жатса, оған таңқалмауға болар, ал қа­зақ­тардың өздері жөндеп сөй­ле­мейтін қазақ тілінде олар баяндама жасады ғой. Сонда  олар: «Бұл тек Қазақ елінің феномені, бас­қа ешбір жұртта мұндай жоқ, бұл керемет құбылыс», дегенді көл­денең тарт­ты. Расында, біздің өзіміздің кереметтеріміз жетеді. Тек үйлестіріп, бүгінге бейімдеп қол­дану жағында кемшілігіміз бар. Жақында «Медиация ту­ралы» заңның жобасын қа­радық. Сонда мен: «Медиация» деп ата­­ғанымыз дұрыс емес. Бұл кә­дім­гі біз­дің баяғы билер айтқан шешімдер ғой. Неге  Еуропаны негізге алып, солардың терминін қолда­на­мыз? Дала заңында осын­дай билік айту болған. Неге бұл заңды бітімгершілік пе, мә­мілегерлік пе деп пайда­лан­бай­мыз?» – дедім. Сөйт­сек, «бітімгершілік» деген кезінде «миротворчесто» сөзін қазақшалау­ға бекітіліп кеткен екен. Қазақ жерінде қағазға түсі­рі­ліп, тасқа басылған заң шығару органы 1938 жылы өмірге келген Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңе­сінен бастау алады. Жарты ға­сыр­дан астам өмір сүрген бұл инс­титут өз дәуірін аяқтап, елі­міздің қос палаталы кә­сіби Парламентіне жалғасты. Ал оған дейінгі қазақтардың пар­ламентке талпынуы патша за­ма­нында Ресейдің Мемлекеттік Ду­масына сайлануынан көрінеді. Олар­дың көпшілігінің ғұмыры­ның қан­шалықты трагедиямен аяқ­тал­ғанын көзі қарақты, көкі­регі ояу әрбір жан біледі. Алып им­пе­рия­ның құрса­уында болған, кейін то­та­литарлық жүйеге ба­ғынған біз­дің еліміз тәуел­сіздігін алғанда оның заң шығару жүйесі де өзгеруі тиіс болды. Кеңестер Одағы ыдырар ал­дын­да Қазақ КСР-і Жоғарғы Ке­ңесінің XII шақырылымының сай­лауы өт­кізілді. Бұл демо­кра­тияның алғаш­қы нышаны бай­қал­ған сайлау бола­тын. 360 ман­датқа екі мыңнан астам адам арасында баламалы түрде тартыс өтті. 90 депутат сол жолы түрлі рес­публикалық қоғамдық ұй­ым­­дар­дан сайланды. XII шақырылым еліміздегі пар­ла­ментаризмнің қалыптасуында ерек­ше рөл атқарды. Осы депутаттар Ата Заңға өзгерістер қарас­ты­рып, тұңғыш рет Президент лауа­зымын енгізді. Мұнан соң көп кешікпей Кеңес Одағы тіршілігін тоқ­татты. Айтпақшы, Қазақстанның Егемендігі туралы декларацияны қабылдаған да осы шақырылым еді. Ал мұнан кейінгі XIII шақы­ры­лы­мының ғұмыры қысқа болғаны мәлім. Ол нағыз бір қиын шақ бо­латын. Елдің алдағы даму жолы анықталған мерзім де осы уақыт еді. Елбасы осы қиын шақта заң шы­ғарудағы тізгінді қолына нық ұстап, нарықтық экономикаға негізделген, жаңа саяси жүйенің да­муы­на жол ашқан 147 заңға қол қойды. 1995 жылдың 30 тамызындағы жаңа Конституция екі палаталы Пар­ламент құруға негіз болды. Бұл еліміздің демократиялық жолмен да­муын­дағы әлемдік парламентаризм қағидаттарына сүйенген жаңа бағыт еді. Менің бақытым – осы ша­қы­ры­лым­ның депутаты болуым. – Кәсіби қос палаталы Парла­мент­тің алғашқы шақырылымын айтқанда үш-ақ қана заңгер бар едік деп еске алып жатырсыз. Арада 15 жыл өтті. Даму жолында 15 жыл дегеннің өзі көп емес. Алайда, өткен мен қазіргіні салыстыра қарап, Парламенттің өсу деңгейіне, құрамына, заңдардың са­па­сына заңгер ретінде көз жіберіп көрсеңіз. – 1995 жылы Конституцияға өз­геріс енгізбей-ақ референдум арқылы Президент өкілеттігін 5 жылға ұзарт­қанбыз. Және Өскеменде өткен жи­ын­ға қаты­сушылардың ел азамат­та­рына жолдаған үндеуінде: «Қазақ­стан­ның барлық аза­маттарын Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы (Ұлт Көшбасшысы) Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 жел­тоқ­­са­нына дейін ұзарту туралы рес­пуб­ли­калық референдум өткізу жөніндегі ұсынысты қолдауға шақырамыз» делінген. Ал біздің қабылдаған заңы­мызда ондай бір сөз жоқ. Осы жерде заңның қазақша жазылуы тағы да ал­дымыздан шығады. Елбасы дегеннің өзі «Глава государства». Ата Заңда, ендеше, «Елбасы» деген сөз көп жерде бар. Екіншіден, ерекше бір ай­тайын дегенім, бұл тек бізде ғана болып жатыр ма? Егер тарихқа қарасақ, Франция  Шарль де Голльді бір емес, екі рет референдум арқылы сайласа, АҚШ Рузвельтті 4 рет президенттікке алып келген. Ал біз осы тарих үшін қас-қағым кезеңде артта қалып қалған жоқпыз, алға дамыған елге айналдық. Және біз жас мемлекетпіз. Адам жасы ұлғайған сайын «Не істелінді?» деп кейінге көз салуға құмар. Ал жас­қа ол тән емес. Ол алға қарайды. Сондықтан Қазақстан да жас мемлекет болғандықтан өткенге емес, алға қарауы тиіс. Елдің алға дамуы үшін біз Елбасының өкілеттігін ұзартуға тиіспіз деп ойлаймын. – Егер заманауи тілмен айтсақ, біздің Президент өте креативті адам ғой. – Міне-міне, өте дұрыс айтып отыр­сыз. Ол – тоқтап тұрмайтын, көп тың идеяларды ойлап тауып, соны жүзеге асыруға жұмылдыра білетін тұлға. 1997 жылы Елбасы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму страте­гия­сын жария еткенде, шынын айтайын, маған ол өте ғажайып ертегі сияқты көрінді. «2030 қайда?» дегендер де болған. Ал өмір нені көрсетті? Оның он жылдығын аяқтап, үлкен жетістіктерге жетіп, енді, мінеки, екінші он жылдығына кірісіп отырмыз. Осы жерде Елбасы айтқан үдемелі индус­триялық-инновациялық жо­балардың маңызы өте зор. Кеңес заманынан жеткен техниканың барлығы ескірді, тозығы жетті немесе моральдық тұр­ғыда мүлдем көнерді. Кешегі Семейде орын алған жағдайды алайық. Жылу стансасы 1936 жылғы қондыр­ғымен тұр. Ендеше, жоғарыдағы даму жолы бізге өте қажет, егер осы үдеден шықсақ, біз бұрынғыдай 1-2 қадамға емес, 7-8, тіпті 10 қадамға се­кіретін боламыз! Ресейдің бұрынғы үкімет басшы­сы, марқұм Виктор Черномырдиннің кітабын оқыдым. Сонда ол үкімет ба­сына келгеннен кейін Ельцинге: «Сіз Қытайға барып келгенше, мен Қа­зақ­станға, Назарбаевқа барып келейін», дейді. «Неге?» деп сұраса, ол: «Біздің қорымызда бір тонна да астық жоқ», дейді. «Ұшып бардым, көмектесуін сұрадым, – деп жазады. – Егер біз келі­сім-шартқа отырайық деп сірессек, онда  уақыт созылар еді, ал нан­сыз отырған халық не істер еді? Сонда Қазақстан Ресейге қажетті 6 млн. тонна астық берді». Бұл дегеніміз дос­тыққа адалдық емес пе?! Осын­дай жәйттерді неге көрсетпейміз, неге айтпаймыз? Жуырда Елбасы Ішкі істер министрлігіне барды, онда  қайтадан полиция туралы заң қабылдану керек деді. Бұл да біліктілік. Қашанда Елбасы қай саланы да терең білетіндігін көрсетеді. Жалпы, құқық қор­ғау саласында назар аударар мә­селелер баршылық. – Сіз кәсіби заңгерсіз. Жо­ға­рыда құ­қық саласында мәселелер жеткілікті деп айтып қалдыңыз. Осы са­ла­да басты назарда бола­тын нәрсе не? – Ең алдымен, айтарым – бізде қылмыс бойынша түскен шағым­дар­ды тіркеуге алуда ықыластың жоқтығы. Себебі, қылмыс көбейді ме, азайды ма, сол жайындағы көр­сеткіш тексеріледі. Содан барып, олар осы көрсеткіштерді дұрыс ұстаймыз деп әлгіндей қадамдарға барады. Елбасы ІІМ-де болғанда осы мәселені көрсетіп айтты. Келесі бір өте маңызды мәселе – сот жайы. Сот ешкімге бағынышты болмауы тиіс. Ал қазір қалай? Ау­дандық сотты алып тастауды облыс­тық соттың төрағасы шешеді, облыстық соттың тағдырын Жоғар­ғы Сот шешеді. Олай болмауы керек. Сот па, олар­дың қарым-қаты­насы бірдей болып, арала­рын­да тек процессуалды ғана қатынастар жү­руі тиіс. Неге бізде қазір басқа мемлекеттерге қарағанда азамат­тарды бас бостандығынан айыру көп? Бізде әлеуметтік мәселелер басқа елдерге қарағанда соншама асқынып тұр ма, әлдебір басқа қақтығыстар бар ма? Жоқ, олай емес. Неге, ендеше, бас бостандығын айыру өте көп? Бүгінгі таңда Елбасы ізгілендіру жайында тапсырма бергеннен кейін азаматтарды бас бостандығынан айыру 50 пайыздан 40 пайызға түсіпті. Неге осыны Елбасы айтуы керек? Соттар неге өзі шешпейді? Өйткені, «Мына адамға жазаны же­ңіл­детсем, ертең Жоғарғы Сот оны бұзуы мүмкін, сосын судьялы­ғым­нан айрылып қаламын» деген кү­дікті ойдан шыға алмайды. Ең үлкен мәселе – сот тәуел­сіз­дігі. Кез келген азамат егер басына бір күн туса, оның әділ шешілетініне күмәні болмауы керек. Ешқандай қоңырау соқтыру, немесе пара беру жолымен шешпей, заң аясында әділ бола­тынына сенімі бекем болуы тиіс. Тағы бір назар аударатын мәселе – кейбір жоғары лауазым иелері сот­талып жатқаны. Қазынада қара­жат молайған сайын, бюджет қор­жы­ны толған сайын ұрлаушылар көбейеді. Кейбір министрліктің жа­уап­ты адам­дары сотталды. Осындай жәйттерді болдырмау үшін біз бола­шақта мемлекеттік қаражатты мемлекеттік орган­ның өзіне бермеуді қарас­тыруымыз керек. Арнайы орган құрылып, оның бастығын Мемлекет басшысы таға­йын­дауы тиіс. Оның тікелей еш министрге бағын­бағаны керек. – Өмірде қоғамды тұтастай қам­тып, ойлантуға жетелейтін мәселелер баршылық. Оны шешуде мемлекет, заң шығарушы және атқарушы билік,  азаматтар, жалпы қоғам бірігуі тиіс. Себебі, ол – барша жұртты ойландыра­тын мәселе. Мысалы, қазіргі жас­өспірімдер арасындағы суицид. Осындай мәселелерде біріге қи­мыл жасау, тізе қосу табылмай жататындай. Сіз қалай ойлайсыз? – Маған да солай көрінеді. Сіз айтып отырған суицид өте қауіпті. Бұл шынында бірігіп қимылдайтын, кешенді қарастыратын мәселе. Оны мек­тептің директорына жүктеу, болмаса әкімдіктер жанындағы қам­қор­шылар мен жанашырлар орган­да­рына жүктеу, осыған арнап учаскелік полицияларды енгізу нәтиже бер­меуі мүмкін. Тәрбие кешенді жүргізілуі тиіс. ЕҚЫҰ Саммиті өтердің алдында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бір топ азаматты жи­нады, сонда: «Саммитті өткізерміз-ау, ал мына балалардың өзіне қол са­луына не істейміз, қандай ақыл қосасыздар?» – деп сұрады. Қара­ңыз­шы, былтырғы жылы қаламызда 13 бала өмірімен қош айтысқан. Осының шығу себептері қандай? Мүмкін полиция үшін оны суицид деп бағалау тиімді болар, мүмкін оның басқа да біз білмейтін себептері бар шығар. Бәлкім, біз нарық жолына түс­кеннен кейін көбіне дүние қуып, қалтаның қамын ойлап, жасөспі­рім­дерге дұрыс тәрбие бермей жатқан шығармыз? Қазір баланың да есіл-дерті ақшаға ауып кеткен сияқты. Жалпы, осы мәселеде барлығымыз ойлануға тиіспіз. – Ирак Қасымұлы, ашыла сөй­леп, ашық ой айтқаныңызға көп рахмет. Енді Парламенттің 15 жылдығы қарсаңында әріптес­те­ріңізге деген тілегіңіз болса, «Егемен Қазақстан» арқылы құттық­таудың сәті түсіп тұр. – Біз үшін, барша қазақ­стан­дық­тар үшін ең маңыздысы – халықтың ауызбірлігі, татулығы және елімізді дамытуға үлесін қосуы. Пар­ла­мент депутаттарын алда үлкен міндеттер күтіп тұр. Сол міндеттер үде­сінен көрінейік. Отанымыз өр­кен­дей берсін! Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.